Анонс


Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері: Кореядағы курстардан не үйренуге болады?

Жексенбі, 23 Қазан 2016 02:50
Ұлттық музейдің ғылыми қызметкері: Кореядағы курстардан не үйренуге болады? KAZMUSEUM.KZ -  

Корея Республикасының ежелгі астанасы, әрі ең ірі тарихи орталығы болып табылатын Пуё қаласында Корей мемлекеттік мәдени мұра университетінің «Дәстүрлі мәдениетті оқыту орталығының» ұйымдастыруымен  «Халықаралық Мәдени мұра менеджменті курстары» болып өтті. Курсқа Қазақстан атынан қатысқан ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Айда Көптілеуова аталған шараның маңызы мен мақсаты туралы өз әріптестерімен бөліскенді жөн санапты.

Аталмыш халықаралық оқыту бағдарламасы 2009 жылдан бастау алады. Оның негізгі мақсаты Мәдени мұра саласындағы негізгі мәселелерді талқылау болып табылады. Ең алдымен бұл курстар Қиыр Шығыс елдеріне арналып ұйымдастырылса, кейін оның құрамына Орталық Азия мемлекеттері, ал биылғы жылдан бастап Еуропа елдері де қосылды.

Корей мемлекеттік мәдени мұра университетін құру туралы ұсыныс 1996 жылы Мәдени мұра басқармасы тарапынан бастау алып,  2000 жылдың 2-наурызында университет салтанатты түрде ашылды. Оның құрамындағы «Дәстүрлі мәдениетті оқыту орталығының» негізгі мүддесі Мәдени мұра басқармасы үшін кадр даярлау мен қатар Корей мәдени мұрасын шет елдерге таныту және насихаттау болып табылады. Осы мақсатта ұйымдастырылған «Халықаралық Мәдени мұра менеджменті курстары» биылғы жылы сегізінші мәрте жүзеге асырылып отыр.

 

2016 жылғы Халықаралық Мәдени мұра менеджменті курстарының салтанатты ашылуы

Бір апталық халықаралық курсқа Бутан, Камбоджа, Иран, Қазақстан, Латвия, Малайзия, Непал, Пәкстан, Филиппин, Румыния, Шри-Ланка, Вьетнам елдерінен он екі өкіл келді. Олардың барлығы «Тарихи қалаларды қорғау» тақырыбында ғылыми эссе жазу арқылы іріктеліп алынған, өз елдерінің мәдени мұра саласының қызметкерлері.

Курс бағдарламасы барысында: «Тарихи қалалардағы қалпына келтіру шарттары мен ұстанымдары», «Дәстүрлі ауылдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету», «Пеоңсу дәстүрлі ғылым ретінде», «Джесоң әулетінің астанасы Хеонсеоңның Пеоңсу мысалындағы жаңаша келешегі», «Кореяның мәдени мұра бойынша заңнамалар жасау тәжірибесі», «Ежелгі қалаларды қалпына келтіру және оның әдістемелік ұсыныстары», «Дәстүрлі ауылдарды сақтау және қорғаудағы негізгі құралдар мен нұсқаулықтар» және тағы да басқа тақырыптарда корей елінің мәдени мұраларды қорғау саласының атақты ғалым-мамандарының тарапынан лекциялар оқылды.

Іс-сапардың үш күні Корея Республикасының тарихи-мәдени орталықтарына саяхат жасауға (fieldtrip) арналды. Қатысушылар: Джеоңджу қаласындағы Корей материалдық емес мәдениет орталығының және ЮНЕСКО-ның ИЧКАП (ICHCAP) ұйымының жұмысымен танысып, елдегі ЮНЕСКО-ның халықаралық мәдени құндылықтарының тізіміне ендірілген, ең ежелгі, мың жылдан аса уақыт қаз қалпын сақтап келетін Андоң қаласында орналасқан Хаһое дәстүрлі ауылына, әлемдегі жалғыз Материалдық емес мәдени мұра музейіне, Кеңбоккун және Чандеккун Хан Сарайларына сапар кешті. Сонымен бірге орталық тарапынан ұйымдастырылған мәдени-сауықтыру бағдарламасы барысында: Корей театрын тамашалау, керей әліпбесі мен корей тілін оқыту, корей дәстүрлі әнін жаттау, корей дәстүрлі қолөнерлер туындыларын жасау сияқты қызықты іс-шаралар болды.

Іс-сапар аяғында әр елдің өкілдері өз мемлекетінің мәдени мұраларды, оның ішінде тарихи қалаларды сақтау мәселелерімен бөлісіп, ой алмасты. Баяндамалар  «International courses on Cultural heritage management» (Korea, Buyeo 2016) жинағында жарық көрді. Ұйымдастырушылар тарапынан сертификаттар табысталды.

Дәстүрлі мәдениетті оқыту орталығының ұйымдастыратын «Халықаралық Мәдени мұра менеджменті курстарына» қатысуға конкурс әр жылдың наурыз-сәуір айларында басталып, шілденің алғашқы аптасында аяқталады. Конкурсқа қатысудың негізгі шарттары: ағылшын тілін жетік меңгеру және мәдени мұра, музей ісі, археология секілді салалардың маманы болу. 

 

Айдана Көптілеуова ,

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі

«Археология және этнография» бөлімінің ғылыми қызметкері,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің докторанты 

 

4871 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper