Анонс


Қолжетімді музей жобасы туралы не білеміз?

Сейсенбі, 12 Қыркүйек 2017 19:32
Қолжетімді музей жобасы туралы не білеміз? KAZMUSEUM.KZ -  

Қолжетімді музей – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді музейлік ортамен қамтамасыз етіп, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамның психологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатын көздейтін әлеуметтік-мәдени жоба.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың басқалармен қатар өмір сүруге, жұмыс істеуге, яғни қоғам өміріне араласуға мүмкіндігі болуы тиіс. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еркінен тыс кез-келген аластату, оқшаулау секілді жағдайлар оларға қатысты жасалған кемсіту болып есептеледі.

Әлемдік музейлер тәжірибесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай жобалар кеңінен қолданылады. Мысалы:

-  Франциядағы Лувр музейінде арнайы тактильді галереяда музей қорынан мүсіндердің миниатюралық көшірмелері жиналған тұрақты жұмыс істейтін экспозиция бар;

-  Нью-Йорк қаласындағы замануи өнер музейінде зағип және көзі нашар көретін жандарға арнайы қолғаппен мүсіндерді «зерттеуге» рұқсат етілген;

-   «Гараж» музейі (Мәскеу) зағип жандар үшін тактильді экскурсияларды тұрақты түрде өткізіп отырады, сондай-ақ есту қабілеті шектеулі жандар үшін орыс тілінде сурдоаудармамен экскурсия өткізеді.

Ал, отандық тарихи музейлер арасында Алматы музейі ғимараты мен экспозициясын мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық категориясы үшін бейімдеген алғашқы музей болып отыр.

Ашылу салтанатына Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Д.А. Алиев, «Шырақ» мүмкіндігі шектеулі әйелдер Ассоциациясы» қоғамдық қорының төрайымы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Л. Қалтаева, «Аржан» Қоғамдық Қорының директоры Қ. Омарова, «Үміт» есту қабілеті төмен жандарға қолдау көрсету орталығының төрайымы К.М. Ерғалиева, «ҚР Қазақ зағиптар қоғамы» ҚҚ Алматы қалалық филиалының төрайымы К.С. Қоңырбаева, «Шарапат» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымының» өкілі, т.б. қатысты.

Іс-шара бағдарламасында мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық категориясы үшін қолжетімділігі бойынша қызметтер ұсынылды: музей қорынан тактильді экспонаттар, аудиогидтер, тифлокомментарий, Брайль шрифтімен жолсеріктер, археологиялық артефактілердің рельефті суреттері, залдардың тактильді мнемосызбалары, сурдоаудармамен экскурсиялар және т.б.

«Қолжетімді музей» жобасын жүзеге асыруға дайындық барысында музей қызметкерлеріне мүмкіндігі шектеулі келушілермен қарым-қатынас барысында  қажетті негізгі қимылдарды үйрету аясында шеберлік-кластары өткізілді. Шеберлік-кластарын  сурдоаудармашылар Ассоциациясының төрайымы Ефименко Вера Михайловна және «Аржан» Қоғамдық Қорының директоры К.А. Омарова жүргізді.  

Алматы музейінің жасаған бұл бастамасы отандық музейлер арасында кеңінен жалғасын тауып, болашақта тек музейде ғана емес мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай жобалар кино, театр, цирк, т.с.с. еліміздің мәдени орындарында қолға алынады деп сенеміз.

 

Толғанай Махамбетәли

4712 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper