Анонс


XIX-XX ғасырлардағы Ақмола өңіріндегі қазақ қыстаулары туралы

Дүйсенбі, 01 Қараша 2021 15:49
XIX-XX ғасырлардағы Ақмола өңіріндегі қазақ қыстаулары туралы KAZMUSEUM.KZ -  

Кіріспе. Сібірдің орманды даласынан Жетісудың таулы аңғарының арасы аздап жоталы, шөлді-шөлейтті, мол сулы алқапты құрайды. Бір жағы Алтай тауларынан басталып Торғай үстіртін басып өтіп Мұғалжарға дейін жалғасатын кең жазық даланы Сарыарқа деп атаймыз. Оны кейін «Ұлы Дала» деп кеңінен қолданып жүрміз. Бір жағынан бұл үлкен өркениеттердің «коридорынада» орналасқан ұланғайыр алқап.

Табиғаты құбылмалы, қысы қатал әрі ұзақ, екінші жағынан шөбі шүйгін малға жайлы, көші-қонға икемді, тіршілікке жайлы, сондықтанда осы дала, тарихта талай шайқастардың көзін көрді, қанын сіңірді.

Осы кеңістікте мекендеген халықтың тұрмыс-тіршілігі, салты мен дәстүрі, мінез-құлқы тылсым табиғатпен ұштасып жатыр. Бұл бір жұмбақ әлем. Адамзат мәдениетінің биік деңгейі. Табиғат пен адам заттың үйлесімділігін сақтаған орта. Осы себептіде, айналасын қоршаған жаратылыстармен түсіністікте өмір сүріп келген қазақ халқының тума мәдениетініңде шоқтығы биік, әрі шынайы. Біз қарастырғалы отырған тақырып қазақ мәдениетінің ерекше тұстарын көрсетеді. Қазақ халқына таңылған «Көшпенді», «Номад» дегендей түсініктер бұл халықтың мәдениетнің толық бейнесін көрсете алмайды.

Қазақ қыстаулары отырықшылықтың және мерізім-мезгілмен көшіп жүретін өмір салтының ерекше белгісі. Ш.Ш. Уәлиханов қазақтардағы мал шаруашылығының ерекшелігі туралы айта кетіп қыста қыстаусыз, жазда жайлау мен көктеусіз қазақтың жері қанша үлкен болсада оларды асырай алмауы мүмкін екенін айтады. Қазақ халқының тұрмыс қағидасында табиғатқа, өмірге бейімділіктің сан алуан қырын көре аламыз. Сол себептіде қазақ халқы мәдениетке бай. Шаруашылықтыңда кез келген түрін кездестіруге болады. Яғни бір саладағы мәдениетті қамтымайды.

Қазақ даласында қыстаулар өңірлерге оның климатына, жер-бедеріне, флорасы мен фаунасына байланысты сан түрлі болып келеді.

Қыстау анықтамасы. Жалпы қыстау деген не? Осыған тоқталып өтсек. Қыстауға Махмуд Қашқаридың 1969 жылы орыс тіліне аударылған «Түрк тілдерінің сөздігі» еңбегінде жақсы түсініктеме береді. Онда: «QÏŠLAY» - зимовка, зимовье, QÏŠLA зимовать, QÏŠLAYLAN избирать место зимовки»-деп айтылған және қосымша мысалдарда келтіреді. Яғни, қыстау немесе қыстақ көне түркі сөзі. Біздің түсінгеніміз «қыстау» - бұл қыс мезгілінде мекен ететін жер. Ал, «қыстақ» - қыстаудағы тұрғылықты мекен-жәй, үй т.б. Қыстау туралы Рабиға Сыздықова «Қадырғали Жалайыридің «Жами’ат-тауарих» атты жылнамасындағы (XVI ғ.) қазақ тіліне қатысы бар сөздердің қолданысы» туралы жазған қосымшасында, ондағы кездесетін қыстау өзінің қолданысы туралы: «Йайлақ, қышлақ – жайлау, қыстау. Мауази йайлақы, қышлақы берілді»-деп атап өтеді. Ондағы қыстақ пен қыстау бір сөз екенін айтып отыр. Соған қарағанда, қыстау сөзінің екі мағнасы бар біріншісі, қыста мекен ететін жер, екіншісі сол мекенде қыс мезгілінде тұру.

Орта ғасырлық деректерде: «Жайлаулары мен қыстаулары көп Мұғулстан атымен белгілі мекендер..», «Шыңғыз хан мен Оң хан Үнгі (қорғаннан) өтіп, атауы Абжийа Кутагар аталатын қыстауда қыстады..» деген жалғасты тіркестер көп кездеседі. Онда қыстаулардың көбі қалалар, қар аз түсетін құмдық аймақтар болып келеді. М.Дулатидың «Тарих-и Рашидиінен» бір үзіндіде Моғолстан билеушісі Сұлтан Саид ханның 1513-1514 жылдары қазақ ханы Қасыммен Шу өзенінде кездесуі туралы баяндайды. Онда: «Жаз айының аяғы еді. Қазақтар Қасым ханның бұйрығымен қыстауға бет алды. Қасым хан: «Бұл кезде Шейбанға шабуыл жасау қиын. Дала елі қазірден қыстың қамын жемесе болмайды. Қазіргі кезде жорық жасау мүмкін емес. Әрі бұл уақытта әскер де жинала алмайды», - деді. Бұл туралы зерттеуші В.П. Курылев еңбегінде де кездеседі.

Қазақ халқыныдағы қыстауға байланысты мақал-мәтелдер. Қазақ-мақал –мәтелдерінің өзінде қыстау туралы көп дүние бар. Соларға тоқталып өтсек:«Жағасы жайлау, төсі қыстау», «Жазда сайға қонба, Қыста қырға қонба», «Қатты қыста қамысты сағала, Басыңа пана, малыңа қора», «Қысың қатты болса, қопалы көлді қыста, Заманың бұзық болса, бір жақсының етегінен ұста», «Сусыз жерде қамыс жоқ, Азған елде намыс жоқ», «Сөз шынға тоқтайды, Су шымға тоқтайды», «Пышақ қынға тоқтайды, Қой өрісі қорадан» т.б.

Сонымен қатар,

«Басына Есіл – Нұра тұспа тұстау,

Бар еді нар өркешті құмандай тау.

Жан-жағы терең шатқал, шымдақ,

сортаң Жұрт оны десетұғын теріс қыстау» - деген жолдар кездеседі.

XIX ғасырдағы қазақ қыстауларының жойылу себептері. Қазақ қыстауларының өзгеруі немесе оның жйылуы ресейдің отарлық саясатымен тікелей байланысты. Ол туралы: «кейінгі кездері қазақтар қыстау салмайды, қыста орыс мәдениетімен аралас отырады. Қысы жазы кигіз үйлерде мекендейді» -деп айтылса ендібір жыр жолдарында: «Қыстау мен жайлауыңды орыс алып, Мұнартып бұзылып тұр біздің заман»-дейді. Патшалық Ресейдің отырықшылдандыру саясаты, көші-қонның көптеп орналасуы және қыстауға лайықты жерлердің барлығын орыс-казак атамандарына мен шаруаларына берілуі бір жағынан мал өліміне екінші жағынан ру аралық кикілжің мен дау дамайға әкеліп тіреді. Сонымен қатар табиғи апат салдарыда өз үлесін қосып отырды ол туралы «Обзор Акмолинской области за 1881 год» жинағында : «Ақмола уезі, есепті жылы, өткен көктемде өрт болып, ол жел арқылы тарап, ұзақ уақытқа созылған өрт кең далаға жайылып, көптеген қазақтардың қыстауларын қиратты» - деп тоқталады. Қазақ отырықшылығының нәтижесі әр түрлі қауым өкілдерін қалыптастырды солардың бірі жатақтар. Кейін келе жатақ сөзінің шығуыда осы тұрақтап отыру, көшіп жүруді тоқтатуға тіреді. Бұл туралы Р.Сыздықова: «Қазақ қауымының әлеуметтік структурасында әңгіме етіп отырған кезеңде бой көрсеткен топтың бірі – жатақтар. Жатақ сөзі – XIX ғасырдың өн бойына бір ғана мағынаны тапжылмастан білдіріп келген сөз емес. Жатақ деп аталған қоғамдық категорияның әлеуметтік күйінің (мәні, болмысы) өзгеріп отырғанына орай, жатақ сөзінің де мағынасы құбылып отырған. О баста (кейін де) сірә, жатақ деп көш-қон көлігі жоқ болғандықтан, коллективпен бірге жайлауға шыға алмай, қыстауда қалып қойған кедейлер тобы аталса керек: Кедейің қайтіп күн көрер, Жаз жатақта жатқаны (Шортанбай, 156)» - деп атап көрсетеді.

Ақмола маңындағы Бозоқ қалашығы аумағындағы «Бозоқ қыстауын» Патшалық ресейдің дендеп ене бастаған кезеңіне жатқызамыз. Оған археологиялық қазба жұмыстары барысында қыстау орнынан табылған «Кузенцов фарфорынан» жасалған ыдыстар мен ресей империясының гербі бар әр түрлі жәдігерлер дәлел болып отыр. Қазаба жұмыстары барысында мал сүйектері арбаның қалдығы, кілегей машинасы сияқты жәдігерлер табылды. Үй құрылысы негізінен шикі кірпіштен қолданылған, бірақ пеш айналасында XX ғ. басына жататын заводтан жасалған кірпіштерде кездеседі. Соған қарағанда, бұл жерде орналасқан қазақ қыстаулары қалалық мәдениетке әсіресе енді қалыптасып келе жатқан сол кездегі Ақмола бекінісімен тығыз байланысты болды деп айтуға негіз бар.

Қорта келгенде қазақ қыстаулары қазақ мәдениетінің үлкен белгісі. Қазақ жеріндегі архитекруалық құрылыстың бір көрінісі. Қыстаулардың өзгерісіде халықтың мәдени сатының деңгейін көрсетеді. Ол әсіресе XIX ғасырдағы орыс отарлауынан кейін көрініс тапты. Қыс суық, мал қорада, қол бос. Бір жағынан қыстау көшпелі-тіршілік өмірдің бөлшегі. Қыстау шаруашылыққа қолайлы, үйде отырып зерігерлік, ағашшылық, ұсталықпен айналысатын таптырмас орын.

 

Қажымұрат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас инспекторы

 

Мақала ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің № BR10164134 «Нұра-Есіл өзенаралық культурогенезінің қалыптасуындағы палеогеографиялық фактор: үй құрылысының ерекшеліктері және оның эволюциясы» атты ғылыми жоба аясында жазылды.

 


 

1494 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper