Сан ғасырлық мұраны цифрландыруға жаңа мүмкіндік пайда болды – М.Амирова

Бейсенбі, 22 Қараша 2018 12:17
Сан ғасырлық мұраны цифрландыруға жаңа мүмкіндік пайда болды – М.Амирова KAZMUSEUM.KZ -  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бабаларымыздың сан ғасырлық асыл мұрасын қазіргі сұранысқа сай цифрлық бағытта жаңғыртуға зор мүмкіндік береді.

«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар екендігін Президент өз мақаласында атап көрсетті.

Ол үшін озық технология үлгілерін пайдалана отырып, қару-жарақтармен, аң стиліндегі бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтары мен сауыт-саймандарды дайындау үлгісін көрсететін заттармен бірге Қазақстан территориясынан табылған құнды олжалар арқылы музей экспозициясын жабдықтау үшін қойылатын болады. Тарихи және мәдени құндылықтарымыз арқылы келер ұрпақ санасына төл тарихымызды сіңіру үшін барлық өңірлерде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдер өткізуге болады.  Сондай-ақ қызығушылық білдіріп, қолдау көрсететін адамдармен жұмыс жасай отырып, ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – көшелері мен үйлерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін шетелдік қонақтарға туристік жоба ретінде ұсынуға болатындығын Елбасы өз мақаласында атап өтті.

Бұл бір жағынан тарихымызға қайта оралу, екінші жағынан тарихымызды кеңінен насихаттай отырып, бюджеттік жобаны да іске асыруға болатындығын көрсетеді. Музейлер заттық, мәдени және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыдан зерделеп, насихаттау мен тәлім-тәрбие беруде ерекше маңызға ие. Сонымен қатар ғылыми мекеме ретінде ұрпақтың тәрбиесі мен тарихи сананың қалыптасуына зор ықпал ететіндігін айта кеткіміз келеді. «Ұлы дала» музейін ашудағы басты мақсат - жоғарыда аталған көшпелілер өркениетін сақтап қалу жолында аң стиліндегі жасалған ою-өрнек элементтерін жаңғыртып, ұрпаққа сол күйінде сақтап жеткізу.

 

 

Меруерт АМИРОВА,

ҚР Ұлттық музейінің әдістеме және музейтану секторының жетекшісі

 

516 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper