Құнды дерек қолжетімді болуы керек

Бейсенбі, 20 Желтоқсан 2018 00:59
Құнды дерек қолжетімді болуы керек KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив - 2025»  жеті жылдық бағдарламасын  жасауды ұсынған болатын. «Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылды. Бірақ, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр. Сондықтан, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив - 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет деп санаймын», - деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында.  

Елбасының «Архив - 2025»  жеті жылдық бағдарламасы тарих ғылымына жүктеген мақсатты міндеттерінің бірі болып табылады. Еліміздің және алыс-жақын шетелдердің архивтері мен кітапхана қорларында, тарихымыздың белгісіз беттерін ашатын мың сан деректер мен нақты айғақ құжаттар сақтаулы екендігі баршамызға мәлім. Шетел архивтеріндегі тарихи құжаттардың барлығын  жинақтап, елімізге әкелу өте маңызды істердің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы »  заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағат қоры Қазақстан халқының тәрихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі деп көрсетілген. Архив қорында сақталған құжаттар –  тарихтың қайнар бұлағы, сол себепті де тарихи сананы жаңғыртуда бұл құжаттардың алатын орны зор. Тарих негізінен деректілік пен нақтылықты, шындық пен әділдікті ғана мойындайды. Ал мұндай нақтылық пен деректіліктің қайнар көзі – ол мұрағат қорларында. Архив құжаттарынан еліміздің өткен тарихымен қатар, салт-дәстүр мен мәдениеті туралы да мәлімет аламыз. Қазақстан Республикасы  Президенті  Н.Ә. Назарбаевтың  2004 жылы 13 қаңтарда  «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бекітілгені баршамызға мәлім. Осы бағдарлама аясында  ТМД елдері мен шетелдік архивтеріндегі  еліміздің тарихына қатысты бірқатар құнды құжаттар мен қолжазбалар іздестіріліп, олардың  көшірмелері жинақталды. Ресей, Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Германия т.б. мемлекеттердің архивтерінен мыңдаған құжаттар мен деректердің көшірмелері алынып, еліміздің архивтің базасы кеңейе түсті.

«Тарихшылар, деректанушылар  және мәдениеттанушылардың шетел архивтерінен әкелген құжаттары мен құнды мәліметтері архив сөрелерінде жатып қалмай, зерттеушілер мен халыққа қолжетімді болу үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіруде маңызды істердің бірі болмақ. «Мәдени мұра»  бағдарламасы аясында мәдениетіміз бен төл тарихымыз құндылығы жоғары құжаттармен толықтырылса, «Архив - 2025» бағдарламасы осы  архив қорындағы құнды мұрамызды заман талабына сай цифрлық бағытта жаңғыртуға мол мүмкіндік береді.

Елбасымыздың  «Архив - 2025»  жеті жылдық бағдарламасы 1995 жылғы «Тарихи сананы қалыптастыру концепсиясы», 2004 жылғы «Мәдени мұра», 2013 жылғы «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының жалғасы іспеттес. 

 

Ақбота ДЖАКИПОВА,

«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі» РМҚК,

Қазақстан тарихы секторының кіші ғылыми қызметкері

541 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper