Анонс


Семей тарихи-өлкетану музейі этнографиялық экспедицияның жұмысын аяқтады (ФОТО)

Сейсенбі, 21 Шілде 2015 13:45
Семей тарихи-өлкетану музейі этнографиялық экспедицияның жұмысын аяқтады (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, сонымен қатар, ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінің мұрындық болуымен тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды. Маусымның 28-ші жұлдызында Семей-Қарасу-Саржал бағыты бойынша жол тартқан экспедиция мүшелері шілденің үшіне дейін Абай топырағында болып, қорымдар мен елдімекен орындарын көздерімен көріп қайтты. Экспедиция барысымен танысу мақсатында экспедицияның басы-қасында жүрген Семейдегі тарихи-өлкетану музейінің директоры Бекен Теміровпен сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен, оқырмандарды экспедиция құрамымен таныстыра кетсеңіз.

– Эскпедицияға жолға шықпас бұрын бір ай көлемінде дайындық жұмыстарын жүргіздік. Алдын-ала экспедицияның көздеген мақсат-міндеттері, құрамы, бағытын анықтап, жергілікті жер жағдайын зерттедік. Жол бастаушылар және көнекөз адамдарды іздестіріп, ол кісілермен экспедиция барысында дидарласуға ниеттендік. Мұндай тарихи-этнографиялық экспедицияны жалғыз жүріп ұйымдастыру, алыс сапарға шығу қиын, әрине. Экспедицияны ұйымдастыруға қаламыздағы ұжымдармен бірқатар тұлғалар атсалысты. Атап айтар болсам, Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің тарих кафедрасы, қаламыздың облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Байуақов ТВК-6» телекомпаниясы сынды мекемелер жұмыла жұмыс атқарды. Экспедиция құрамына келер болсам, Шәкәрім университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі тарихшы Амантай Исин, көрнекті тарихшы-этнограф, атақты «Шыңғыстау-Тобықты шежіресі» алты томдығының және басқа да тарихи-танымдықшығармалардың авторыМолдабек Жанболатов сынды тарихтың жілігін шағып, майын ішкен тарихшылар экспедицияға бағыт-бағдар берді. Зерттеу нысанына алған жердің қыр-сырына қанық адамсыз кез-келген экспедицияны жүргізу қиынға соғары белгілі. Бұл жағынан бізге жермен ел жайынан мол хабары бар, сол өңірлерді көп аралаған Кәкен Шұлғаубаев көмектесті. Жолшыбай кездескен жергілікті тұрғындар дамына жерде мынадай ескерткіш бар деп жол сілтеп, қолдарынан келгенше көмектесіп жатты 

– Экспедицияны ұйымдастырудағы көздеген мақсаттарыңыз не?

– Бұл экспедициядан күткеніміз көп болды. Көздегеніміз тарих қойнауындағы көне жәдігерлерімізді анықтап, халық назарына ұсыну еді. Бір ғасыр бұрын Ресей патша үкіметінің тапсырысымен Қазақстанның Шығыс және Солтүстік өңірінде Щербина экспедициясы ұйымдастырылғанын білесіздер. Осы экспедиция барысында 1909-1910 жылдар аралығында болашақ Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов жетекшілік еткен болатын. Біздің экспедициямыздың мақсаты Әлихан атамыздың экспедициясы ізімен Саржал, Тоқтамыс, Медеу ауылдарының жерінде сақталған тарихи-мәдениескерткіштермен танысып, осы заманға жеткен этнографиялық мұраларды жинақтау болды. Экспедиция барысында көптеген мұраларды кездестірдік. Оларды көріп, біліп келу бір бөлек. Олардың тарихына үңіліп, зерттеу бір басқа. Қазіргі таңда көрген-білген мұралар жайлы тарих беттерін ақтарып, ой қорытып жатырмыз. Мұраларды зерттеп-зерделеуге біраз уақыт қажет. Еңбегіміздің жемісі уақыт еншісінде.

– Сапар барысында қандай мұралар кездестірдіңіздер, қандай тарихи маңызы зор орындарда болып қайттыңыздар?

– Көзімізге өткен ғасырдың куәлері – қорымдармен елдімекендер көп ілікті. Әр салынған қорымның өзіндік ерекшеліктері біздің назарымызды аударды. Бірде обалар төрт бұрышты болса, бірде алты бұрышты, кейде дөңгелек болып кездесіп жатты. Бұл ерекшеліктердің себебі тек қазған жағдайда анықталар деп ойлаймын. Бірақ, біздің қолымызда қазуға рұқсат болмады. Шаған өзенінің жағасы ғасырлық тұнып тұрған тарихты қойнауынабүгіпжатқан құтты мекен. Өзенге тақаумаңда орналасқан«Ба- тырдың көз жасы» атты орынға қарап таңғалмасқа шараң жоқ. Тасты жарып мөп-мөлдір су тұнып тұр. Бұл жер – он сегізінші ғасырдың соңына таман елі мен жерін қорғау жолында құрбан болған талай боздақтардың белгісі деп саналады. Осы маңнан біраз шақырым жүргеннен кейін шебер ұстаның қолынан шыққан ершіктің қалдығы, шеге, өзгеше ілгек пен айылдың басын таптық. Табылған заттар осы мекенді қоныстанған адамдардың мал шаруашылығымен, егіншілікпен айналысқандықтарының бұлтартпас бір дәлелі. Жолдан шамамен он бес шақырымдай солға бұрылған соң «Тәуке батырдың ағашына» кездестік. Тарихта аты мәшһүр Тәукені алты Алаш таниды. Әрі батыр, әрі әнші Тәуке бабамыз елдің кегін жатқа бермей, әлсіз бен панасызға қамқор болған ұлттың ұлы. Құба белдердің ортасында ғасырдан аса аптап ыстық пен қақаған аяздан ықпай, уақытқа ырық бермей өсіп тұрған ақ теректі халық «Тәуке батырдың ағашы» деп атауының себебі де осы. Жолай Ащысу өзені, Қарабас батыр ауылы, Жосалы мен Тасбақан таулары, Милы мен Бойлауық өңірлерінде тарихтан сыр шертер орындар жетерлік. Барлығын асықпай зерттесек құнды дүниелер табылар еді, әттең, уақыт тапшы болды.

– Сіздердің назарларыңызды ерекше аударған нысандарға тоқтала кетсеңіз...

– Экспедиция нысанына іліккен нышандар көп болды. Шіркін, бұл қазақтың даласы да көңіліндей дархан ғой. Шаған бойындағы Ике Әділовтің мекенінде болдық. Кеңес өкіметінің саясатына қарсы күрескен қайраткер, қазақ байы, Алашорда қажетіне қаржылайжәрдем көрсеткен Ике Әділовті Шаған елі ғана емес, қазақ халқы аса құрметтейді. Осы мекенде орналасқан Ике Әділовтің әкесі Әділдің мазары экспедициямүшелерінің назарын аудартпай қоймады. Төрт қабырғалы, төрт кішкентай, бір үлкен күмбезді мазар ерекше сәулет өрнегімен салынған. Үш бөліктен тұрады. Оның екеуінде алты адам үш-үштен жерленіпті. Ортасындағы бөлме бос тұр. Біздіңше, ол жерде адамдар құран бағыштап, намаз оқыған. Сол себепті бос қойылған секілді. Бір жарым жылдай Мұхтар Әуезов бала оқытқан «Мұсатай қорасын» да көрдік. Мұсатай қорасы аталғанымен де бұл жерде талай бала сауатын ашқан шағын мектеп. Толықтай сақталынбаған, қаңқасы ғана тұр деуге болады. Бұрын бұл өңірде кезікпеген ерекше сәулет құрылысы «Буданның мазарына» бардық. Осындай тарихи нысандар біздің қызығушылығымызды одан сайын арттыра берді. Жолшылап жүргенде Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғалымдарының «Шыңғыстау жәдігерлері» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан қазба жұмысының барысымен танысу сәті де түсіп, археолог әріптестерімізбен біраз дидарластық. Қазба жұмыстары Тоқтамыс (Бестамақ) елдімекенінің Қырық үңгір қорымында орналасқан қола, ерте темір және түркі дәуіріндегі ескерткішті зерделеуде екен. Шыбынтай өңірінен тастағы суреттермен жазуларды көрсек, Қозыбағар қорасы маңынан тоғызқұмалақ тақталарыкөптеп кездесті. Кейбір жерлерде екіден орналасқан. Тоғызқұмалақтан жарыстар ұйымдастырған немесе шопандар қой бағып жүріп, тоғызқұмалақ ойнаған деп топшыладық. Заманында сай-саланы төрт түліктің ең асылы– жылқымалына толтырған Оразбай қажының зиратының басына барып, қорасының орнын көрдік. Қажының зираты күтімсіздіктен тозып кетіпті. Ағаш есіктері сынған, қолдан құйған кірпіштері үгітіліп жатыр. Оразбай қажының басындағы құлпытас туралы «Егемен Қазақстан» газетінің зейнеткер журналисі, жерлесіміз Дәулет Сейсенұлы «Оразбай Медеуді білеміз бе?» деген мақаласында: «Тек кезінде Самарқанттан алғызған қызыл құлпытас бірден көзге түседі. Ертеректе, егер рас болса, осы құлпытас түнде де жарқырап тұрады екен. Құрамында фосфор болса керек. Ал осы құлпытасқа жазылған жазуды Шәкір ақыннан басқа ешкімнің оқып білуіне білігі жетпепті» деп жазады. Осы құлпытасты көрдік. Жасалу жолы ерекше екен. Қазіргі құлпытастардағы жазулар ойылып жазылса, Оразбай қажының басындағы құлпытастың жазуы шығыңқы. Құлпытас Түркістанда немесе Қарқаралыда жасалуы мүмкін деген болжамдар бар. Меніңше, Түркістан шеберлерінің қолынан шыққан секілді. Бұдан кейінгі ерекше орын «Қорғантас» жерлеу кешені дер едім. Бұл орын жұртқа мәлім болса да ғылыми айналымға әлі енгізілмеді. Көлемі әртүрлі тас жәшіктер шоғыр- шоғыр болып, ауқымды жерді алып жатыр. Амантай Исин тау басына шығып санағанда жетпістен аса оба болды. Әлі зерттелмеген орын әлі-ақ ғылымда өз сөзін айтады деп ойлаймыз.

– Жоғарыдағы бір сөздеріңізде тұрғындаржол сілтеді, көнекөз адамдармен жүздесуді жоспарладық дедіңіз...

– Иә, Төлеуғазы Төлахметов, Ертіс Тәтиев, Төлеген Оразбаев сынды көптеген ауыл тұрғындары жол сілтеп, экспедицияның жүгін біраз болса да жеңілдетті. Біздерге Абай ауданының, Тоқтамыс, Саржал ауылының әкімдері қолдау көрсетіп жатты. Өткенімізді білу, тарихты зерделеу баршамызға ортақ іс екені белгілі ғой... Тоқтамыс ауылына барғандаТоқтамыс батырдың ұрпақтарымен жүздестік. Тікелей ұрпақтары Семейге көшіп кетіпті. Кездескен Тоқтамыс батырдың жетінші ұрпағының қолында батырдың ұстаған найзасы мен садақ оғының ұшы, туы сақтаулы екен. Батыр бабамыз ұстаған қаруларын қолымызбен ұстап көрдік. Бірақ туын көрумүмкіндігіне ие бола алмадық. Өйткені, ғасырлық тарихы бар тудың тозығы жетіп тұрған көрінеді. Мұндай жәдігерлер жеке тұлғалардың қолында емес, мұражайда халық игілігіне ұсынылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді.

– Экспедициядан алған әсеріңіз қандай?

– Музейлердегі жәдігерлерді тамашалағанда бір демалып, тарих сырына қанығып, үлкен әсер алып қайтасың. Ал, біз табиғат аясындағы музейлерді араладық. Алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек көру керек. Кітаптан оқып, аңыз сынды көрінетін дүниелерді көру, бабаларымыз жүріп өткен жолымен жүріп, олар ұстаған бұйымдарды ұстау бір бөлек әңгіме. Осы өзіміз алған әсерді, көрген-білгенімізді халыққа жеткізу бізге міндет деп білем. Бір өкініштісі, кездескен нысандардың тарихи, мәдени және этнографиялық маңызы зор екендігіне қарамастан мемлекет қамқорлығына алынбаған, ғылыми айналымға енбегені көңілге қаяу салды. Ескерткіштер жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Қолымызды мезгілінен кеш сермемесек болғаны.

– Сұхбатыңызға рахмет!

АйжанТОҚТАСЫНҚЫЗЫ,

«Ертіс өңірі» газеті. 

 
4024 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper