Анонс


Қазақтың қару-жарағын музей экспозициясында қалай көрсетуге болады?

Дүйсенбі, 21 Қараша 2016 14:36
Қазақтың қару-жарағын музей экспозициясында  қалай көрсетуге болады? KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі экспозициялар, көрмелер көпшілік көңілінен шығып жақсы бір әсер қалдырардай, оның бір көрінісі көрерменнің бір қарап өткен залына қайта-қайта келіп зейін сала көз тастауы. Сондай бір қызығушылық тудыратын экспозицияның бірі «Қазақ батырларының қару-жарағы» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік алған соңғы 25 жылдың ішінде біздің еліміздегі музейлер «Қазақ хандығы», «Қазақ батырлары», «Билер институты», «Қазақ халқының этнографиясы»  сияқты тақырыптарды кеңінен насихаттауға көңіл бөліп жүр. Мұның басты себебі осы тақырыптарды зерттеп білуге деген құлшыныстың күннен-күнге арта түсуі.

Тақырып мазмұнының ашылу деңгейі әр музейдің қорларында жинақталған жәдігерге байланысты шешім табады. Әсіресе экспозиция төрінен ауыз толтырып айтар аңызы бар, өзіндік тарихы бар атаулы жәдігер орын алса бұл тақырыптың тарихи маңызын, мазмұнын байыта түсері сөссіз.

 «Қазақ батырларының қару-жарағы» тақырыптық экспозициясын құру Ұлттық музей қорында жинақталған жәдігерлер арқылы жүзеге асырылды. Бұл тақырыбты «Қазақ батырлары» тақырыбымен астатстырып өте ауқымды етіп жасауға да болар еді. Өкінішке орай тарихта есімдері алтын әріппен жазылған батырларымыздың ұстаған қару-жарақтары, жауынгерлік киімдері немесе қандай да бір заттары сақталып бүгінгі күнге жетпеген, бар болса да өте сирек кездеседі, сондықтан музейлер көбінесе ғылыми көмекші мәліметтермен, жәдігерлер жаңғыртпасына сүйенуіне тура келеді.

Дегенмен де кейбір музей қорларында XVII-XIX ғғ жататын қару-жарақ, сауыт-сайман түрлері сақталған. Біздің Ұлттық музейдегі экспозицияға қойылған қару-жарақ түрлерінің барлығы да түпнұсқа болғандықтан құндылығы жоғары.  

  Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі көшпелі өмір салтымен оның ерекшелігіне байланысты қарастырылған. Қазақ халқы ғасырлар бойы күні кешеге дейін жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға мәжбүр болған.

XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген тарихи тұлғалар: Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян, Райымбек, Ханкелді, Малайсары сынды батырларымыздың әйелді күңдікке, ерлерді құлдыққа жібермей, ат үстінде күн кешіп, байрақты жеңіс тұғырынан түсірмей, елдігімізді сақтап қалу жолында сіңірген еңбектері өлшеусіз. Әсіресе XVIII ғасырды Шоқан Уәлиханов «Абылай ғасыры – ерліктің ғасыры» деп тегін атап өтпеген болар. Қазіргі мектеп жасындағы балаларға, жалпы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рух беру, елін, жерін сүюге талпынысын арттыру мақсатында атқарылатын іс-шаралар қатарына музейлерге саяхатты тұрақты жоспарға енгізсе оқушыға ерекше әсер берері сөзсіз.

Ұлттық музейдегі «Қазақ батырларының қару-жарағы» тақырыптық экспозициясынан орын алған жәдігерлер :  дулыға (ХVІІІ ғ.), дулыға сауыт (ХVІІІ ғ.), кіреуке сауыт (ХІХ ғ.), шарайна (ХІХ ғ.), жауынгерлік белдік (ХІХ ғ.), жеңсе (ХІХ ғ.), шыңдабыл (ХVІІІ ғ.), үрмелі аспап - ұран (ХVІІІ ғ.), қалқан (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.). Бұлардың әрқайсысының атқаратын функциясы әртүрлі болған.                                    

Қазақ батырларының қару-жарағына арналған экспозициядағы келесі бір жәдігер ол – қалқан. Ирандық үлгіде жасалған қалқан - шапқыншылық заманда қолданыста болған XVIII ғасырға жататын көне жәдігердің бірі. Батырлардың найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан  қорғану үшін қолына ұстайтын қорғаныш құралы. Адам баласы өзінің ұзақ тарихында қалқанның төрт бұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр тәрізді, жүрекше, астауша, т.б. түрлерін қолданған.  

Қазақ батырының қару-жарақтары негізінен беске бөлінеді, осы ер қаруы бес қарудың барлық түрлері де экспозицияда көрсетілді. Атап айтсақ: садақ жебесімен (ХVІІ ғ.), бос мойын шоқпарлар (ХІХ ғ.), гүрзілер (ХІХ ғ.), найза, сүңгінің ұштары (ХVІІІ ғ.), айбалта (ХVІІІ ғ.), қылыш (ХVІІ ғ.). Бұл жәдігерлердің әрқайсысы қиын-қыстау заманда елімізді - жерімізді қорғау үшін жауынгерлер қолданған қару-жарақтар деп білеміз. Сондықтан да әрбір жәдігердің құндылығы күн өткен сайын арта түседі.

Қару-жарақ      зерттеуші ғалым    Қ. Ахметжанның жазуынша «Ер қаруының» санының бесеу болып аталуы қолдану тұрғысынан алғанда олардың бiрiн-бiрi ауыстыра алмайтын тек өзiндiк жеке жарақат салу тәсілінің (функциясының) болуына байланысты. Даму барысында соғыс қаруларының негiзгi жұмсалу тәсiлi бес түрлi болып қалыптасқан, олар –атукесу,  түйреушабу  және соғу  арқылы жарақат салу тәсілдері.  Қару-жарақтарды шебер-ұсталар жасайтын болған. Қазақ ұсталары қару-жарақты жасарда негізгі шикізат көзі ретінде темір, болат, жез, мыс, қорғасын т.б. материалдарды пайдаланған. Қару-жарақты жасаудың негізгі  технологиясына соғу, құю, қалыптау әдістері жатады.

Қазақ тарихында жер үшін болған ірі шайқастың бірі жүз жылға созылған Қазақ - Жоңғар соғысы. Қазақ халқының жадында мәңгіге қалған бұл соғыстың нәтижесінде тарихта қаншама жер-су аттары қалды. Сол кезеңнен бізге жеткен белгі көп, соның бірі жоңғарлар қолданған зеңбіректің ядросы. Жоңғарлардың қару-жарағы жайында жазылған деректерде оларда мылтық болды деген дерек кездеспейді. Ал, 1723 жылы жоңғарлар қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасағанда, зеңбіректі және атты әскерді соғыс тактикасында өте жақсы қолданған. Зеңбіректің оғын олар тұтқынға түскен швед Густав Ренаттан үйренгенін орыс офицерлері өз жазбаларында атап өткен.

Қазақ батырларының қару-жарағына қатысты түпнұсқа жәдігерлердің бірі - ол Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) батырдың боз туы. Батырдың жорық жолдарында өзі ұстаған жауынгерлік туының музейге келіп түсуі тарихына тоқталатын болсақ, Байғозы батырдың ұрпағы әрі осы туды музейге тапсырған қазақтың этнограф ғалымы Ақселеу Сейдімбеков «Байғозы батырдың туы, ата дәстүрі бойынша қара шаңырақ иесі саналатын кенже баласынан өрбіген ұрпақтарының қолында сақталып келген. Батыр тікелей өзі басқарған, өзі басшылық еткен қол-қосындарымен соғысқа кіргенде алып шығатын өз туы болған. Туының түсі боз болған. Осыған орай кезінде “Боз тулы Байғозы”, “Байғозының боз тулы қолы” дейтін сөз тіркестері қазақ қосындарының арасында жиі естілетін болған» деп жазады. Тарихи деректерде Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған деген деректер кездеседі.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда  батырлар  сол кездегі қазақ халқының қоғамдық-саяси өмірінде маңызды рөл атқарған. Батырлар елдің тыныштығын қорғаған жорықтарға ғана қатысып қоймай, мемлекеттік маңызды істерге де белсене араласып отырған, хандар мен сұлтандардың кеңесшілері ғана емес кей кездерде көрші елдерге жіберетін елшісі де болған. Жауапкершілігі зор  бірнеше міндетті қатар алып жүру тек нағыз батырға тән қасиет болса керек.

 «Қазақ  жауынгерлерінің соғыс тактикасы», «Қазақ батырларының қоғамдағы рөлі», «Қазақ батырлары», «Қазақ батырларының қолданған қару-жарағы» т.б. тақырыптарда құрылатын экспозициялардың өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде маңызы зор.  Сондықтан қашанда аталған тақырыптағы экспозицияны жоспарлау кезінде  көрерменге ұғымды, көзбен тез қабылданатын, санасына тез сіңімді болатын жағын қатар қарастырып отыру керек.

Соңғы жылдары әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлер кез-келген экспозицияны әсіресе әскери-тарихи тақырыптарды жүзеге асыру барысында экспозициялық қызметті дамытудың жаңа сапалы деңгейін, яғни заманауи әдістермен технологияларды қолдануды басшылыққа алуда. Бұл әдістердің ұтымды жағы сонда ақпараттар, мультимедиялық бағдарламалар, инсталляциялық жұмыстар және кеңістікті моделдеу түрлерін бірге қарастырады. Қазіргі кезде қолданылып жүрген көп деңгейлі экспозиция да әртүрлі жастағы көрерменге түсінікті болып келеді. Компьютер арқылы қозғалыста болатын макеттер, муляждар, кино-дыбыстық және оптикалық жарық шоуларды қолдану да  экспозицияны тартымды ете түседі. Мұндай әдістерді әсіресе әскери – тарихи тақырыптардағы экспозицияларда кеңінен қолдана білсек, көрерменнің тарихи таным-ойының тереңдей түсуіне мол мүмкіндік берерімізге сенімім мол.

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері

 

                                                                                     

 

5129 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper