Профессор Жәкен Таймағамбетов 65 жасқа толды

Жұма, 14 Желтоқсан 2018 09:12
Профессор Жәкен Таймағамбетов 65 жасқа толды KAZMUSEUM.KZ -  

Белгілі ғалым, археолог, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Жәкен Қожахметұлы 65 жасқа толды. Осыған орай, ҚР Ұлттық музейінің ұжымы kazmuseum.kz сайты арқылы құттықтау жолдады.

Құрметті Жәкен Қожахметұлы!

Сiздi 65 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіз, болмысыңызға тән берік ұстаным, іскерлік сынды асыл қасиеттеріңіздің арқасында талай биік белестерден өтіп өзінің өмірлік жолын Қазақстанның ғылым жолының өркендеп дамуына арнаған зиялы азаматсыз.

Оның айғағы көптеген жылдар бойы ҚР ҰҒА Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих, археология және этнология факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған кәсіби іскер азаматтығыңыз.

Сіз тәрбиелеген шәкірттеріңіз еліміздің барлық саласында сапалы қызмет атқарып жүр. Тарих, археология мамандықтары бойынша 2 философия докторы (PhD), 9 ғылым кандидаты, ондаған магистранттар ғылыми жұмыстарын сіздің жетекшілігіңізбен қорғады. Жемісті жүргізген ғылыми ағартушылық, ғылыми-ұйымдастырушылық қызметтеріңіз үшін берілген мемлекеттік наградалар, сыйлықтар мен құрмет белгілері Сіздің ерен еңбегіңіздің бір айғағы.

Бүгінгі таңда өзіңізді халқымыз Еліміздегі ғылым және білім сатыларының әрбір деңгейін терең түсінетін ісіне адал ғалым, парасатты басшы деп біледі.

Сіз, білім-ғылым жолындағы ізденісіңіздің нәтижесінде 49 монография, оқулықтар, оқу құралдары және алыс - жақын шетелдерде әлемнің 10 тілінде жарық көрген 420-дан астам ғылыми басылымдар, сол сияқты 100-ден астам ғылыми-көпшілік еңбектеріңізді жарыққа шығардыңыз. Бұл еңбек жолындағы жетістіктеріңіз елімізде өте жоғары бағаланып келеді.

Сіздің елге деген сүйіспеншілігіңіз бен еңбегіңізді Еліңіз ардақтаса,  мемлекет аралық қарым қатынастағы  дүниежүзілік археология ғылымына қосып келе жатқан  үлесіңізді шет елдік ғалымдар жоғары бағалап келеді.

Құрметті Жәкен Қожахметұлы, бүгінгі қуанышты күні өзiңiзге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық, бірлік пен береке, Отанымыздың жарқын болашағы мен игілігі жолындағы абыройлы істеріңізге шығармашылық табыстар  тілейміз!

 

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Ұлттық музейі ұжымы

687 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper