Анонс


Ұлттық музей қонақтарының басым көпшілігі әйелдер екені белгілі болды Таңдаулы

Сейсенбі, 20 Желтоқсан 2016 03:54
Ұлттық музей қонақтарының басым көпшілігі әйелдер екені белгілі болды KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейі қонақтар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізуді қолға алды. Мұндағы мақсат - музейге келушілердің таным-талғамын зерттеп, алған әсерлерін білу арқылы музей қызметінің сапасын арттыру, түрлі тың тәсілдермен түрлендіру, экспозицияны жоғары деңгейде ұйымдастыру.    

Сауалнамаға музейге келушілердің жасын, әлеуметтік деңгейін, парасат-пайымын, музейге келу мақсатын айқындайтын сұрақтармен қатар, олардың тарихи жәдігерлерге көзқарасын анықтайтын сауалдар енгізілген.

Назарларыңызға екі ай ішінде жүргізілген сауалнаманың қорытындысын ұсынамыз. Сауалнамаға жүзден астам қонақ қатысып, сұрақтарға жауап берді. Олардың арасында дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекет қайраткерлері, туристер, қала тұрғындары мен қонақтары бар. Бүгінде сауалнама нәтижелері музейге келушілердің құрамы туралы қорытынды жасап, олардың ескертпе-ұсыныстарын талдауға мүмкіндік беріп отыр.

Музей қонақтарының басым көпшілігі әйелдер

Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, Ұлттық музейге келген қонақтардың 35,16 %-ын ерлер, 64,83 %-ын әйелдер құрайды.

 

Жастар музейге жиі барады

Жас шамасына қарайтын болсақ, музейге жиі баратындар: 17-24 жас аралығындағы азаматтар - 42,04%,  25-35 жас аралығындағылар - 23,86 %,  55 және одан жоғары жас аралығындағылар - 13,64 %  болып отыр.

 

Бірнеше жыл қатарынан музейге бармайтындар көп болып отыр

Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқандардың 43,9 %-ы музейге көптен бері (бір немесе одан көп жылдан бері) келмегендерін  айтса, 25,6 %-ы жылына бір рет шамасында келетіндерін айтқан. Қалған бөлігі 14,63 % -ы жылына екі реттен кем емес, 10,97 % -ы жылына үш-төрт рет, 4,88 % -ы айына бір рет келетіндерін атап көрсеткен.

 

Көпшілік музейге достарымен келгенде ұнатады

Музейге келушілердің 55,33%-ы музейге достарымен келгенді ұнатса, 30,09%-ы отбасымен, 9,7 %-ы жеке аралағанды, қалған 4,85 %-ы ұжымымын біреге келгенді қалайтын болып шықты.

 

Музей – ақпарат пен білім ордасы

Сауалнамаға жауап берушілердің 81,52 %-ы музейге ақпарат пен білім алу үшін келсе, 18,48 %-ы музейге рухани демалу үшін келетіндерін айтты. 

 

Музейдің насихаты үшін газет-журналдың рөлі аз болып отыр

Сауалнамаға қатысушылардың 55,32%-ы музей туралы ақпаратты ғаламтор желісінен, 34,04% достарының кеңесімен келгенін айтса, 9,57 % мерзімді баспасөз беттерінен алатынын айтқан.  

 

Әркімнің өз қалауы бар

Музейге барғандардың23,25%-ыежелгі және ортағасырлар тарихына, 14,72 %-ы этнографияға, 12,4 %-ы кейінгі ортағасыр мен жаңа заман тарихына, 21%-ы Тәуелсіз Қазақстан тарихына, 10,07 %-ы заманауи өнерге, 18,6 %-ы белгілі бір тақырыпқа қызығатынын айтқан.

 

Экскурсоводсыз музей бос

Музейге келушілердің 61,11 %-ы экскурсовод қажет етсе, 38,89 %-ы музей залдарын жеке аралағанды жөн көрген.

 

 Музейден ретро фильмдер залын ашса артық болмайды

Музей жұмысын заманауи әдістермен толықтыру туралы сұраққа жауап бергендердің ішінде 35,63%-ы заманауи аппаратурамен  (мультимедиа, сенсорлы киоскі және т.б.) жабдықтауды ұсынса, 44,83%-ы ретро фильмдерді көруге арналған залмен толықтыру туралы ұсыныс айтқан. Ал, демалыс аймағын (кофе, шәй) ашуды қалағандар 11,49%-ды құраса, 8,04 %-ы кәдесый дүкенін ашу қажет деп көрсеткен.

 

Атымтай жомарттар аз емес

Музей ісіне қатысқысы келетін азаматтардың ішінде 41,02 %-ымузейге жәдігерлер мен тарихи құжат тапсыруға дайын екендіктерін айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 17,94%-ы жомарттық танытып, қаржылай тұрғыдан көмек беруге дайын екендіктерін жазған.  Ал, қолдан келгенше көмектесуге (мүмкіндігінше көмектесуге) 41,02 %-ы дайын екендігін айтқан.

 

 Музей билеттерінің құны қолжетімді

Сауалнамаға қатысқандардың ішінде 12,5 %-ы билет құны қымбат десе,  80,68 %–ы  билет құны қолжетімді екенін айтқан. Ал, 6,82 %-ы билет құны «өте арзан» деген графаны белгілеген.                         

 

Қымбатты оқырмандар!

Жоғарыда аталған саулнаманы Ұлттық музейдің әдістемелік қызметі жүргізген. Сауалнамаға қатысты ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса төменде «пікір» ретінде қалдыруларыңызды сұраймыз. Назарларыңызға рахмет!  

 

 

ЕСКЕРТУ: Ақпаратты рұқсатсыз көшіріп жариялауға болмайды. Қандай да бір бөлігін пайдалану үшін kazmuseum.kz сайтының рұқсаты қажет. 

 

 

 

Төмендегі сілтемені басып, бөлісе отырыңыз, 

алдын ала алғыс білдіреміз)

3472 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper