«Қазақмыс» - Ұлы Даладағы ежелгі металлургияның мұрагері

Дүйсенбі, 03 Қыркүйек 2018 00:00
«Қазақмыс» - Ұлы Даладағы ежелгі металлургияның мұрагері KAZMUSEUM.KZ -  

Сарыарқаның сауыры, Ұлытаудың баурайы тұнып жатқан қазына байлығымен адамзат баласына ерте дәуірден мәшһүр болған. Зерттеуші ғалымдардың еңбегіне зер салсақ, адамдар қола дәуірінің өзінде осы өңірден миллион тоннадай мыс кенін өндірген көрінеді. Ал, өңірдегі алғашқы өндірістік мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі  Н. Ушаков ашқан. Олай болса, үстіміздегі жылы Жезқазған кен орындарының игерілгеніне 170 жыл толады. Сонымен қатар, мыс алыбы — «Қазақмыстың» құрылғанына 20 жылдан асты. «Жезқазғантүстімет» АҚ акционерлік жалпы жиналысының шешіміне сәйкес 1997 жылдың 11 тамызында ежелгі комбинат «Қазақмыс» корпорациясы» АҚ болып мемлекеттік қайта тіркеуден өтті. Жаңа атаудың да өз сыры бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан желкен керген корпорацияны «Қазақмыс» деп атау туралы ұсыныс білдіріпті.

Алып компанияның өркен жайып, дамудың даңғыл жолына түсуі де Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен өзектес екенін айтпасқа болмайды. Қалың көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ, Тәуелсіздік туын тіккен тұста  нарықтық экономиканың қиындықтары құрсауға ала бастаған болатын. Жоспарлы экономика тұсындағы қалыптасқан ежелгі байланыстар үзіліп қалған кезеңде қараңғыда қарманғандай күй кешкеніміз ақиқат. Тоқсаныншы жылдардың алдында еліміздегі бірнеше ірі кен-металлургия комбинаттарының өнімдерін қосқанда 400 мың тонна мыс өндіріліп келсе, 1995 жылға қарай осы көрсеткіш екі есеге дейін кеміді. Жұмысшылардың айлап жалақы алмауы орын ала бастады. Жезқазған, Балқаш сияқты қалалардың тіршілік тұтқасын ұстап отырған комбинаттың тығырыққа тірелуі кенді аймақ тұрғындарын алаң күйге түсірген еді. Осындай күрделі кезеңде Елбасы Н. Назарбаев отандық өндірістерді тұралатып алмау үшін шетелдік инвесторларды шақыру туралы шешім жасады. Үкіметтің шешімімен 1995 жылдың маусым айында «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлес­тігі бес жылға Оңтүстік Кореяның «Самсунг» компаниясының басқаруына берілді.

Сенімді басқаруға алған инвестор 200 млн. доллардан аса қаржы салып, аз уақыттың ішінде мыс өндірісін экономикалық дағдарыстан алып шықты. Жаңа басқарушылар бірден жерасты кеніштерін, мыс қорыту зауытын техникалық қайта жарақтандыруға мән берді. Кен өндіру мен өңдеудің озық технологияларын енгізді. Еңбекті ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіріп, шаруашылық жүргізудің экономикалық негіздерін іске қоса білді. Өндірісті басқарудың дамыған елдерге тән менеджменті игерілді. Акционерлік қоғам 1997 жылы «Қазақмыс корпорациясы» атауына ие болды. Балқаш комбинатын да өз қанатының астына алды. Бес жылдан соң өндірісті басқару тізгінін толықтай өз қолына алып, отандық корпорацияға айналған «Қазақмыс» 2000 жылы өндіріс көлемін 1995 жылмен салыстырғанда үш есеге ұлғайтты. Жылына 418 мың тоннаға дейін шақпақ мыс шығарыла бастады. Әлемдік нарықта танылып, Лондон қор биржасында акцияларын орналастырған алғашқы қазақстандық компания да «Қазақмыс» болатын. Кейінгі дағдарыс дауылдарында да қазақстандық компания әлемдік менеджменттің «майын ішкендермен» терезесін тең ұстай білуде.

Тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде Қазақстандағы алдына жан салмайтын ең ірі мыс өндіруші болып табылса, әлемнің осы саладағы көшбасшы он компаниясының бірі. Алып компаниядан енші алып, жеке құрылымға айналған КАZ Minerals  іске қосылған Бозшакөл, Ақтоғай сынды кен өндірісіндегі жаңа жобаларды да қарамағына алды. Ал, «Қазақмыс» негізінен Қарағанды облысындағы мыс өндірісі құры­лым­дарына басшылық жасауда. Оның қарамағында 10 кеніш, 5 кен-байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты және 2 көмір разрезі бар. Өткен жылдың қорытындысында корпорация өздері өндірген кеннен 220,8 мың тонна катод мысын, 3323 кило құйма алтын алды. «Қазақмыс» сонымен қатар, әлемдегі ірі күміс өндіруші болып табылады. Өткен жылы 314,1 тонна тазартылған күміс өндірілді. Сондай-ақ, кәсіпорындары мен аймақтарды электр қуатымен қамтамасыз ете­тін ішкі электр станциялары бар. Өзіндік теміржол инфрақұрылымдарымен де қамтылған. Корпорацияда бұл күндері 45 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Қаладағы ірі кәсіпорын ретінде «Қазақ­мыс» Жезқазған мен Сәтбаев, Балқаш өңірі тұрғындарының алаң­сыз өмір сүруі үшін ауқымды жобалармен айналысуда. Үкіметтің Жезқазған-Ұлытау өңірлерін әлеуметтік-эко­номикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді жоспарында 88 шара белгіленіп, оны атқарып шығу үшін 351,5 млрд.­теңге қарастырылса, осы қаржының 160 млрд.теңгесі «Қазақмыстың» есебінен болып отыр. Компания өңірдегі өндірістің ғұмырын 40 жылға ұзарту үшін айтарлықтай инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үстінде.

Кейінгі жылдар ішінде геологиялық барлау жұмыстарын кең көлемде жүргізу арқылы тау-кен өндірісінің қуаты еселене түсті. Мәселен, Жезқазған өндірістік аймағында Итауыз, Сарыоба, Жаман Айбат кен орындары игерілсе, Қарағанды өңірінде Нұрқазған, Абыз, Құсмұрын, Ақбастау, Балқаш алаңында Шатыркөл кеніштері іске қосылды. Қарағайлы, Белоусов, Берёзовский байыту фабрикалары қатарға қосылып, өнім өңдеу үстінде. Сонымен қатар, көлік-энергетикалық инфрақұрылымдары қанат жая түсті. Кен тасымалдау мақсатында 200 шақырым теміржол төселіп, 1000 шақырымдық электр қуатының желілері тартылды.

Корпорация 2022 жылы Батыс Сарыобадан да кен өндіруге кіріспекші.  Компания әлемдік дағдарыс жағдайында да өндіріс көлемін кемітпей, сақтап қалды. Қазірде Жезқазған аймағы құрамы 1,41% құрайтын 400 млн. тоннаға жуық кен өндіріп отырса, Қарағанды аймағы орташа 0,79% құраммен 252 млн. тонна, Балқаш 0,99% мыс құрамымен 208 млн. тонна көлемінде кен өндіруде.

 Бүгінде «Қазақмыс» инвестициялық жобаларын одан әрі сәтімен жалғастыруда. Жезқазғанда 2018 жылы гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы аяқталады. Онда құрамы кедей кен жаңа технология негізінде  өңделеді. Тәжірибелік учаскедегі сынақ жұмыстары қазірдің өзінде аяқталуға жақын. Осы жуық арада гидрометаллургиялық әдіспен алғашқы катод мысы алынады деп күтілуде.

Жезқазған мысының шоғын үрлеп, от-жалынын лаулату арқылы шаңырағын тіктеген «Қазақмыс» қанатын осылайша кеңінен жайып келеді. Мысы балқыған, атағы шалқыған қаламыздың өркен жайып, даму жолы да осы түсті металлургия өндірісімен өзектес. Қазақтың мысы елдің ырысына әрдайым айнала берсін!

 

Дереккөзі: Жезқазған қаласы әкімдігінің ресми сайты

31 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper