Анонс


Жезқазған музейі ерекше жобаны қолға алды Таңдаулы

Дүйсенбі, 20 Наурыз 2017 03:44
Жезқазған музейі ерекше жобаны қолға алды KAZMUSEUM.KZ -  

Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде «Тұсаукесер» атты музейлік жоба өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Бұл жобаның мақсаты – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің өміріндегі маңызды сәттерін мерекеге айналдыру. Бүлдіршіндерді елін, жерін сүйіп өсуге тәрбиелеу. Жобада тұсауы кесілген бүлдіршіндер – Жезқазған қаласының «Балалар үйінде» тәрбиеленіп жатқан кішкентай бөбектер.

Қазақ жыл санауында Наурыз айына жеткен әрбір жан өзінің жасына жас қосатын. Бірі мүшелге кірсе, бірі мүшелден аман-есен шыққанына шүкір ететін. Өткен Наурыздан кейін дүниеге келген сәбилер бұл Наурызда тәй-тәйлап алғашқы қадамын басады. Сәбидің әр сәтін ағайынға той ететін бұл сәтті де халқымыз мүлт жібермеген. Бұл қазақтың дәстүрінде «Тұсаукесер тойы» деп аталады. Бала тәрбиесіне ерекше мән беретін халқымыз үшін бұл жобаның маңызы мен мәні зор. Игі істердің ұйықтысы болып, жобаға басшылық еткен Жезқазған тарихи-археологиялық музейі ұжымының бұл шарасы әрбір мереке сайын жалғасын табатын болады.

Іс-шараның алғашқы сөз кезегі Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы – Раушан Қапароваға берілді. Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншісі – Лаура Отызбаева «Қазағымның дәстүрлері-ай» әнін орындап, жиналған қонақтардың ыстық ықыласына бөленді.

Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы – Мереке Мырзабекова  «Балалар үйінің» тәрбиеленушісі – Әлиханның тұсауын кесті. Ақын және прозашы, Қазақстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Мәдениет қайраткері Зинаида  Чумакова «Балалар үйінің» тәрбиеленушісі – Милананың тұсауын кесті. Рәсім барысында дәстүрлі «Шашу» шашылды. Бұл бүлдіршіндер осы тойдың көркі, ертеңгі қамшыұстар, өріс кеңейтер азаматтар. Болашақта бұл сәбилер өз қадамдарының музейден басталғанын ерекше мақтанышпен айтып жүретін болады.

Келесі сөз кезегі «Балалар үйінің» қазақ тілі оқытушысы Анар Қажмағанбетоваға берілді. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Республикалық «Жігер» фестивалінің, Республикалық Ә.Қашаубаев атындағы байқаудың жүлдегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның әншісі – Ғалым Мұхамедин қуанышқа ортақтасып келген ағайын мен тәй-тәй басқан сәбилерге бата берді. Филармония әншісі – Асхат Сағындықов «Жүрегім қазақ» әнін тамылжыта шырқады. Іс-шара соңында жиналғандар естелікке суретке түсті.

 

Осыған ұқсас мына мақаланы оқуға болады: 

ҚР Ұлттық музейінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сәбилердің тұсауын кесу рәсімі өтті (ФОТО)

2997 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper