Ақтөбе облыстық музейі жанынан құрылған «Шолпы» қыздар клубы 5 жылдығын атап өтті

Сенбі, 03 Наурыз 2018 03:03
Ақтөбе облыстық музейі жанынан құрылған «Шолпы» қыздар клубы 5 жылдығын атап өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған  «Шолпы» қыздар клубы  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5 жылдық жұмысын қорытындылауға арналған «ҚЫЗ ТӘРБИЕСІ – ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» тақырыбындағы тарихи-танымдық шарасын өткізді.     

Қазақ халқы «қыз – қонақ» деп есептеген, оларды құрметтеген, сонымен қатар бала күнінен бастап, ұстамдылыққа, қарапайымдылыққа және тәрбиелікке баулыған.

Шараның мақсаты: Қыз балаларға олардың болашақ ана, отбасының ұйытқысы, бақыты және халқымыздың болашағы, тәрбиесі оларға байланысты екендігін айтып түсіндіру.  5 жыл ішінде атқарылған жұмыс есебін беру.

Шолпы клубы өз жұмысын  2012 жылдан бастаған болатын. Содан бері қаланың барлық жоғары, орта арнаулы оқу орындарымен, мектептермен,  мекемелермен тығыз байланыста болып, жұмысты жоспарлы түрде жүргізіп келеді.

«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты «Шолпы» клубының 5 жылдық жұмысын қорытындылауға арналған шарасын  клуб жетекшісі өзінің кіріспе сөзімен ашты. Ол  Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан  мемлекеттің жаңа саяси  бағыты» атты Жолдауында «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар - болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары»  деген сөзі клуб жұмысы алдына үлкен міндет қойғандығын айта келе, Президентіміздің биылғы жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы  жұмысқа үлкен бағыт бергендігін айтты.

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Қызымызды тәрбиелей отырып ұлтымызды тәрбиелейміз дей келе бүгінгі күні қыз бала тәрбиесі өзекті мәселеге айналып отырғандығына тоқталды. Әсіресе қыз балалардың тәртібі, мектеп жасындағы қыз балалардың ерте жүктілігі, отбасындағы ажырасу мәселесі де көпшілікті алаңдатуда. Сондықтан барынша қыз тәрбиесіне атсалысу, өз үлесімізді қосу міндетіміз деді.

Кіріспе сөзден соң Ақтөбе облыстық драма театрының әртістері «Шолпы деген не?» көрінісін қойды (көрініс жобасын жазған А.Сарыбай).

(Әжесі мен қыз немересі. Әжесі сандығын ашып, білезік, сырғаларды шығарып қарап отырады.Осы кезде немересі қасына келеді де)

Немересі: Әже  мынау не?   Қандай әдемі!  

Әжесі: Бұл шолпы. Қыздардың бұрымына тағатын әшекейі, қызым.  Бұл анамның көзі ғой. Маған сыйлап еді.  Осы шолпыны немеремнің үлкені сен өскенде саған берем деп сақтап жүр едім.

Немересі: Әже, мұны қалай тағады шашқа?   

Әжесі:   Оны баулары арқылы бұрымға қосып өреді. Міне қарашы (шолпыны сыңғырлатып көрсетеді). Қарашы, сыңғырлаған үні де әдемі емес пе? Кел, қызым, шашыңа тағып берейін. (шашына тағып отырып) Шолпыны тек қана қыз балалар мен бойжеткендер тағады. Бұрынғы кезде шашқа шолпыны таққанда оның сыңғыры қыздарды бәле жәледен, тіл көзден қорғайды, шаш арасындағы жын-шәйтандарды қуады деген ата-бабаларымыз. Шолпының көптеген қасиеттері бар. Жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстауды қалыптастырған. 

Немересі: Салмақты екен.

Әжесі: Ия салмағы ауыр. Қыз бала еңсесін тіктеп жүруі үшін де пайдасы көп. Шолпы салмақты келеді. Ауыр шолпы таққан адамның басы мүлде ауырмайды.    Шолпы таққан қыздың шашы қозғалған сайын ұзара береді. Шаштың түбіне де пайдасы көп. Бастың қан айналымын жақсартады. Бұл шолпы қыздың мінез-құлқын түзейді. Шолпысын сылдырлатып жұрт назарын өзіне аудартқысы келмеген қыз тарс-тұрс етпей ақырын жүріп тұрады. Шолпы таққан қыз ойлы, зерделі болып, жақсы қасиеттерді бойына жинап өседі. 

Немересі: Сыйыңызға көп рахмет! Маған қатты ұнады, әже. Шолпының не екенін, қасиетін де ұқтым.   

Әжесі: Менің көзімдей көріп тағып жүр.  

 

Шолпының қасиетін ұмытпаңдар, айналайын ұрпақтарым!

  Қыз бала тәрбиесі бүгінде өзекті мәселе болғандықтан «Шолпы» клубы рухани-адамгершілік, денсаулық, еңбек, отбасы, мәдениет, этикалық тәрбие, ұлттық тәрбие бағыттарында жұмыстар  жүргізуде.  

 Клуб «Қыз бала әдебі», «Қызға қырық үйден тиым», «Анамменен мақтанам, қызымменен шаттанам», «Қызым, саған айтам...», «Қыз тәрбиесі - анадан», «Отбасындағы қыз бала тәрбиесі», «Әже өнегесі», «Анасына қарап қызын ал», «Қазақ әйелінің қоғамдағы ролі», «Қыздарымыздың қылығы неге алаңдатады?», «Сен жақсы қызсың ба?», «Қыз бала әдебі», «Темекінің адам ағзасына зияны», «Қызға 40 үйден тиым», «Дұрыс тамақтана білеміз бе?», «Датархан басындағы дәстүрлер», «Қазақтың қыз-келіншектерінің әшекей бұйымдары», «Білектей арқасында өрген бұрым...», «Ақтөбе өңірінен шыққан батыр қыздар», «Қазақ отбасындағы тәрбие: ұяда не көрсең...»  т.б. тақырыптарда кездесулер, кештер пікір алысулар ұйымдастырылып өткізді.

РФ, ҚР педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор А.А.Тасимовамен, «Құрмет» орденінің иегері, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының  әртісі  Шалқия Бақытжанова,  республикалық «Қанатты әйел» байқауына қатысушы, белгілі шебер, ісмер, «Күміс алқа» иегері көп балалы ана Алтынгүл Сұлтангереева, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті заң ғылымдарының кандидатыАсыл Смағұлова, облыстық дін істері басқармасы маманы Нұрсұлтан Жаншин, СПИД орталығы қызметкері - Матаева Меруерт Қанатқызы, Наркодиспансер қызметкері – Бекетова Сәуле Мұхтарқызы, Акушер – гинеколог – Фарида Идаят, Есіркепова Алтын Серікқызы, №1 қалалық емхананың темекі шегуге қарсы күрес кабинеті дәрігері Құндыз Ізімбергенқызы  Исмаилова, салауатты өмір салты орталығының психологы Баян Тұрсынова, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, балалар дәрігері  Несібелі Қарымсақова, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының бас маманы Г.Т.Куспанова, «Ана тілі – анамның ақ тілегі» кешінде  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе  қалалық ұйымының төрағасы - Әбдіраш Есмахан, жыршы, қобызшы -Жетес Жәкім сал, алматылық сазгер, әнші - Қадырғали Көбентаймен кездесулер өтті.   

Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ӘҒА академигі Тайжанов Алтай Тайжанұлымен болған «Қазіргі қазақ қызы менталитетімізге сай келе ме?», «Қазақ қызы өз міндетін біле ме?», «Тәуелсіздік мұраттары» тақырыптарындағы кездесулер жастарға үлкен ой салды. 

Әйел ежелден-ақ қоғамның ұйытқысы. Әсіресе, қазақта ақын қыз да, ақылғөй қыз да, батыр қыз да аз емес. Олар қашанда ерлердің сенімді серігі, елінің алтын бесігі болған.

«Ақтөбе өңірінен шыққан батыр қыздар» тақырыбындағы тарихи-танымдық кездесуде ҚР мәдениет қайраткері, тарихшы, музей ардагері  Р.Досова Тұран патшасы Томирис, Қобыланды батырдың қарындасы Қарлығаш, Ақбота Сәңкібайқызы, Ботагөз Есетқызы, Кенесары қарындасы Бопай, Сапар Мәтенқызы секілді бұдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген батыр аналардан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы - Әлия, Мәншүк апаларымыз т.б. көптеген мәлім-беймәлім тұлғалар туралы айтып берді.

«Шолпы» клубы қыз балаларға музей қорынан «Қазақтың қыз-келіншектерінің зергерлік әшекей бұйымдары», «Шолпы, шашбау – шаштың сәні», «Қазақтың қыз-келіншектерінің әшекей бұйымдарының сыры» тақырыптарында көрмелер ұйымдастырып өткізіп, қыз балаларды қазақтың зергерлік әшекей бұйымдарымен таныстырып отырады.  Олар шолпы, шашбаудың не екенін көзбен көріп, қолдарымен ұстайды, шаштарына тағып дефиле көрсетіледі. Олардың шаштарына салмағы ауыр шолпыны таққан кезде алған әсерлері де өзгеше.

№29 мектеп оқушысы Динара, медицина колледжінің студенті Әлфия шаштарына шолпы таққан кезде алған әсерлері туралы айтып берді.  

5 жылдыққа арналған  шара барысында №31 орта мектебінің директоры Сәуле Махамбетқызы, М.Мәметова атындағы Ақтөбе медицина колледжінің тәрбие жөніндегі орынбасары Самал Мұсақызы, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқытушысы Венера Уәлиева, музей достарыклуб мүшелерін 5 жылдық мерекесімен құттықтады, 5 жылдан бері бірлесе атқарған жұмыстары туралы баяндады.

Ал мектеп оқушылары «Шолпы жасай аламыз» шеберлік класын көрсетсе, студенттер, ХШО қызметкерлері өз өнерлерін көрсетті.

«Шолпы» клубының кеңес мүшелері Зибаш Назарғалиқызы Өмірбаева, Серікбай Қайдасұлы Қайдасовтар  клуб жұмысының маңыздылығына тоқталды. Қазір де «Шолпы» клубының жұмысы кең қанат жайып келеді.

2013 жылы 31 қазанда №31 мектепте «Шолпы», 2016 жылы 8 желтоқсанда  М.Құсайынов атындағы мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернатында «Ерке наз» қыз балалар клубтарының тұсауы кесілді. 2017 жылы Облыстық балалар ауруханасында  «Таңшолпан» қыз-келіншектер клубы ашылса, биылғы жылы Қ.Жұбанов атынд. өңірлік мемлекеттік университетінің жанынан  «Шолпы» ұлттық таным мен тағылым орталығы ашылады. Клубтың бөлімшелері деп айтуға болады.

«Шолпы» клубы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай  «Рухани жаңғыру - ұлт болашағы»,  «Санаңды сақта, жас ұрпақ!», «Ұлттық код: Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары»тақырыбыптарында жоғары класс оқушыларымен, студенттермен кездесу өткізді.

Салтанатты шарада клубтың ұзақ жылдар атқарған жұмыстары келушілерге слайдтар арқылы көрсетіліп, фотокөрме  арқылы назарларына ұсынылды. Буклеттер шығарылып, шараға келушілерге таратылды. Музей қызметкерлері дайындаған «Шығанақ Берсеев», «Көржар жәрмеңкесі», «Ескерткіш ел тарихы», «Азаттықтың сұңқары» т.б. кітаптары мен кітапшалары сыйға берілді.

Шараға Ақтөбе облысының әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның  хатшысы А.Р.Хон, «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Е.Дүйсенова, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Н.С.Табылдинова, Ақтөбе облыстық кәсіподақ кеңесінің жұмысшы әйелдердің мәселелері бойынша комиссияның төрағасы М.М.Сағындықова, РФ, ҚР педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор А.А.Тасимова,  «Күміс алқа иегері», көп балалы ана, республикалық  “Қанатты әйел” идеялар мен тауарлар жәрмеңкесіне қатысқан белгілі қолөнер шебері А.Ы.Сұлтангереева,  жоғары, орта арнаулы оқу орындары мен қала мектептерінің басшылары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, оқытушылары, студенттер, оқушылар, наркодиспансердің, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының және №1 қалалық емхананың темекі шегуге қарсы күрес кабинеті қызметкерлері, дәрігерлер,  музей достары т.б. қатысты.

«Шолпы» клубының атқарған жұмыстары көпшілік көңілінен шықты.  

Клубтың кеңес мүшелерінің ішінде дәрігер, тарихшы, әдебиетші, ақын, меценат, ғалым да бар. Барлығы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қыз бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген жандар. Олар облыс әкімі орынбасары, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының төрағасының, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Ал музеймен тығыз байланыста жұмыс жасаған оқу орындары, мекеме қызметкерлері облыстық музейдің Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Шолпы» клубының кеңес мүшелерінің жұмыстары барлық уақытта жақсы бағаланып келеді.

Ақтөбеде 2017 жылы Ауыл әйелдерінің І слеті өтті. Жиынға ауыл, ауданнан 400 қыз-келіншек қатысты. Мақсаты: Басшылық қызметте, бизнесте жүрген қыз-келіншектерді ауыл әйелдеріне көрсетіп, үлгі еткіміз келді, -дейді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және демография жөніндегі комиссия төрайымы Ақмарал Хон.

Ақтөбеде алғаш рет өткен ауыл әйелдерінің облыстық слетіне дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен көп балалы аналармен қатар клубтың кеңес мүшелері шақыру алды, қатысты.  

Ақтөбе облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы А.Р.Хон "Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырып өткізді. Дөңгелек үстел барысында «Шолпы» клубының жетекшісі А.Сарыбай  «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбында баяндама оқыды. 

Оған «Ақтөбе қаласының әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Дүйсенова,  «Шынар» гендерлік білім беру орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы С.Дощанова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының маманы Л.Отарбаева т.б. қатысты. Шара соңында «Отчет о реализации Стратегии гендерного равенства за 2006-2016 г.г. в Актюбинской области» кітапшасының тұсау кесері болды. Бұл кітапшада «Шолпы» клубының атқарған жұмыстары туралы да айтылады.

Клуб Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылды. Өйткені музей - таным мен тарихтың қайнар көзі.  Қазақ халқының отбасындағы ұрпақ тәрбиесін халық арасында насихаттап, әсіресе қыз балалар тәрбиесіне үлкен мән беру музей қызметкері ретінде менің басты борышым деп санаймын.

«Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi ете отырып, әрбiр қадамын нық басуын, болашаққа сенiммен бет алуын қалаймын» деген болатын Елбасымыз. «Халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзiлмеген ұлттық салт-дәстүрлерiн алдағы өркендеудiң берiк дiңi» ете білейік.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты» деген болатын. Отбасының ұйытқысы ана десек, қыз бала тәрбиесіне баса назар аударуымыз керек. Өйткені қыз барлық ұлттық құндылықтарымызды дамытушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Қазақтың ұлттық ой-арман, тілек мақсатының орындалуы, қазақтың ұлт ретінде аман қалуы, қазақ ұлтының саны көбеюі қыздарға байланысты. Қыздарымыздың дені сау, ақылды, ұлтын, халқын, Отанын, тілін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін сүйетін қыздар болуын қалаймыз. Қыздарымыз өмірге денсаулығы мықты, ақыл-ойы толық ұрпақ әкелсе, ата-бабаларымыздың мақсат-мұраттары орындалса, қыздарымыздың тәрбиелілігі болар еді.  Қыздарымыз ана болып қана қоймай, болашақты ойлаған, көреген дана болса, ұлтымыздың өркені өсер еді.  

Қыз тәрбиесіне ел болып атсалысайық дегім келеді.

 

Алмагүл САРЫБАЙ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің

көпшілікпен жұмыс және экскурсиялық

қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі,

«Шолпы» клубының идея авторы,

жетекшісі

 

292 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper