Анонс


Ұлттық музей Ақмола облысын зерттеулерді қолға алды (ФОТОРЕПОРТАЖ) Таңдаулы

Сәрсенбі, 21 Қыркүйек 2016 03:57
Ұлттық музей Ақмола облысын зерттеулерді қолға алды (ФОТОРЕПОРТАЖ) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ұжымы еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуде, оларды сақтау мен насихаттауда жемісті ізденістер атқаруда. Институт алдына қойған мақсатқа сәйкес қабылданған міндеттер кешені әр тарапты жұмыстарды қамтиды. Солардың ішінде тарихи-мәдени мұраны зерттеп қана қоймай, сонымен қатар, құрдымға кетіп бара жатқан асыл жәдігерлеріміз бен нысандарымызды қорғау, оларды уақыт «ажалынан» аман алып қалу.

 

Ақмола облысындағы жаңа зерттеулер

 «Халық қазынасы» ҒЗИ және облыс орталықтары, қалалық жерлерде орналасқан бірқатар тарихи-мәдени мұраны қорғау мен пайдалану орталықтары арасында ынтымақтастық жөнінде меморандум жасалды. Сондай мекемелердің қатарында Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ-сі кіреді.

Бұл орталықтың негізгі функциясына Ақмола облысы жеріндегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің техникалық жағдайын қадағалаумен қатар, тарихи-мәдени мұра нысандарында атқарылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын саралаулар жұмыстары жатады.

Ағымдағы жылы аталған екі мекеме арасындағы жасалған ынтымақтастық туралы меморандум негізінде бірқатар іс-шаралар кешені атқарылды[1]. Соларға тоқталып өтсек.

 

Барлау жұмыстарының барысы.

Алғашқы адамдардың тұрақтарын анықтау кезінде.

Ерте темір дәуірімен мерзімделетін, яғни ж.с.д. 7-5 ғғ. жерлеу орны.

"Этнографиялық уақыттың" мазары. 


 

«Ерейментау ауданының тарихи-мәдени мұрасы: сақтау, зерттеу мен насихаттау мәселелері» семинары

Ескерткіштер мен тарихи орындарды Халықаралық күніне орай «Халық қазынасы» ҒЗИ, Ақмола облысының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» және Ақмола облысы Ерейментау ауданы әкімдігі бірлесе отырып «Ерейментау ауданының тарихи-мәдени мұрасы: сақтау, зерттеу мен насихаттау мәселелері» атты тақырыпта семинары ұйымдастырылды. Семинарға жергілікті атқарушы орган, ҚР Ұлттық музей қызметкерлері және баспасөз өкілдері кеңінен қатысты.

Семинар екі бөліктен тұрды. Біріншісі, Ерейментау ауданы жеріндегі Құмай түрктік-археологиялық кешенінде далалық кездесу өткізілді. Осы орайда бұл кешендегі зерттеу жұмыстарын атқарған археолог, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева екенін айта кеткен жөн.

Жиналған көпшілікке археологиялық кешендегі зерттеу жұмыстарының барысымен таныстырылды. Оның болашақта Ақмола облысы бойынша туризм саласындағы бірден-бір әлеутті ескерткіш екені баса айтылды. Сонымен қатар, ескерткіштерді зерттеу мен сақтау саласында, туризм бағытында пайдалануға Құмай кешені үлгілі нысан ретінде көрсетілді.

Семинардың екінші бөлігі Ерейментау қаласындағы Үмбетей жырау атындағы Мәдениет үйінде Ерейментау ауданының белсенді топ мүшелерімен Дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелде Ерейментау ауданы жеріндегі тарихи-мәдени мұралардың бүгінгі жәй-күйі талқыланды. Жиын барысында аудан әкімі Ермек Нұғыманов, Ақмола облысының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы дирекоры Талғат Ыбыраев, «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы Оңғарұлы Ақан, бөлім жетекшілері Талғат Мамиров пен Айбар Қасенәлі тарихи-мәдени мұра саласындағы өзекті тақырыптарға баяндама жасады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Ерейментау ауданының тарих және мәдениет ескерткіштерін түгендеу мақсатында жаз айларына барлау жұмыстарын өткізу өзекті екені ескеріліп, Ерейментау ауданының тарих және мәдениет ескерткіштерін жинағының толық нұсқасын жасау жоспарланды.

 Қошқарбай 1 қорымындағы қорғау-құтқару жұмыстарына арналған 2016 жылғы далалық семинар.

Ақмола облысы мәдениет басқармасы өкілдерінің Қошқарбай 1 қорымындағы жұмыстармен танысу сәті.

Қошқарбай 1 қорымындағы қорғау-құтқару жұмыстарының барысы.

Сүйек және қола металынан жасалған заттар (қазба жұмыстары кезінде табылған). 

Қошқарбай 1 қорымындағы 2015 жылғы қорғау-құтқару жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыс. 

Қошқарбай 1 қорымындағы қорғау-құтқару жұмыстарының жалпы көрінісі.

Қошқарбай 1 қорымында 2016 жылғы қорғау-құтқару жұмыстары атқарылған №№1, 3 нысандар.

 Қошқарбай 1 қорымындағы қорғау-құтқару жұмыстарына қатысушылар (2016 ж).

 

Далалық барлау жұмыстары

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ерейментау ауданы жерінің, жалпы Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштері жинағының толықтырылып, өңделген нұсқасын дайындау мақсатында далалық зерттеу жұмыстарын атқару керек екендігін айтып өттік. Көзделген мақсатқа сәйкес ағымдағы жылы бастапқы шара ретінде барлау жұмыстары Ерейментау ауданы жеріне ұйымдастырылды.

 

Семинарға қатысушылар. Ерейментау әкімдігі, Ақмола облысы Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы, ҚР Ұлттық музей, БАҚ өкілдері.

 

Осыған байланысты мамыр айында Ерейментау ауданының бұрын зерттелмеген жерлерінде барлау жұмыстары атқарылды. Барлау жұмыстарына шықпас бұрын осы өңір бойынша белгілі барлық ғылыми, ғылыми-анықтамалық ақпарат көздері сарапталды. Оның ішінде, әрине, Ақмола облысының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы, Ақмола облысының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ-нің мұрағатындағы археологиялық жұмыстар бойынша ғылыми есептер бар.

Осы жұмыстар нәтижесінде қазіргі таңда белгілі тарихи-мәдени мұра нысандарының саны, мәдени-хронологиялық градациясы мен таралу ареалдары белгіленіп, картасы жасалды[2]. Ерейментау ауданы бойынша қазіргі таңға дейін Экспедицияның жұмысы Ерейментау ауданының әлі зерттеле қоймаған оңтүстік аймақтарына бағытталды. Барлау жұмыстары барысында тас дәуірінен ортағасырларға дейінгі мерзімге жататын 70-тен аса ескерткіштер анықталды. 40 нысанға жуық орындар тіркелген екен. Карта бойынша ескерткіштер анықталмаған немесе барлау жұмыстары атқарылмаған Ерейментау ауданының «ақтаңдақ» тұстары белгіленді және барлау жұмыстарын осы аудандарда өткізу керектігі жоспарланды.

Алдын-ала белгіленген бағыты бойынша барлау жұмыстары жүргізілді. Барлау жұмыстары Ерейментау ауданының оңтүстік бөліктерін толықтай қамтып, орталық, солтсүстік-шығыс, солтүстік өлкелерін қамтыды. Барлау кезінде бұрын белгісіз ескерткіштердің жаңа шоғыры анықталда. Барлығы барлау жұмыстары барысында тас дәуірінен ортағасырларға дейінгі мерзімге жататын 70-тен аса ескерткіштер анықталды. Анықталған ескерткіштер бойынша алғашқы далалық мәліметтер алынып, жоспары түсірілді. Ескерткіштердің басым бөлігі ерте темір дәуірінің нысандарына жатады. Сондай-ақ, қола дәуірінің де жерлеу орындары бар. Ескерткіштердің аз бөлігін тас дәуірінің тұрақтары құрайды.

Ерейментау ауданы жеріндегі барлау жұмыстары әр түрлі себептерге байланысты толық аяқталған жоқ. Алдағы уақытта барлау жұмыстары ауданның солтүстік-батыс бөлігі, Сілеті өзенінің бойы қамтылу керек.

 

Археологиялық нысандардағы қорғау-құтқару жұмыстары

Меморандум бойынша атқарылатын жұмыстардың қатырында археологиялық нысандардағы қорғау-құтқару шаралары болатын. Бұл орайда Ақмола облысы Зеренді ауданы Қошқарбай тауының солтүстік-батысында, Кеңөткел ауылының оңтүстігінде 300 м қашықтықта, ескі өзен аңғарында орналасқан. Қошқарбай 1 қорымында ізденістер жүргізілді.

Аталған ескерткіштер жайлы алғашқы мәліметтер ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жаңа әкімшілік округтардың құрылуына байланысты Ресейдің шеткі аймақтарындағы, жекелей алғанда Қазақстанның солтүстік өңірінде жүргізілген геологиялық ізденістерімен тығыз байланысты болды. Тау-кен ісінің инженері И.П. Шангиннің жазбаларында Қошқарбай тауының маңындағы қола дәуірінің кен орындары мен қоршаулары жайлы баяндалады [1, 17].

Алғашқы археологиялық зерттеулер 1940 жылдары С.А. Поповтың жетекшілігенмен жүргізілген. Бұдан кейінгі зерттеулер Солтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясы барлау тобының 1973 жылы Г.Б. Зданович пен М.К. Хабдулинаның және 1988 А.Г. Шалагиннің басшылығымен археологиялық барлау және стационарлық жұмыстар жүргізілді [2, 408]. 2006 жылы В.Ф. Зайберттің жетекшілігімен Көкшетеу археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары жүргізген.

Бұл уақыттар аралығында VIII, IX, Х Кеңөткел қонысында, I Қошқарбай қорымында, XXI Кеңөткел тұрағында және т. б. қазба жұмыстары жүргізілді [3, 219].

Аталаған қорымда 2005 жылдан бастап Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ-нің мамандары тарапынан зерттеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қорымда есепке алынған 150 дес аса ескерткіш нысаны бар. Қорымның оңтүстік батыс шетіндегі қыраттың үстінде ерте темір дәуірінің обалыра бар. Облардың аумағы 1-6 м, биіктігі 0,5 – 1,5 м болып келетін, құрылысы шеңбер тәрізді тас, топырақ үйінділірінен тұрығызылған. Обалардың дерлігі тоналып кеткен және ортасындағы ойық шұңқырлары анық байқалады.

Осы обалардан солтүстікке қарай жалғасқан қазіргі заманғы және ХІХ-ХХ ғғ. жататын тас үйінділермен көмкерілген бейіттер бар.

Қорымдағы қола дәуіріне жататын обаларды төрт топқа бөлуге болады. Солтүстік топтағы обалар саны 12, мұндағы обларардың құрылысы тік бұрышты және сопақшалау болып келетін, ал қабір шұңқыры жерден қазылған. Оңтүстік топтағы обалар саны 12 және мұндағы обалардың қабір үстіне тұрғызылған құралыс шеңберлі қоршаулар болып келеді. Шығыс топтағы обалардың саны 48 және мұндағы обалар түп жағы жерге көмілген тас қоршаулардан тұрады.

1973 жылы жүргізілген зерттеулер кезінде бір қоршаудың жанынан жерде құлап жатқан тасмүсін табылған.

Үстіміздегі жылдың шілде-тамыз айларында археологиялық ескерткіштерді қорғау-сақтау жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында Қошқарбай қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында қорымның солтүстік-батыс жағында орналасқан қола дауірінің ерте кезеңіне жататын №1, 2, 3 тас қоршауларда археологиялық қазба жүргізіліп, соңынан қайта қалпына келтіру жұмыстары іске асырылды.

Зерттеу нысаны ретінде алынып отырған бұл қорымдағы обалар мен қоршаулар антропогендік жағдайдан және шаруалышық жұмыстарының салдарынан бұзылып, құрып кетудің аз ғана алдында тұрған ескерткіштер санатында. Қоршаудың жиегіне тігінен қойылған жалпақ тастарды ауыл тұрғындары құрылыс нысандарын салуға пайдалану мақсатында алып кеткен болса, қалған тастар ішке-сырқа құлап топарақтың астында көрінер-көрінбес күйінде көміліп жатыр.

Ағымдағы жылы 3 нысанда қорғау-құтқару жұмыстары жүргізілді. Аталған шараға Ш. Уалиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов университетінің студенттері мен түлектері, Кеңөткел ауылының жастары қатысты.

Қазба жүргізілген №1 тас қоршаудың диаметрі шамамен 6.5 м, біктігі 0,8 м, табиғи жерге дейінгі топырақ үйіндісінің қалыңдығы 0,45 м. Қоршаудың ішінде екі жерлеу орны кездесті. Бірінші ашылған жерлеу орны қоршаудың солтүстік-шығыс жиегінде, ортасында, ал екінші ашылған негізгі жерлеу орны тас қоршаудың ортасында оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай бағыттала орналасқан. Бірінші жерлеу орны қоршаудың жиегіне және табиғи жердің бетіне қойылғандығына қарағанда кейінірек жерленген болса керек. Бұл қоршаудағы жерлеу орындарының беті ағаш сырықтармен бекітілген. Олардың ішін тазарту барысында қыш ыдыстың сынықтары мен адам сүйектері кездесті.

№2 тас қоршаудың диаметрі шамамен 8 м, биіктігі 0,6 м, табиғи жерге дейінгі топырақ үйіндісінің қалыңдығы 0,5 м. Қабір шұңқыры қоршаудың ортасында, шығыстан батысқа қарай бағыттала орналасқан. Табиғи жер деңгейінен 55 см болатын шұңқырды тазарту барысында қыш ыдыстың сынықтары мен ұсақ малдың  жілік сүйектері аршылып алынды.

№ 3 тас қоршаудың диаметрі шамамен 6,2 м, биіктігі 0,13 м, табиғи жерге дейінгі топырақ үйіндісінің қалыңдығы 0,5 м. Қоршаудың солтүстік жиегінің ішкі жақ іргесінен екі, ал қоршаудың солтүстік-батыс жиегінің сыртқы жақ іргесінен бір археологиялық бүтін қалпындағы қыш көзе табылды. Тереңдігі 0,5 м келетін қоршаудың орталық бөлігінде орналасқан жерлеу орнының жоғарғы қабатынан жылқының қаңқасы кездесті. Оның астынан ашылған жерлеу шұңқыры оңтсүтік- батыстан солтүстік- шығысқа қарай бағытты орналасқан. Шұңқырды тазарту кезінде оның беті ағаш сырықтармен жабылғандығы анықталып, ішінен жабайы аңның азу тістерінен жасалған төрт бойтұмар мен төрт қола моншақ және қыш ыдыстың сынықтары кездесті.

Төңірегі тұмса табиғат тіршілігіне бай, тас дәуірінен ортағасырларға дейінгі уақыттарды қамтииын ескерткіш нысандарының дәл осы қорым маңында шоғырлануы, сондай-ақ ескерткіштің орналасқан жері Көкшетеу қаласына жақын орналасуы сияқты басымдықтарын ескере отырып бұл аймақты кезенді түрде зерттеу мен туристік нысанға айналдыруға оңтайлы нысан.

 

Дөңгелек үстел барысы. Солдан оңға қарай: Ақмола облысының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы дирекоры Талғат Ыбыраев, Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ басшысы Оңғарұлы Ақан.

Дөңгелек үстелге қатысушылар. Ерейментау ауданының белсенді топ мүшелері.

ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ бөлім жетекшісі Талғат Мамиров.

  

 

Материалды дайындаған:

С.Ғ.ЕСЕНОВ,

А.Е.КАСЕНАЛИН



[1] Ақмола облысы бойынша тарихи-мәдени мұраға жанашырлық танытып, жұмыстарға қолқабыс білдіріп жүрген Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөкейханқызы Бөрібаеваға ерекше алғысымызды білдіреміз.

[2] Ерейментау ауданының тарих және мәдениет ескерткіштерінің таралу картасын жасаған, «Халық қазынасы» ҒЗИ ғылыми қызметкері Қалибек Асылбеков.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Байпақов К.М., Таймағамбетов Ж.Қ. Қазақстан археологиясы: Жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы. –Алматы, 2009. – 570 б.
  2. Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Акмолинская область. – Алматы: Аруна, 2009. – 568.
  3. Алтайдан Каспийге дейін. Қазақстанның табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштері мен көрнекті орындарының атласы. 3 томдық. ‒ Алматы, 2011. ‒ Т. 1. ‒ 584 б., карталар, суреттер.

 

3699 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper