Жамбыл облысы бойынша туристік маршруттар әзірленуде

Бейсенбі, 18 Ақпан 2016 01:04
Жамбыл облысы бойынша туристік маршруттар әзірленуде KAZMUSEUM.KZ -  

Жамбыл облысында туризмді дамытуға алғышарттар бар. Бұл туралы kazmuseum.kz тілшісіне Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Облыс «Жiбек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту, түркi тiлдi мемлекеттердiң мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыру, дамыту, туризм инфрақұрылымын құру» мемлекеттiк бағдарламасына іліккен, облыстың ішкі және халықаралық туризмнің дамуы үшiн үлкен мүмкiндiктерi бар. Облыс арқылы Ұлы Жібек Жолының бөлігі (Сайрам кенті - Тараз - Акшолак-Ақыртөбе станциясы - Құлан - Меркі - Шу - Аспара - Қордай ) өтеді, жол бойында тарихи және мәдени қызықты ескерткiштер орналасқан. Жібек жолы бойындағы 5 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне енгізілді (Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы, Т.Рысқұлов ауданындағы Өрнек, Құлан қалашықтары, Байзақ ауданындағы Қостөбе қалашығы және Жамбыл ауданындағы Ақыртас кешені).

Қазіргі кезеңде аймақтық туризм дамуының негізгі артықшылығы «Ежелгі Тараз» жобасы болып табылады.

Жоба Тараз қаласының орталық бөлігінде көлемі шамамен 20 га жерде орналасып, археологиялық және туристік парктерден тұратын болады. Нысандардың біртұтас ансамблін ежелгі шығыс стилінде (ежелгі өркениет қазба жұмыстарына қатысу, табылған артефактілер музейі, шығыс базарлары және шеберлер қаласы, қонақ үйлер, сауда орталықтары және т.б.) құру жоспарланған.

Бүгінгі күні облыста 42 туристік фирма, 1 киіз үй қалашығы, 1 сауықтандыру кешені, 5 демалыс орталығы, 10 балалар сауықтандыру лагерлері, бірегей шипалы балшық және минералды суларымен 5 шипажай, сауықтандыратын орындар жұмыс істейді.

Жамбыл облысы бойынша туристік маршруттар әзірленуде.

Атап айтқанда, «TARAZ TRAVEL» туристік компаниясымен «Көне Тараз Маржандары», «Ақыртас жұмбақтары», «Аспан асты жолдары», «Ақсу Жабағалы» музей - қорығына экскурсиялар және «Ұлы Жібек жолы» тур маршруттары бар.

Сонымен қатар, «Золотой Караван» Туристік орталығының тур маршруттары: «Көне Тараз бүгін», «Архитекторлық ескерткіштер», «Ақыртас жұмбақтары», «Қарлы шыңдардан құмды жоталарға дейін», «Тараз Даму» туристік фирмасының «Көксай» қазақ ауылы атты маршруты қолға алынады.

 

1371 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper