Анонс


Экспозиция залдарын қалай жабдықтауға болады?

Бейсенбі, 17 Сәуір 2014 12:53
Экспозиция залдарын қалай жабдықтауға болады? KAZMUSEUM.KZ -  

Қайырлы күн! Музейдегі экпозиция залдарын қалай жабдықтауға болады? Экспонаттарды орналастырудың белгілі бір тәртібі бар ма?

Еркебұлан, Шығыс Қазақстан облысы.

Экспозиция залдарын жабдықтауға қатысты сұрақ қойған Еркебұланның сауалына орай төмендегі ережені ұсынамыз. Аталған ереже еліміздің жетекеші музейлерінде қолданылады. 

Ереже 

1. Экспозиция залдарын жасақтау мен жабдықтауда жәдігерлерді көрсетудің жақсы жағдайы, олардың ұрлану мен уақытынан ерте тозып, бүлінуінің алдын алатын шаралар жасау мүмкіндігі қарастырылады.

Жәдігерлердің ұрлануының алдын алу үшін экспозициялық жиһаздар (әртүрлі типтегі витриналардың) күзеттік дабылмен жасақталады. Құнды жәдігерлерді шынысыз көрсетуге тиым салынады. Ашық экспозициялардағы витринасыз ірі жәдігерлерге қоршау жасалып, макеттер мен үлгілер міндетті түрде шыны қалпақпен жабылады.

2. Жәдігерлердің қызып, жануынан сақтау мақсатында оларды жылыту құралдарынан, электр лампаларынан 1,5–2 метрден кем болмайтын қашықтықта орналастырады. Экспозициялық залдар арнайы өртсөндіргіш құралдармен қамтамасыз етіледі.

3. Экспозициялық залдар температуралық-ылғалдылық тәртібін бақылайтын құралдармен жабдықталады.

4. Барлық шкафтар мен витриналар шаңнан таза болу керек.

5. Қағаз материалдардың барлық түрлерін көрсету залдарды жарықтандырумен тығыз байланысты. Жағдайына байланысты оларды көрсетудің жалпы мерзімі жылына 6 айдан аспау керек.

6. Кескіндеме шығармалары жиектеліп немесе рамкаларға салынып, витриналардың астында көрсетілуі қажет және паспартуы жасалған қағаздың құрамында лингин болмау керек. Кескіндемені жиектегенде жұқа тақтайды (фанераны), қағаз қабаты жоқ тақтайды қолдануға болмайды.

7. Ескі фотосуреттерде көркемсурет кескіндемесі сияқты витриналарда, шынының астында, паспартуымен көрсетіледі. Олардың көрсетілу мерзімі бір жылдан аспау керек. Ал тұрақты экспозицияларда олардың орнына фотокөшірмелер қолданылады. 

8. Маталарды, костюмдерді, бас киімдерді, аяқ киімдерді шынылы витриналар мен шкафтардың ішінде көрсетеді. 

Киімді көрсеткенде манекендер қолданылады. Егер киімдер ілгіштерге ілініп көрсетілсе, ілгіштердің жұмсақ төсемі болуы керек. Илеп жасалынған және өте ескі маталар, сонымен қатар алтын, күміс жіптер қолданған маталарды көлденең жатқызып көрсету керек. Бұл маталарды ілу үшін, олардың іш жағынан матадан қосалқы қалта тігіліп, оған ілмек жасалады. Жәдігер сол ілмек арқылы ілініп қойылады.

Кілемдер мен гобелендерді көрсеткенде, оларды сәйкес мөлшердегі кенеппен тартылған жақтауға тігілген басқа ұзынша матаға бекітеді.

9. Жиһаздарды көрсеткенде оларды көлемі экспонаттан үлкен, биіктігі 10 см – ден кем болмайтын тұғырға орналастырылады.

Үлкен құмыралар, үлкен мөлшердегі мүсіндер арнайы тумба – тұғырларға орналастырылады.

10. Музей бөлмелерін шаңнан, шыбыннан, кеміргіштерден сақтау мақсатымен терезелер мен желдеткіш тесіктерін сүзгіштермен, метал торлармен жабдықталады.

 

6791 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper