Анонс


Музей педагогикасын дамыту: өзекті мәселелері және оны шешудің жолдары

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 16:18
Музей педагогикасын дамыту: өзекті мәселелері және оны шешудің жолдары KAZMUSEUM.KZ -  

Музей – халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтап, өткен мен бүгінді жалғап отырған ғылыми-мәдени, рухани мекемелердің бірі. Музей жәдігерлері – халық тарихы мен өнерін қамтитын талай замандардың тірі куәлары. Олар халықтың ұзақ ғасырлар бойындағы тірлік-тынысының айқын көрінісі, салт-дәстүрлердің жарқын іздері. Музей педагогикасы мәдени, ғылыми, ағарту салалары бойынша музейдің потенциалын, методологиясын іске асырушы қызметін атқарады. Ендеше, әлемдік мәдениетте адамзаттың ыждаһаттылықпен жинақтап, қастерлеп сақтаған құндылықтарын жастарға насихаттай отырып, тарихи білім беру үшін тарихи-мәдени кеңістік – музейге алып келу керек. Өйткені, музей белгілі бір тұлғаны қоғамнан тыс мәдениет әлеміне кіргізіп, биігіне шығарады. Бүгінде біздің ұрпақ тәрбиесінде қалыптасқан оқу-білім жүйесіне музейлердің қосар үлесі зор.

Ұлттық құндылықтардың уызына қанып өскен, мемлекеттік игіліктерге сусындаған ұрпақ тәрбиелейміз десек, онда музей педагогикасының атқарар рөлін ескеруіміз керек. Жалпы, «музей педагогикасы» – біздің оқушылардың ұлттық-мәдени сәйкестілікке қол жеткізуіне, осылайша жан-жақты мәдениетті тұлға тәрбиелеуге еңбек ететін ғылым саласы. Қазіргі жаһандану үдерісінің даму кезеңінде білім ордаларының негізгі қызметі жас ұрпаққа оқу мен кәсіби білім ғана беріп қоймай, жан-жақты жетілген, эстетикалық талғамы биік, рухани-адамгершілік мәдениеті жоғары, әлемдік мәдениеттен хабары бар, ұлттық құндылықтарды қадірлей білетін, отаншылдық рухтағы тұлға етіп қалыптастыру. Музейдегі жәдігерлер оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуге көп көмегін тигізуде. Себебі, оқушыға көп мағлұматты ауызша жеткізгеннен, бір нәрсені көзбен көрсету көкейге қонымдырақ болатыны ғылымда дәлелденген. Туған жер алдындағы, оны жайлаған ел алдындағы парызды қастерлеу сезімі ғылыми жаңалықтар мен хабарламалардан ғана емес, көне-көз мұраны көріп, көңілге тоқу арқылы да тәрбиеленеді емес пе?! деген Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың пікірі музей ісінің ұлт болашағы мен бала тәрбиесіндегі алар орнының ерекше екенін сипаттайды. Музей педагогикасы 20 ғасырдың басында Германияда ғылыми айналымға енгізілді. Осы уақыттан бастап музейлер оқу-тәрбие мекемелері ретінде қалыптаса бастады. Біздің елімізде музей педагогикасы 1970 жылдың басында айналымға ене бастады. Музей – келушілердің (оқушылардың) бос уақытын қызықты өткізетін орын ретінде ғана емес, нағыз тарихи айғақтардан тұратын мекеме ретінде білім жүйесіне көмекке келуі қажет. Осылайша, музей мен білім жүйесі бірігіп, адамның рухани байлығы мен тарихи білімін қалыптастыру жолында бір бағытта жұмыс жасауы қажет. Дегенмен, білім жүйесіндегі рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, тарихи-өлкетану тәрбиесін берудегі тәжірибені музеймен бірлесе отырып жүргізу қазіргі таңда кең өріс алуда.

Музей педагогикасы түрлі әлеуметтік және жас ерекшелігіндегі келушілер топтарының қажеттілігін сараптайды, олардың экспозицияларды қабылдау ерекшеліктерін зерттейді және олармен жұмыс істеудің сараланған әдістерін өңдейді. Музейлік заттар, яғни құндылықтар белгілі бір оқиғалар мен тұлғалар жөнінде ақпарат беретін дереккөз ретінде көрерменге эмоционалды түрде әсер ете алады, өткен шаққа, қолөнершінің әлеміне ойша кіру арқылы сол оқиғаға, кезеңге қатыстылығын сезіне алады. Дәл осы әдіспен бала жүрегіне көпір салып, дұрыс өмірлік бағыталуына, өмірдің мәңгілік құндылықтарын түсіне білуіне көмектесуге болады. Музей педагогикасының мақсаты да осы. Оқу орны беретін тәрбиенің жалғастырушысы, заттай көрнекіліктермен толықтырушы мәдени-ғылыми ошақтардың бірі – музей. Музей экспозициясының көмегімен тарихи кезеңдерді толық зерттеп, заттай деректермен көрсетіп, әр жәдігерді сөйлету арқылы білім мен тәрбиені егіз беру музей педагогикасы болып табылады.

Музей педагогикасы оқу орындардың үздіксіз білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Білім және тәрбие ошақтарының мұғалімдері өскелең ұрпақты бірігіп тәрбиелеуге музейден көмек сұрап келуде. Мұғалім бала санасына сіңіргісі келген білімін музей педагогикасына сүйене отырып беруі – музей және білім ошағы үшін де үлкен жетістік. Музей педагогикасының негізгі мақсаты – жас ұрпақты музейге тарту, тұлғаның шығармашылық дамуын жүзеге асыру. Сондықтан, қазіргі таңда музей педагогикасын инновациялық педагогикалық технология деп қарастырады. Психологиялық зерттеулер музейлік біліми-мәдени кеңістікте көп болатын баланың ой қызметін қалыптасатындығын тұжырымдауда. Оқушы мәдениетін қалыптастыру жүйесінде музей педагогикасын инновациялық технология ретінде пайдаланудың қағидалары: көрнекілік; қолжетімділік; динамикалық; материал құрылымының маңыздылығы (балаларға қызықты болуы); музей коллекцияларымен таныстырудағы жүйелілік, яғни реттілік; гуманизм; ақпаратты қабылдау кезіндегі балалар фантазиясы мен сұрақтарын ынталандыру, мадақтау, тұлғаны көтермелеу; музейлік құндылықтарды меңгерудегі балалардың белсенділігі.

Музей педагогикасы технологиясын құрудағы әдістемелік аспектілерге сүйенсек, балалармен жұмыс жасауда берілген ақпараттың сапасы мен саны маңызды емес, бастысы балалардың бойында шығармашылық белсенділікті арттыру болып табылады. Музей экспозициясымен танысу барысында міндетті түрде тәжірибелік бөлімді қосу керек. Оларға ойын-сауық, квест сабақтары, ойын-саяхаттар, ойын-графикалық жаттығулар, интеллектуалды-шығармашылық ойындар, әдеби шығармалар сюжеті бойынша ойындар жатады. Ойындардан басқа схема, аппликациялық коллаждар, суреттермен әрленген музей күнделігін толтыру, сурет салу, ермексазбен жұмыс істеу, ертегі ойлап шығару (музейде көргенінен). Музей экспозициясы мен танысу мен ұғынудағы жаңа технологиялар әрбір жас өренге зиялы адам болуға, жастайынан мәдениет пен ғылымға бейімделуге мүмкіндік береді.

«Музей экспонаттарын қолмен ұстауға болмайды» деген қағида халық жадына сіңіп кеткен. Швейцар педагогы Иоганн Генрих Песталоцидің «Білім беру процесінде ақыл, жүрек және баланың қолы бірге қызмет атқару керек» деген сөзі бұл қағидаға қарсы келе алады. Музейдің көрнекілік ұстанымдарына жәдігерді ерекше етіп көрсету, оны ұстап көруге мүмкіндік беру сынды қағидалар жатады. Кеңес үкіметі кезінде экскурсант бейтарап көруші болып келді, ал қазіргі музейлерде экскурсант – экспозиция жасаушы, шығармашылық процеске қатысушы. Мысалы, интерактивті экскурсиялар жасау арқылы балалардың аталар киген мәсісі мен әжелер киген кимешекті киюі, қыз балалардың ұршық иіруі, сабаумен жүн сабауы, батырдың қару-жарағын қолмен ұстап көруі – балалардың сол процеске қатыстылығын сезінуге, экспозицияның шығу тарихына үңілуге, материалды тез әрі жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Музей шығармашылық тұлғаны қалыптастыратын тәрбиенің ажырамас бөлігіне айналды, әрбір жас өрен музейден шыққанда ой-өрісінің бірсатыға көтерілгенін байқап, өмірге деген үлкен сенімділік пайда болады десек, артық айтпаймыз.

     Музеология саласындағы өзекті мәселелердің бірі – балалар музейі арқылы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру. Біздің елімізде Балалар музейі оқушылар сарайы ішілік, мектепішілік музей ретінде тар шеңберде дамып отырғаны шындық. Қазақстандағы музейлер көбіне тарихи-өлкетанулық бағытта жұмыс істеп келеді. Ал, балаларға арналған музейлер жоқтың қасы. Биыл біз музейімізде халықаралық музейлер фестивалін өткізген болатынбыз. Фестиваль аясында музей мамандарына арналған семинар өткен болатын сонда Анкара университетінің Педагогикалық ғылымдар факультетінің бейнелеу өнері және пәнаралық музей білімі кафедрасының бастығы, профессор, доктор Айша Чакир Ильхан өз дәрісінде Түркиядағы Балалар музейінің жұмысы оның дамуы, пайдасы және оның қажеттілігі туралы айтқан болатын.  Балалар музейі – балалар аудиториясына арналған балалардың сұраныс талабына сай, олардың жас ерекшелігіне сай интерактивті экспозиция құрылған, олардың шығармашылық қабілетін арттыратын, ойлау қабілетін шыңдайтын, үйірме, клубтар, курстары жұмыс жасайтын, балалардың ептілігін қалыптастыратын ойын алаңдарымен жабдықталған музейлер жүйесі.  Музей – қандайда бір жас мөлшеріндегі балалар болсын ой-өрісін, ойлау, көру, есте сақтау танымын, қызығушылық өрісін кеңейтеді. Балалардың қызығушылығын қалай оята аламыз? Әрине, ол үшін жаңа инновациялық технологияларды пайдалану керек. Музейге балаларды тарту өте қиын. Балаларды ескі әдіспен жасақталған экспозиция мүлдем қызықтырмайды. Балалар музейден түрлі техникамен, жаңаша әдіспен көркемделген бейнелерді көргісі келеді. Бүгінгі музей тарихи жәдігерлер сақталатын қойма емес, тарихты заман ағымына сай озық технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өз көрерменін жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ететін рухани орталық болуға тиіс. Болашақта елімізде балаларға арналып жаңа музейлер салынса, жеріміздің табиғи-тарихи қасиетті жерлерін, этнографиясын, өңірімізден шыққан атақты тұлғаларымыздың өмір жолы мен еңбегін, ерліктерін түрлі шығып жатқан заманауи әдіспен көрсетсе келушілер саны артар еді.

Сонымен қатар музей педагогикасын енгізуде кездесетін бірқатар кедергілер бар. Олар  білім алушылардың музейге кіруінің ақылы негізде болуы, білім жүйесінің  5 күндік оқу кестесіне байланысты сабақтың  45 минут болуы, мектеп пен музейдің арақашықтығы алшақ болған жағдайда транспорт мәселесі және қаржы мәселесі. Мысалы Жезқазған қаласына қарасты 18-25 шақырым жерде орналасқан Сәтбаев,  Талап, Кеңгір, Малшыбай сынды елді мекендерде музейлер жоқ, Жезқазған қаласындағы музейге келетін болса, жоғарыда айтылған проблемалар туындайды. Көп уақытта демеушілердің көмегімен мектептер тығырықтан шығып жатады.

Қазан айында Москва қаласына 5 күндік іссапарға барып келдім, сонда музейлерді араладым,   музей қызметкерінен оқушыларға билет құны қанша, көрерменді қалай тартасыздар деген сұрағыма олардың жауабы таң-тамаша қалдырды. Музейге кіру мектеп оқушылары үшін тегін. Білім департаменті мен мәдениет департаменті келісімге келіп, жоспар құрылып, жыл бойы  оқушылардың тегін кіруіне білім департаменті ақшасын төлеп береді. Біздегідей музейлерге көрермен іздеп, оқушыларды тарту мақсатында мектептер аралап, әуре болмайды және ата-аналарына да салмақ салмайды. Болашақта ресейлік әріптестерімізден үлгі алып, бізге де осы тәжірибені енгізсе жақсы болар еді.

Қазақстан музейлерінің келешегі және дамуы үшін әлемнің ең үздік музейлерінің тәжірибесін зерттей отырып, пайдалануымыз тиіс.   

Болашақта ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, мәдени-рухани құндылықтарымызды бір арнаға ұштастырып, қоғам мен музей арасындағы алтын көпірді жалғастырып, бәсекеге қабілетті, көргенді, білімді, ұлтжанды болайық!

Раушан ҚАПАРОВА, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры

4862 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper