Анонс


Ұлттық музейдің алғашқы экспедициясы өз жұмысын бастайды

Жұма, 01 Тамыз 2014 16:26
Ұлттық музейдің алғашқы экспедициясы өз жұмысын бастайды KAZMUSEUM.KZ -  

АСТАНА. 1 тамыз. BAQ.KZ – Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері музейдің ғылыми жұмыстар бойынша директордың орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Олжас Шарнияздановтың жетекшілігімен Солтүстік Қазақстан облысындағы энеолит дәуірінің бірегей ескерткіші - Ботай қонысына зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін археологиялық экспедицияға шығады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық музей осы экспедиция арқылы дербес ғылыми мекеме ретінде алғашқы дала жұмысына кірісіп, ғылыми-зерттеу қызметін бастайды.

Экспедицияның мақсаты Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін орны ерекше ескерткішті зерттеп қана қоймай, сонымен қатар ғылыми қызметкерлердің әлеуетін кешенді және жан-жақты дамыту және Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық археологиясының әртүрлі бағыттары бойынша ғылыми тақырыптар бекіту болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорын Ботай қонысына байланысты материалдармен толықтыру мақсатындағы ғылыми жүйелеу және лабораториялық өңдеу жұмыстарына қатысты жұмыс жасау да маңызды бағыттардың бірі болып саналады. 

Археология профессоры, т.ғ.д. Виктор Зайберт қызметкерлер үшін Ботай энеолит қонысына жүргізілетін қазба жұмыстарының әдістері бойынша шеберлік-сыныбын жүргізеді.

Мәлімет үшін айта өтейік, Ботай археологиялық ескерткіші 1980 жылы ашылды. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан. Қоныстың аумағы 15 гектар. 

Осыдан 30 жыл бұрын қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт ежелгі әлемнің дамуы туралы көптеген түсінікті өзгерткен Ботай энеолит қонысын ашты. Еуропалық ғалымдар дәл осы жерде жылқының қолға үйретілгенін дәлелдеді. Қазба жұмыстарының басталғанына бір апта өтісімен-ақ 40 мыңнан астам артефакт жинауға мүмкіндік туды. Жүргізілген қазба жұмыстары барысында 200 мыңнан астам артефакт жиналды.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

3234 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper