Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі журналистерді марапаттайтын болды

Жұма, 23 Маусым 2017 02:28
Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі журналистерді марапаттайтын болды KAZMUSEUM.KZ -  

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстан журналистикасы күніне арналған салтанатты қабылдау болады. Оның аясында қысқаша баспасөз конференциясы өтіп, музей қызметін белсенді түрде жариялап жүрген журналистер марапатталады, сонымен бірге мерекелік фуршет ұйымдастырылады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Қазақстандағы ірі көркемсурет музейі – Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі жыл сайын 70-ке жуық көрме өткізіп, еліміздің бейнелеу өнерінің туын жоғары ұстап келе жатқан мәдениет ордасы. Қазақстандықтар мен алыс және жақын шет ел қонақтары бұл көрмелерде музей қорындағы бірегей туындылармен, қазақстандық және шет елдік суретшілердің түрлі стильдегі және түрлі бағыттағы заманауи туындыларымен танысады. Музей көрмеден өзге ғылыми конфренциялар, дөңгелек столдар, баспасөз турлары мен шеберлік сабақтарын да өткізеді. Музейде «Әсем әлем» Өнер академиясы жұмыс істейді, ай сайын Музыкалық вернисаж, «Демалысты бірге өткіземіз» акциясы, жыл сайынғы «Наурыз апталығы» және Музей түні» болып тұрады. Қазіргі таңда Ә. Қастеев атындағы өнер музейі – оңтүстік астанадағы жетекші мәдени орталық.

Қабылдау аяқталғаннан кейін, музейде «Алпысыншы жылдардың жаңашыл суретшілері» атты дөңгелек стол өткізіліп, оған белгілі қазақстандық ақын Олжас Сүлейменов, Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы Тимур Сүлейменов, белгілі мәдениеттанушы әрі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің бұрынғы жетекшісі, Еуразия ұлттық университетінің телевидение, радио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, Қазақстанның жетекші өнертанушылары Камилла Ли, Баян Барманқұлова және тағы басқалар қатысады. Дөңгелек стол Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Жанатай Шәрденов сияқты т.б. көптеген алпысыншы жылдардағы жаңашыл суретшілердің мерейтоларына арналған.

Алпысыншы жылдардың жаңашыл суретшілері – академиялық және идеологиялық қағидаларға бағынбай, көркемсурет мектебінің ұлттық принциптерін қалауға ұмтылып, 20 ғасырдың 60-жылдарының соңында Қазақстан бейнелеу өнеріндегі ерекше бағытты қалыптастырған суретшілер.

Аталған шара 2017 жылғы 28 маусымда сағат 15.00-де басталады.

 

 

Клара Исабаева,

Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің менеджмент және сыртқы байланыс орталығының жетекшісі

643 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper