Анонс


Қазақстан аумағында баламасы жоқ жәдігер

Бейсенбі, 02 Шілде 2015 09:40
Қазақстан аумағында баламасы жоқ жәдігер KAZMUSEUM.KZ -  

2012 жылы күзде Батыс Қа­зақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары Теректі ауданынан «алтын адам» тапқан болатын.

Тақсай кешенінде жүргізілген қазба жұ­мыс­тары барысында ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны табылған. Қабірде әйелдің алтын әшекей бұйымдары, ерекше шо­шақ төбелі алтындаған бас киім қалдығы, соғыс көрінісі бейне­лен­ген тарақша (гребень) т.б. көп­теген зат болған екен.

Тақсай І кешенін қазу кезінде қабір ішінен  табылған тұрмыстық бұйымдар  және рәсімдік заттар, ағаш сауыттың қалдығы, кішкене ыдыс, келі мен келсап, шағын пышақ, ең бастысы – қатты күйіп көмірге айналған ағаш тарақтың қалдығы табылған болатын. Тарақ ыдыстың астына қойылғандықтан, оның формасымен  тарақтағы сурет анық сақталған. Бұл жәдігер дүниежүзінің мәдени-тарихи қазынасына Тақсай тарағы деген атаумен  қосылары хақ. Қазақстан аумағында бұл жәдігердің  баламасы жоқ.

Тақсай обалар кешенінен та­был­ған материалдар, жерлену тә­сілі, жерлеу элементінің құрылым­дары, сары металдан жасалған көп­теген бұйымдар мен  салт-жо­рал­ғы заттары, сонымен қатар өр­теген кезде жанбай қалған тарақ­­та бейнеленген соғыс көріні­сі ғы­лыми ортада үлкен қызығушылық тудырғаны белгілі.

2012 жылы күзде Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының археологтары Теректі ауданынан «Алтын адам» тапқаны хабарланған болатын. «Тақсай» кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары барысында ежелгі сармат кезеңіне жататын ақсүйек бай әйелдің жерленген орны табылған. Қабірде әйел адамның алтын әшекей бұйымдары, ерекше шошақ төбелі алтындаған баскиім қалдығы, соғыс көрінісі бейнеленген тарақша (гребень) т.б. көптеген зат болған екен. Табылған алтын бұйымдардың салмағы 3 келіге жуық!

– Бұл қабір – біздің өңірде бұдан бұрын зерттелген обалардың ішіндегі ең көнесі болып шықты, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мұрат Наурызғалиұлы.
Тақсай обалар кешенінен табылған материалдар, жерлену тәсілі, жерлеу элементінің құрылымдары, сары металдан жасалған көптеген бұйымдар және салт-жоралғы заттары, сонымен қатар өртеген кезде жанбай қалған тарақта бейнеленген соғыс көрінісі ғылыми ортада үлкен қызығушылық тудырды.
Батыс Қазақстан аймағы тарихында мұндай жәдігерлер алғаш зерттелуде. Осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысының Сегізсай (Лебедевка) кешенінен табылған «алтын әйел» және Атырау облысынан табылған «сармат алтын жауынгері» жерленімдері Тақсай кешенінде табылған жәдігерлермен салыстырғанда ақпараттық жаңалығы және заттардың жасалу ерекшеліктері жағынан кейін қалады!

Тақсай оба кешені археологиялық қазба жұмысын жүргізу үшін кездейсоқ алынған жоқ. 1965 жылы жер жырту жұмыстары кезінде осы кешен маңынан бірнеше жәдігер табылған болатын. Мамандар оның сармат кезеңіне жататындығын анықтады. Соның ішінде күміс ритон ғылыми ортада кеңінен белгілі болды. Арада 37 жыл өткен соң, 2012 жылы кездейсоқ табылған жәдігер орындары зерттеліп, бұл жерде 4 оба кешені бар екендігі анықталды. Сөйтіп, археологиялық қазба жұмыстары басталды.

Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясына тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов жетекшілік жасады. Тақсай оба кешеніндегі қазба жұмыстарын осы орталықтың ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова басқарған отряд жүргізді.
Жазғы далалық маусым кезінде осы оба кешенінде 3 обада археологиялық қазба жұмыстары жасалды. Алғашқы екі обадағы жерленімдерден қызықты материалдар алынды, бірақ жәдігер аз болды. Соңғы оба, яғни үшінші обадағы жерленімнен қызықты және көптеген қайталанбас ғажайып материалдар алынды.
Барлық зерттеу жұмыстары Батыс-Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы базасында жүргізілді. Алынған жәдігерлерді өңдеп зерттеу барысында Қазақстанның Астана және Алматы, Жапонияның Токио, Германияның Бохум және Франкфурт-Дюссельдорф, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Челябинск, Пущино, Новосибирск қалаларынан мамандар мен ғалымдар шақырылды.

Алматы қаласындағы «Остров Крым» ғылыми-қайта қалпына келтіру шеберханасы мамандары орталық ғалымдарымен бірлесе отырып алтын әйелдің қайта қалпына келген скульптурасын жасауда. Оның жетекшісі – Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтіруші ғалым-реставратор Қырым Алтынбек. Барлық қалпына келтіру жұмыстарын танымал шебер Қ.Алтынбектің жетекшілігімен талантты реставратор-суретшілер жасады.

Мұрат Наурызғалиұлының айтуынша, Тақсай І оба кешені бойынша әлі бірнеше ғылыми зерттеу кітабы жарыққа шықпақ. Аналитикалық зерттеулердің аяқталуына байланысты табылған заттардың типологиясы, жасалу технологиясы, ескерткіштің мәдени-хронологиялық ерекшеліктері бойынша алынған нәтижелер негізінде арнаулы басылым шығару жоспарланған. Археологиялық және пәнаралық зерттеулер жүргізудің нәтижелері, алынған мәліметтерді тұжырымдау бойынша шын нанымды ғылыми ақпарат алынатын болады. Бұл ежелгі көшпенділердің тарихы мен мәдениеті жөнінде толық мәселелерді жасақтап шешуге мүмкіндік берері сөзсіз. Скифтер мен сақтар жөнінде ежелгі және ахеменид көне жазбалары белгілі. Ал Батыс Қазақстанды мекендеген ежелгі көшпенділер туралы материалдар тіпті жоқтың қасы. Сондықтан бұл жаңалықтың құндылығы өте жоғары. Осыған байланысты алынған барлық материалдар ұлттық тарихымыздың өткенін зерделеп қайта қалпына келтіруде үлкен маңызға ие болмақ.

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының сармат мәдениет зерттеудегі ғылыми жұмыстары XX ғасырдың 70-ші жылдары Орал қаласында қалыптасқан Орал археология мектебінің ғылыми зерттеу нәтижелері негізінде жүргізіледі. Сондықтан сарматология – орталық жұмысында ортағасырлық қала мәдениетімен қатар негізгі зерттеу бағыты болып табылады. Тарих және археология орталығы құралған күннен бастап, яғни 10 жыл бойы 50-ден астам сармат обаларын зерттеді. Соның ішінде Сегізсай, Қырықоба, Бұлдырты, Облавка және басқа да обалар кешені бар.

Батыс Қазақстан облысынан табылған Алтын адамның денесі әйел затына тиесілі. Теректі ауданының Тақсай кешенінен қазып алынған құнды жәдігер қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Алтын адамның бас киімі, мойны мен білегіне таққан әшекейлері, сондай-ақ айна-тарағы, көйлегін көмкеріп тұрған алтын құймаларына дейін бар. Археологиялық қазбалардың жан-жақты зерттеп-зерделеуді қажет ететіндігі түсінікті.

Сол себепті жаңалықты жаһанға жар салып, жариялаудан бұрын оралдық тарихшылар шетелдік ғалымдармен бірлесіп, жәдігерді бір жыл бойы зерттеді. БҚО Тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыдықовтың айтуынша, тарихшылар құнды жәдігер біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғасырға, яғни ерте сарматтар дәуіріне тиесілі деп болжады.

 

Нұрлыбек РАХМАНОВ,

арнайы kazmuseum.kz үшін. 

 

 

 
4761 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper