Анонс


«Ұлы дала елі» экспедициясы: Ақтөбе облысы

Жұма, 02 Қазан 2015 15:40
«Ұлы дала елі» экспедициясы: Ақтөбе облысы KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығы мен облыс әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан ұйымдастырылған экспедиция барысында қызықты мәліметтер белгілі болды. Бұл бір мезетте Ақтау, Астана және Павлодар қалаларынан бастау алған республикалық экспедицияның жалғасы еді.

11 қыркүйекте Ақтау қаласынан басталған экпедицияның Батыс бағыты Атырау, Батыс Қазақстан облыстары арқылы өтіп, 22 қыркүйекте эстафета Ақтөбе облысына тапсырылды. Эстафетаны табыс ету салтанаты Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары аумақтарының түйіскен тұсы, Қобда ауданындағы таяуда ғана ашылған ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Исатай Тайманұлы ескерткішінің басында өткізілді.
Эстафетаның символы — бірегей күнделік кітапты Ақтөбе экспедициясының басшысы Жолдас Нұршин қабылдап алды. Ол күнделік кітапты қабылдап тұрып, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында облысымызда көптеген шаралардың өткізіліп жатқанын айтты. Сол шаралардың ең маңыздыларының бірі — 2 қазанда ашылу салтанаты өтетін Әбілқайыр ханның мемориалдық кешенінің құрылысы.
Ал оның Батыс Қазақстан облысындағы әріптесі:
— Өңіріңіздің тарихты жаңғырту жолында шынымен де көптеген іс тындырып жатқанынан хабардармыз. Біз де қол қусырып отырған жоқпыз. Біз Әбілқайыр ханның Орынбордың генерал-губернаторы Неплюевке айтқан «Жайық өзені тоқтамай, Ақырзаман орнамай, біз осынау құтты мекеннен ешқайда кетпейміз» деген сөзін ешқашан ұмытпаймыз. Жақында ғана біздің тарихшыларымыз құлпытастарды зерттеп жүріп, Әбілқайырдың немерелері Есім мен Жантөренің жерленген жерлерін тапты. Есім азғантай бір уақыт хан болды. Ол Нұралыдан туған, ал Жантөре болса Әбілқайырдың басқа ұлы — Айшуақтың баласы, — деді.
Экспедиция құрамында ғалымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері болды. Екі облыстың шекарасындағы әңгіме ұзақ жалғасты. Сонан соң ақтөбеліктер өз сапарларын Қобда ауданындағы тарихи жерлерді аралауға арнады.

 

Алтын Орда дәуірінен қалған мұра

Алғашқы аялдама — Абат-Байтақ кесенесі. Тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаровтың айтуынша, бұл ескерткіш Алтын Орданың ХІV ғасырдың басындағы Жошы хан билеген кезеңіне тиесілі. Осыған ұқсас құрылыстар Орск қаласының маңынан да табылған екен. Алайда Челябинск облысындағы кесене ғана қайта жаңғыртылып, сақталыпты.
Риуаяттар бойынша, атақты Асан қайғының ұлы Абат батыр болған көрінеді. Ноғай Ордасы кезеңінде ол Орманбет деген атпен танымал бірінші би болған.
Бұл ескерткіш туралы алғашқы жазбаша мәлімет орыс зерттеушісі Петр Рычковтың тарапынан берілді. Ол өзінің «Орынбор губерниясын баяндау» атты жұмысында «Далада Байтан (мәтінде осылай жазылған) кесенесі бар» деп жазады. Кейін, 1910 жылы бүгінгі Ақтөбе облысы аумағы арқылы өткен француз зерттеушісі Джозеф Кастанье өз күнделігіне «Мен Абат-Байтақтың кесенесін көрдім. Ол әлі тұр» деген жазба түсірген.
Содан кейін кесене қирап қалды деген оймен оны ешкім іздемеді. Дегенмен қазақ сәулетшісі Малбағар Меңдіқұлов өзінің ғылыми мақалаларының бірінде сондай бір кесененің болғаны және оның кейінгі тағдыры туралы ешқандай мағлұматтың жоқ екендігі туралы жазады. Әлбетте, жергілікті тұрғындар оның бар екендігін білетін. Ескерткішті табуға көмектескен де сол жергілікті тұрғындар еді.
1985 жылы бұл нысан ғылыми шолуларға енгізілді. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылуы тиіс нысандардың тізіміне алынды. Алғашқы қазба жұмыстары 2005 жылы жүргізілді. Түркістан қаласында қазба жұмыстарын жүргізген тәжірибелі маман, танымал археолог Ерболат Смағұлов шақырылды.
Қазба жұмыстары кезінде бес адамның қаңқасы табылды: ер адам, әйел адам, жасөспірім және екі бүлдіршін. Бұл қыпшақтардың дәстүріне сәйкес салынған зират еді. Мүрделердің барлығы ағаш табыттың ішінде, ал ер адам мен әйел адам киіммен жерленген екен. Бұл өңірді мекен еткен адамдардың ол кезде әлі исламнан хабары жоқ болатын. Бір қызығы, әйел адамның мүрдесіндегі белдемшеде алтын жолақтар сол күйінде сақталыпты. Ер адамның қолында басында темір тұтқасы бар асатаяқ табылған. Мұның барлығы бұл зираттың аса беделді көсемдікі екендігін көрсетсе керек.
Кесенені қалпына келтіруге түркімен шеберлері шақыртылды. Көптеген ортағасырлық нысандарды қайта жаңғырту жұмыстарын жасаған олар бұл істің мамандары еді. Шеберлер кірпішті Түркіменстаннан алдыруды ұсыныпты, алайда Серік Әжіғали басшылық еткен біздің ғалымдарымыз кесененің жергілікті құмнан тұрғызылғанын есепке ала отырып, жергілікті материалды пайдалануды мақұл көрді. Осы мақсатпен арнайы кірпіш зауыты тұрғызылды.
Құрылыстың негізі сол күйі сақталды. Кесене екі бөлмеден тұрады: кіреберіс бөлме мен жерлеу бөлмесі. Екі күмбезі бар. Тас тақтайшалар төселіп салынған кесене едені сол күйі сақталған. Қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізушілер кесененің түпнұсқасын мейлінше бұзбауға тырысып баққан. Мысалы, күмбездер, ішкі бөліктері мен терезелер, тағы басқалары сол ескі қалпында.
Абат-Байтақ қорымы тек кесенесімен ғана емес, сонымен қатар, екі жүзден асатын бірегей құлпытастарымен де танымал. Әрбір құлпытасты тас өнерінің жауһары деуге болады. Ғалымдардың айтуларынша, тастардағы айшықтардың ешқайсысы қайталанбайды екен. Зират бастарында бұл ескерткіш тастар Ақтаудың ұлутастарынан дайындалған, кейбіреулерінің биіктігі үш метрге дейін жетеді, ал салмақтары 200 келіге дейін барады. Алғашқы құлпытастар 1840-шы жылдары пайда болған. Олардың беттеріндегі жазулардың барлығы дерлік оқылып, қағазға түсірілген. Қазір баспаға дайындалуда. Ол еңбек жарық көрсе, елді елең еткізер оқиға болары сөзсіз. Бұл қорымда табын мен кете руларының адамдары жерленіпті.

Мұстафа Шоқай түнеген шаһар

Сол күні экспедиция өз жұмысын Әлия Молдағұлова атындағы патриоттық тәрбие беру орталығына барумен аяқтады. Орталық Әлия ауылында орналасқан. Онда жастардың демалуы үшін барлық жағдай жасалыпты. Орталықта Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова музейі жұмыс жасайды. Музейде батыр апамыздың өміріне байланысты екі мыңның үстінде экспонат жинақталған. Олар: Әлия қайтыс болған жерден табылған әскери заттардың бөлшектері, құжаттардың көшірмелері мен суреттер. Музейде екі панорама құрылған. Біреуінде батыр қыздың балалық шағы суреттелсе, екіншісінен оның соңғы шайқасын көресіз. Құнды экспонаттар арасынан Әлия мен жақын туыстарының жеке заттарын көруге болады. Мысалы, Әлияның әкесі Нұрмұхамед Сарқұловтың сандығы.
Келесі күні экспедиция Алға және Мұғалжар аудандарына сапар шекті. Олар алдымен Есет батырдың кесенесіне барды. Аудан әкімінің орынбасары Мирлан Жалғаспаев кесененің қалай салынғаны, құрылыс кезінде қандай қиыншылықтырдың туындағаны туралы әңгімелеп берді. Айтпақшы, Есет батырдың моласы басында жеке құлпытасы болған жалғыз мола екен. Сондықтан жерленген адамды анықтау, гендік сараптама жұмыстарын жасау қажеттілігі болмапты.
Бестамақ орта мектебінде экспедиция мүшелері жергілікті халықпен кездесті. Жолдас Нұршин экспедицияның мақсаты туралы әңгімелесе, экспедиция мүшелері кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Бұл әңгіме біраздан кейін мектеп сыныптарының бірінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел басында жалғасты. Ақсақалдар сұрақтарын қойып, тілектерін айтты. Мысалы, олардың біреуі неліктен басылымдарда Бөкенбай батырдың моласы орналасқан жер туралы әртүрлі нұсқалардың беріліп жүргенін сұрады.
— Қазір Әбілқайыр хан мемориалдық кешенінің құрылысы аяқталып келеді, — деді тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров. — Сондықтан барлық күш пен қаржы осы нысанға жұмсалуда. Бөкенбайдың моласын анықтау үшін де ғылыми зерттеулер жасалатын болады.
Бірнеше сағаттан соң экспедиция Мұғалжар ауданының Жем қаласына барды. Кездесу қалалық әкімдіктің акт залында өтті.
— Тарихи тұрғыдан сіздің өлкеңіз өте бай мекен. Дәл осы жерде бүгінгі Қазақстанның аумағындағы ең ілкі адамдардың мекені табылды. Осы жақта сақ-сармат дәуірінің қорымдары анықталды. Бір қызығы, сондай зираттардың бірінің ішінен ер адам мен әйел адамның мәйіті және қасында жұмыртқасы бар үйректің қаңқасы табылды. Жұмыртқаның қабығы сол күйінде сақталыпты. Мұндай жерлеу рәсімін еліміз аумағында ешбір жерден көрген емеспіз.
Мұның барлығы толықтай зерттелген жоқ. Тіпті қала тарихы да зерттелмеді. Оның қызықты тұстары көп. Мұстафа Шоқайдың сіздердің қалаңызға келіп, бір күн түнегенін көп адам біле бермейді. Замандастарының естеліктері бойынша, оның орыс әйелі Марияның сәнді қалпағы Жем қаласы балаларының ерекше қызығушылығын тудырса керек, — деді тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров.
Жем қаласында экспедиция өз жұмысын Жұбановтар музейінде аяқтады. Музей жақында салынды. Онда Құдайберген мен Ахмет Жұбановтардың, Ахметтің қызы Ғазизаның тұтынған жеке заттары жиналған.
Экспонаттардың арасында Құдайбергеннің жұмыс үстелі, Ахметтің костюмі, Ғазизаның концертке киген көйлегі бар. Жемдіктер музейді мақтан тұтады. Онда ұлы жерлес тұлғалар туралы естеліктер сақталған.


Бағыты бойынша Қазақстандағы жалғыз музей

Экспедиция мүшелері Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалдық музейіне келгенде оларды осы батыр апамыз атындағы Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушылары қарсы алды.
1985 жылы ашылған бұл музейдің басты мақсаты жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру екені белгілі. Мұнда ақтөбелік батырлардың есіміне, Ұлы Отан соғысы тарихына байланысты естеліктерді, құжаттарды тамашалауға болады.
Музейдің ғылыми қызметкері Ақзер Колмурзина болашақ ұстаздарды оқытатын колледждің студенттеріне өздерінің жасында Отан үшін жанын пида еткен батыр апаларының өмірі туралы сыр шертетін экспонаттарды, тарихи құжаттарды таныстырды. Студенттер де оны бар ынта-ықыластарымен тыңдап, мүмкіндігінше мол ақпарат алуға тырысып бақты.
— Биыл Әлияның 90 жылдығына байланысты музейімізде реэкспозиция жасалып, қорымызға жаңа мәліметтер қосылды. Батыр апамыздың өміріне қатысты құжаттар саны толықты. Сонымен қатар, музейді тамашалуға келгендерге оның туған жері Бұлақ ауылы мен тұрғындарының өмірін тереңірек көрсету үшін сол кездегі үйлердің макетін жасатып, экспонат ретінде қойдық. Соғыс кезіндегі блиндажды көрсететін экспозиция жасадық. Дәл осы экспозиция балалар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие. Музейіміз батыр апамыздың нағашы ағасы Бисембай Қабиевтің плащымен толықты. Одан басқа, бізге «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешпаевтың ұрпақтары оның соғыс кезінде киген киімін тапсырды, — дейді Ақзер Колмурзина.
Музей Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып, қазан айында жүзеге асырылуы жоспарланған шаралар үшін қызу дайындық жүргізіп жатыр.
Қаламызда қарбалас тіршіліктен қол босағанда өнер туындыларын тамашалап, рухани ләззат алатын мәдени ошақтарының бірі — Ақтөбе облыстық өнер музейі. Алғашқы жұмысын сонау 1981 жылы Ақтөбе облыстық көркемсурет көрме залы ретінде бастаған музей бүгінгі күні екі қабатты зәулім ғимаратқа орын теуіпті. Музейдің көрме залдарында барлық жанрдағы көркемсурет өнері мен қолөнер шеберлерінің, суретшілердің дербес, жылжымалы, тұрақты көрмелерін тамашалауға болады.
Біз барған кезде еліміз тәуелсіздігінің символына айналған «Қазақ Елі» монументінің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембіғали Смағұловтың жеке туындылары көрмесіне жасалып жатқан дайындықтардың куәсі болдық. «Студент кезінде салған «Менің әкемнің жылқылары» атты суретінің өзі сатып алынып, Мәскеудегі Шығыс халықтары музейіне қойылған әлемге танымал қазақстандық суретшінің көрмесі қазан айында көрермен қауымына ұсынылмақшы», — дейді музей қызметкері Айдар Еспаев. Сондай-ақ, осы музейдің директоры — мүсінші Марат Ғабдрахмановтың жұмыстары, Байғанин ауданының қолөнер шеберлерінің қолдарынан шыққан киіз, текемет, сырмақ, көрпе секілді ұлттық қолданбалы өнер туындылары, ақтөбелік суретшілер — Алмас, Ирина Құрманалиндердің, Әбдіғали Баяндиннің салған суреттері көпшілік назарына ұсынылған.
— Облыстық өнер музейі ескі АХАТ ғимаратына көшіріліп, аумағының кеңейтілуінің арқасында шынымен де қаламыздың мәдени өмірінің белсенділігі артты. Бірнеше көрме залымыз бар. Қаламыздағы суретшілердің тегін түрде өз көрмесін ұйымдастыруына мүмкіндік жасалды. Музейде тек қана ақтөбелік суретшілер ғана емес, Қазақстанның басқа да облыстары мен өзге мемлекеттердің өнер иелерінің туындылары көрмелерін де ұйымдастырып келеміз. Осы жақында Ресейдің танымал суретшісі Никос Сафроновтың суреттерінің көрмесі болып өтті. Сонымен қатар, түрлі симпозиумдар өткізіліп тұрады, — дейді Айдар Еспаев.
«Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясы мүшелерін «Руханият» облыстық музейінің кіреберісінде күтіп алған ғылыми қызметкер Жарқынай Күзембаева:
— Қош келдіңіздер! «Руханият» музейінің мәні — Ислам дінінің тарихын және оның қазақ халқының тарихы, дәстүрімен байланысын түсіндіру, — деп сөзін бастап, музей экспонаттарымен таныстурыға кірісті.
Айта кету керек, «Руханият» музейі — осы бағыт бойынша жұмыс жасайтын әзірге Қазақстандағы жалғыз музей. 2011 жылдың 8 желтоқсанында тұсауы кесілген музей өткен жылы Астанада өткен «Музей және қоғамның тұрақты дамуы» атты ғылыми-практикалық конференция кезінде Халықаралық музейлер одағының «Жыл музейі» дипломына лайық деп танылған.
— Музейдің ашылу мақсаты облыстағы бұрынғы мешіт-медреселерді, соларды ұстаған ишан-хазіреттерді жас ұрпаққа таныстыру болатын. Бұл — бұрынғы ата-бабаларымыздың дәстүрлі дінді ұстанғандығын, қазіргі теріс пиғылдағы ағымдардың бізге жат екендігін насихаттау. Дәстүрлі бағыттың тарихын түсіндіру. Мысалы, осы облысымыз көлемінде 200-дің үстінде мешіт-медресе болыпты. Бүгінгі күні солардың он шақтысының ғана жұрнақтары қалған, — дейді «Руханият» облыстық музейінің директоры Әлібек Таубатыров.
Музейде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі, Ислам діні мен оның мәзхабтарының пайда болу тарихы туралы жан-жақты мағлұматтар берілген. Өткен ғасырларда облысымыз аумағында халыққа мұсылманшылықты түсіндіру бағытында еңбек еткен молда-имамдар және мешіт-медреселер салған сәулетшілер өмірінен сыр шертетін мәліметтер де бар. Солардың бірі — Әбубәкір Кердері «Дошеке пірі болды Кіші жүздің, Раушан нұры болды түсіміздің…» деп жырлаған Досжан Ишан Қарақұлы. XIX ғасырда өмір сүрген ол бүкіл Каспий өңіріне белгілі діни қайраткерлердің бірі. Досжан ишан өзінің діндарлығымен және ағартушылық, дінге негіздеп халықтың басын біріктіру, далалық сәулет өнерін дамыту, қазақтың шежіресінің негізін жинақтау бағытында жасаған істерімен тарихта із қалдырған. Ол Нұрпейіс және Жұмағали ишандармен, кейбір деректер бойынша, 1874 жылғы Құнанбайдың тобымен бірге Меккеге қажылыққа барады. Меккеде тұрғызылған қонақүй Досжанның атына жазылады. Оның өз халқын бағбандыққа баулу мақсатында жасаған жұмыстары да айтуға тұрарлық. Хорезм мен Хиуа қалаларынан тұқым алдырып, алма, жүзім ағаштарын отырғызған, күріш өсірген. Ал сол ғасырларда салынған мешіт-медресе ғимараттары ата-бабамыздың сәулет өнерінен кенде болмағанын дәлелдейді. Мысалы, Досжан ишанның Орынбор генерал-губернаторынан рұқсат алып тұрғызған Шилі өзені бойындағы мешітті салушы — Бірман Көшімқұлұлы. Халық Береке деп атап кеткен Бірмән сәулетші «Мен бір Құдай үшін еңбек етемін, мешіт те Құдайдың үйі» деп жасаған еңбегі үшін жалақы алмайды екен. Темір ауданындағы Досжан хазіреттің мешіт-медресесі, Қараталдағы Бекпан хазіреттің, Сарытоғайдағы Шәкен ишанның және Бөрте бойындағы 4 мешіт. Міне, мұның барлығы Бірман шебердің қолының ізі қалған сәулет туындылары.
«Руханият» облыстық музейіне келгендер, сондай-ақ Ойыл, Темір және Сарытоғай мешіттері мен «Нұр Ғасыр» мешіттерінің макеттерін тамашалай алады.

Әбілқайыр ханның мемориалдық кешені

Тарихи-мәдени экспедиция Әйтеке би ауданындағы сапарын Комсомол кентіндегі Әйтеке би аудандық «Халықтар достығы» музейінен бастады. Сонан соң аудандық Мәдениет үйіне жиналған мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жолдас Нұршин экспедицияның мақсаты мен маңызы туралы айтып берді. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптама тобының мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров оқушыларға өлке тарихы туралы мазмұнды әңгімесін айтты.
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында облысымызда өткізілгелі отырған атаулы шара — Әйтеке би ауданы Ақтасты селолық округіне қарасты Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықтағы «Хан моласы» қорымында Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешеннің ашылуы. Кешеннің салынғанына, әсіресе, 80 шақты үйі бар Толыбай ауылының тұрғындары ерекше қуанып жүр. Қашықта қалған ауылдан Ақтөбе-Қостанай тасжолына дейінгі аралығындағы грейдер жол жөнделіп, қиыршық тас төселіпті. Болашақта асфальт төселеді деген үміттері де бар. Ауылда «Әбілқайыр хан» музейінің ғимараты салынған. 2 қазан күні мемориалдық кешеннің ашылуына арналған салтанатты шара осы Толыбай ауылында өткізіледі. «300 жылдай уақыт өтсе де, Ханымыз әлі де бізге шарапатын тигізіп жатыр» дейді толыбайлықтар.
— Аудан бойынша осы үлкен шара үшін соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша «Ұлы дала» этнофестивалі өткізіледі. Әбілқайыр ханның ауданымыз аумағында жерленгені біз үшін үлкен мақтаныш. Ол тарихи-саяси мағынасы бар ұлы істер атқарды. Сондықтан оны ұлықтау — келешек ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, рухтандыруымыз үшін аса қажет, — дейді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Зоя Бөлекова.
Ұзақ жолды артқа тастап, «Хан моласы» қорымына жақындай бере, Ұлы жүздің ханы Абылай Орынбор губернаторы Иван Неплюевке «Халқымыздың бағына біткен тұлға, біздің қамқор әкеміз» деп суреттеген әккі қолбасшы, сарабдал саясаткер Әбілқайыр ханның даңқына сай келетін сәулетті мемориал алыстан мен мұндалап көзге түсті.
— Бұл — Әбілқайыр хан жерленген үлкен қорым — «Хан моласы» деген жер. Қазір, міне, Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешеннің құрылысы аяқталып келеді. Кешеннің сәулетшісі — Бек Ибраев. Кешен үш жүзді білдіретін биіктігі 23 метр мемориалдан, Әбілқайыр ханның моласы үстінен көтерілген кесенеден және болашақта салынатын музейден тұрады. Бұл қорым 1748 жылы Әбілқайыр хан өлтірілген кезде пайда болған. Ең соңғы рет 1945 жылы қыста қайтыс болған бір әйел жерленіпті. Қорымда Кіші жүзден негізінен алтын, жаппас, шөмекей рулары мен бірен-саран шекті руының өкілдерінің зираттары бар. Сонымен қатар, бұл қорымда жатқандардың жартысына жуығы — Орта жүздің арғын руының адамдары. Жалпы, бұл жер Әбілқайыр ханның жайлауы болып саналады. Осы қорымды 32 жылға жуық зерттеген менің ұстазым, профессор Серік Әжіғалидың зерттеулері бойынша қорымда 1118 мола бар. Барлық тарихи деректерді жинақтап, информаторларды алып келіп жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, №92 нысан деп ат берілген зираттан табылған сүйектер Әбілқайыр ханның мүрдесі деген тоқтамға келдік. Сүйектерді генетикалық сараптамадан өткізе отырып, кейін ханның ұрпақтарынан алынған сараптамалармен салыстырғанда олардың ДНК-лары 99,55 пайыз көрсеткішпен сәйкес келді, — деді қорым басында түсінік берген тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров.
«Ұлы дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедицияның эстафетасын Қызылорда облысына тапсыру рәсімі Арал кентінде ХVІ-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген Ақ сауытты Айдарбек батыр ескерткішінің ашылу салтанатына тұспа-тұс келді. Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жолдас Нұршин экспедицияның символы — бірегей күнделік кітабын Қызылорда облысы экспедициясының басшысы Қызылорда облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләйла Төрешоваға табыс етті.
— Тарихи-мәдени экспедицияның Қызылорда облысындағы сапары төрт күнге жалғасады. Экспедиция құрамында облысымыздың мәдениет қайраткерлері, ғалым-зерттеушілері, белсенді жастары және облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы бар. Экспедиция төрт күн бойына айшықты тарихи орындарды аралап шығады. «Сыр — Алаштың атасы» деп Елбасы айтып өткендей, Қызылорда жерінде еліміз тарихына байланысты құнды жәдігерлеріміз көп. Мысалы, облысымыз аумағында ескі астаналарымыз болған төрт тарихи қаланың орны бар, — дейді Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Уәлихан Ыбыраев.
Өз міндетін орындаған облысымыз экспедициясының мүшелері «Батыс Қытай- Батыс Еуропа» жолымен Ақтөбеге кейін қайтты. Тақтайдай тегіс жолмен ызғыған көлікпен келе жатқанда маң-маң басқан түйелер, отар-отар қойлар, табын сиырлар мен үйір жылқылар, ауылдар мен шағын кенттер, кемпингтер, өндіріс ошақтары, шаруа қожалықтары артта қалып жатты. Бұл — Ұлы даланың бүгінгі тіршілігінің көрінісі.

 

Дайындағандар Муапық БОРАНҚҰЛОВ, Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

«Ақтөбе» облыстық газеті. 

4011 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper