Анонс


Орталық музей: Балалар шығармашылығына арналған көрме өтеді

Бейсенбі, 30 Наурыз 2017 04:14
Орталық музей: Балалар шығармашылығына арналған көрме өтеді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясымен бірлесіп, ЮНЕСКО клубтары қозғалысының құрылуының 70 жылдығын және Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының 25 жылдығын мерекелеу аясында «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» атты халықаралық  балалар шығармашылығы фестивалі жеңімпаздары жұмыстарының көрмесін өткізеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Аталмыш жобаны 1990 жылдан бастап «Mitsubishi» корпорациясының қоғамдық жұртшылықпен байланыс жөніндегі комитетінің  қолдауымен Жапония Ұлттық ЮНЕСКО Ассоциацияларының Федерациясы  және Азия-Тынық мұхиты аймағы ЮНЕСКО Клубтары және Ассоцияларының Федерациясы бірлесіп өткізіп келеді. Бұл бағдарлама балалар шығармашылығы арқылы мәдениеттер арасындағы келісімді орнату және қорғау мақсатында білім және мәдениет саласындағы ЮНЕСКО бағдарламаларын дамытуды көздейді.

Қазақстан Республикасы 2008 жылдан бастап «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa» жобасына қатысушы мемлекет болып табылады. Байқауды Қазақстанда Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясы және Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кластерлік Бюросы қолдауымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы өткізеді.

Фестиваль өткен жылдарда Азия-Тынық мұхиты аймағының  24 елінен қатысқан 700 000 жуық бала өз өмірлерінің  ең бақытты  5 күні туралы  қызықты эсселерін байқауға  ұсынды.

Мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту мақсатында қонақтарды және «оңтүстік астана» тұрғындарын Азия елдерінің мәдениеті және өмірімен таныстыру мақсатымен «Mitsubishi Asian Children’s Enikki Festa 2017-2018» жобасының жаңа циклін бастау қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде өтетін көрмеде Бангладеш, Бутан, Бруней-Даруссалам, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Камбоджа, Қытай, Корея, Лаос, Малайзия, Мальдивы, Монғолия, Мьянма, Непал, Пәкістан, Сингапур, Қытайлық Тайбей, Тайланд, Тимор-Лесте, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония елдерінен келген 2015-2016 жылғы жоба жеңімпаздарының картиналары ұсынылады.  Әрине, финалға шыққан байқауға қатысушы 8 қазақстандық финалистердің жұмыстары да   көрермендерді қуантатын болады.   

Балалар жұмысының көрмесі 2017 жылғы 31 наурыз күні сағат 11.00-де ашылып, 2017 жылдың 14 сәуіріне дейін жалғасады.

3081 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper