Анонс


З.Самашев бастаған экспедиция Алтай өңірін зерттеуде Таңдаулы

Сәрсенбі, 22 Шілде 2015 13:06
З.Самашев бастаған экспедиция Алтай өңірін зерттеуде KAZMUSEUM.KZ -  

Халықаралық Түркі академиясының археологиялық экспедициясы Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданындағы кешенді зерттеулерін үстіміздегі шілде айынан қайта жалғастыра бастады, деп хабарлайды Халықаралық Түркі академиясының баспасөз қызметі.  

Академияның биылғы негізгі қазба жұмыстары Қарақоба қорымында жүргізіледі. Қарақоба – теңіз деңгейінен 1200 метр биікте жатқан Алтайдағы мәдени және тарихи ескерткіштер кешені. Өткен жылы Халықаралық Түркі академиясының ғалымдары түркі дүниесінің Алтын бесігіне баланатын осы Алтай өңірінен VI-VIII ғасырлар шамасында жерленген жауынгер жыраудың жатқан жерін тапқан.

Онымен бірге жерленген қобыз қайта қалпына келтіріліп, Академия жанындағы Түркі музейіне қойылды. Осылайша былтыр олжалы қорытындыланған қазба жұмыстары биыл алдын-ала барлау кезінде анықталған 4 қорғанды қамтымақ. Зерттеуге жетекші түркітанушы ғалымдар мен археологиялық қазбаларды жүргізудің заманауи технологияларын қолданатын жоғары санатты мамандар, сонымен қатар археологиялық жәдігерлерді қайта өңдеп, қалпына келтірумен айналысатын сарапшылар қатысуда. Жалпы бұл ғылыми қазба жұмыстарына көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы З.Самашев жетекшілік етеді.

Бүгінде қазба жұмыстары жүргізілетін маңда дала лагері жасақталып, жұмысқа қажетті барлық құрал-жабдықтар жеткізілген. Сондай-ақ, артефактарды сақтап, өңдеу жұмыстарын атқаратын арнайы орын да дайындалды.Екі айға жоспарланған дала экспедициясы белгілі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп қана қоймайды, сонымен қатар Академияның ғылыми әлеуетін кешенді әрі жан-жақты арттыра түсуге және түркі тарихына қатысты ғылыми жобалардың табысты жүзеге асуына үлес қосады деп күтілуде. Қазба жұмыстары кезінде табылған олжалар Академия музейінің негізгі қорын толықтыра түсетін болады.  

 
3373 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper