Анонс


Музей сайтының тұсаукесер рәсімі өтеді

Жұма, 10 Қазан 2014 23:09
Музей сайтының тұсаукесер рәсімі өтеді KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі және БАҚ: Өзара ықпалдастық жолдары» атты «дөңгелек үстел» өтеді. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Музей мен БАҚ арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін қарастыру; музейдегі мәдени құндылықтарды насихаттаудың жолдары мен тәсілдерін іздеу; Қазақстанның Мәңгілік Ел ұлттық идеясын жүзеге асырудағы музейдің рөлін айқындау іс-шараның мақсаты болып табылады.

«Дөңгелек үстел» жұмысының барысында тілшілер музей көрмелерімен және оның тұрақты залдарымен танысады, музейдің ресми сайтының және 3-D турының тұсаукесері болады.

«Дөңгелек үстел» жұмысына ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысады.

Айта өтейік, музей қызметкерлерінің айтуынша, жалпы ауданы 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Атап айтқанда, 14 мың шаршы метр аумақта экспозициялар алаңы орналасқан.

Ұлттық музейдің құрамында Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар.

«Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік қолданылады», - делінген таратылған мәліметтерде.

4662 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper