Анонс


Ұлттық музей экспозициясы: Қазақ хандығының құрылуы және өркендеу тарихы

Жұма, 11 Наурыз 2016 13:53
Ұлттық музей экспозициясы: Қазақ хандығының құрылуы және өркендеу тарихы KAZMUSEUM.KZ -  

«Қазақстан тарихы» залының үлкен бір тармағы «Қазақ хандығы» кезеңіне арналған. Бұл экспозиция тақырыбының басты мақсаты: қазақ хандығының құрылуымен қалыптасуы, территориясының ұлғаюы, қазақ хандары, сыртқы мемлекеттермен дипломатиялық қатынастары, батырлар мен билердің қоғамдағы алған орны, қалаларда сауданың дамуы сияқты негізгі тарауларды қамтыды.

Қазақ хандығының құрылуымен қалыптасуы кезеңіне арналған алғашқы экспозицияда орын алған  – Абылай ханның зерлі шапаны мен мөрінің көшірмесі, мұрақ, хан белбеуі, хан туының басы, қылыш, бек сауыт және хаттар мен құжаттар көшірмелері сияқты  жәдігерлер осы тақырыптың мазмұнын ашуға негіз болды.

ХV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуы қазақ даласында көп ғасырларға созылған этникалық бірігу мен мемлекеттілік үдерісінің заңды нәтижесі болып табылады. Қазақ хандығы сол кезеңде Орталық Азиядағы ең ірі саяси күшке айналып көрші мемлекеттермен тең дәрежеде дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізген. Қазақ хандығының өзіне тән билік жүйесі, астанасы, әкімшілік-аумақтық бөлінісі (Ұлы жүз, Орта және Кіші жүз), тәуелсіз сыртқы саясаты болды.

Қазақ хандығының негізін құрған Керей мен Жәнібек хандардың тарихи тұлғасын  ашып көрсету әрине үлкен қиындық туғызады, дегенмен де экспозицияға қойылған ХІV-ХV ғасырларға жататын Жәнібек-Шалқар кесенесінің қыш кірпіштерінің бөлшегі алғашқы хандарымызға қатысты бірден-бір құнды жәдігер деп мақтанышпен айта аламыз.

Еуразия университеті жанындағы Кемел Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының зерттеушілері  2009 жылы Астанадан  оңтүстік-батысқа  қарай 100 шақырым қашықтықта, Қорғалжын қорығы аумағында XV ғасырдағы кесененің кездейсоқ табылғанын және  Жәнібек сұлтан дәл осы жерде жерленген болуы мүмкін деген болжам айтқан болатын. Қазіргі күні осы дерек археолог-ғалымдардың тарапынан зерттелу үстінде. Ғалымдардың мәліметінше, қазақ хандарының жазғы ордасы дәл осы жерде болған. Керей мен Жәнібек хандарға тағ­дыр жаңа этникалық бірлестік­ке негізделген мемлекетті құру және оны басқару үлесін берді. Бұл үлес кездейсоқ сияқты болып көрінгенімен, заңдылық болатын. Өйткені, екі ханның арғы ата-бабалары – Шыңғыс ханнан Керей мен Жәнібек хандарға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси билікті мұрагерлік жолмен иемденіп, атадан балаға қалдырып отырған. Басқаша айтқанда, Керей мен Жәнібек бірнеше ғасыр бойы уысынан билік кетпеген өте мықты әрі өте беделді әулеттің өкілдері болып табылады.

Экспозициядағы басты жәдігердің бірі қазақтың айбынды хандарының бірі – Абылай ханның зерлі шапаны. Бұл құнды мұраны Абылай ханның сегіз биінің бірі және хан кеңесінің мүшесі Байдалы Бекешұлының тікелей ұрпағы Хамзе Сәтжанұлы өз қолымен аманат етіп тапсырған. Шапан қою қызыл түсті матадан тігілген. Шапанның жағасы, өңірі, жең ұштары ою-өрнектеліп, алтын түсті жіппен кестеленген. Зерлі шапан иесінің әлеуметтік дәрежесін білдіреді. Жалпы  шапандардың сырты барқыт, пүліш сияқты қымбат, бағалы көрінетін маталардан тігілетін болған. Қазақ хандығы тарихында Абылай ханның алар орны ерекше. ХVІІІ ғасырдың соңында жоңғарлар тарих бетінен жойылғанымен, Қазақ хандығы екі ірі империя Ресей мен Қытай (Цин) империяларының қыспағында қалады. Осы кезеңде Қазақ хандарының ішінде елінің тәуелсіздігі, жерінің тұтастығы үшін күрескен Абылай хан екі алып империямен де тең дәрежеде тәуелсіз елдің ханы ретінде саяси-экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынастар жүргізіп отырды.

Қазақ хандығы тақырыбы бойынша экспозицияға қойылған басқа да жәдігерлердің өзіндік орны бар, атап айтсақ: биліктің нышаны болып табылатын хан мұрағы (ХVІІІ ғ.), хан туының басы (ХVІІІ ғ.), хан белбеуі (ХІХ ғ.). Бұл құнды жәдігерлердің ішінде, ХVІІІ ғасырға жататын бас киім – мұрақты ерекше атап өтуге болады. Мұрақ – хан мен сұлтандардың  лауазымдық дәрежесін білдіретін билік атрибуттарының бірі саналады. Мұрақ қою қызыл түсті барқыттан, төбесі доғаланып биікше келіп, екі жақ ұшы қошқардың мүйізі тәрізді көтеріліп тігілген.

Мұрақтың  сыртқы беті алтын жіппен өсімдік тектес ою-өрнекпен кестеленіп, аралықтарына қола  жапсырмалар салынған.

Қазақ хандығы тақырыбын толықытырып тұрған деректер Қасым ханға, Тәуке ханға, Абылай ханға қатысты берілді. Бұл деректер  Р.Б.Сүлейменов  атындағы   шығыстану институтынан алынды. Экспозицияда тұрған Қасымхан туралы жазылған хат көшірмесі Иран кітапханаларының біріндегі «Тарих-и Сафавие» (Сефевидтер әулетінің тарихы) атты қолжазбасынан табылды.

Қолжазбада Орта Азия әміршісі Мұхаммед Шәйбани ханның Дешті Қыпшақты билеген Қасым ханды одақтастыққа шақырғаны және одан өзі бас тартқаны туралы мәлімет жазылған.

Экспозицияға қойылған келесі дерек Қоқан билеушісі Абдурахим  ханның Тәуке  ханға жазған хаты. Бұл хат «Инша-ий Тахир Вахид» деп аталатын қолжазбаның ішінде сақталған XVII ғ.  Үндістандағы Саларджанг музей қорынан табылған хат, қайта көшірілген уақыты 1779 жыл деп көрсетілген екен. Абдурахим хан тарихта белгілі тұлға. Оның қазақ ханы Тәуке ханмен жүргізген дипломатиялық келісімдері мен хат алмасулары туралы дерек Хайдарабад қаласынан бірінші рет табылып отыр. Хаттар шамамен Тәуке ханның өмірінің соңына қарай жазылған, яғни 1717-1718 жылдар. Бірінші хатта Абдурахим хан Тәуке ханға мадақ айта отырып, оның елшісі Мұхаммед Садықтың хат әкелгенін, елшіге тиісті құрмет көрсетілгенін жазады. «Қалмақтарға қатысты мәселеде сіз сұраған нәрсе жіберіледі» деп барып, бірнеше семсер, қылыш сыйға тартқанын ескертеді. Одан шығар нәтиже біріншіден, Тәуке хан хат жазған, ал бұл хат – соның жауабы. Қазақ ханы хатта не жазғанын білмейміз, бірақ жауапқа қарап, шамамен әскери көмек сұрағанын аңғарамыз. Екінші хатта Абдурахим хан «дұшпаныңыздың басы кесілсін деп бірнеше семсер, қылыш жіберіп отырмыз» дейді. Үшінші хатта «кейде өз шамасын білмейтін өзбектерге қатысты мәселе сәтімен шешілді» деп жазады. Көріп тұрғанымыздай, жоңғарлар Шуға дейін жеткен қиын-қыстау кезеңде өмір сүрген Тәуке ханның хан тағына отырмаған, әлі сұлтан кезінен бастап, өмірінің соңғы күндеріне дейін мұсылман билеушілерімен тығыз қарым-қатынаста болғанын, дипломатиялық келіссөздер жүргізіп отырғанын байқаймыз – деген тұжырымға келген Шығыстану институтының ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбекова. Ғылыми айналымға енгізіліп, жаңадан табылып жатқан осындай деректердің музей экспозицияларына қойылуы қазақ хандығы тарихына қатысты тың деректермен танысуға көп мүмкіндік береді.

Қазақ хандарына қатысты экспозицияға қойылған келесі дереккөзі Абылай ханға байланысты. Тарихи деректерде Абылай ханның жүргізген  дипломатиялық қатынастары туралы деректер көптеп кездеседі. Солардың бірі Абылай ханның  Цин билеушісі Цяньлунге жазғат хаты. 23 жолдан тұратынмәтін ойрат тілінде. 1774 жылғы бұл құжат №2573-59. Қытайдың тұңғыш  тарихи мұрағатынан табылған бұл хатта Абылай хан Цин билеушісінен Тарбағатай арқылы жіберілген елшісінен  дәрі-дәрмек беріп жіберуін сұраған.

Осы тақырып бойынша көпшіліктің қызығушылығын тудыратын жәдігерлердің бірі  жауынгерлік тудың бастары. Экспозицияға қойылған екі тудың басы XIX ғ. жатады. Оңтүстік Қазақстаннан алынған  осы екі тудың басы металдан ойылып, өрнектелген. Екі тудың басының екеуінде де арабша  мәтіндегі жазулар бар. Жеңіс туын желбірткен туды қасиетті санау барлық елге тән ортақ дәстүр. Бір тудың астына біріккен қазақ халқы талай жеңістерге жетті. Олай болса ту – бірліктің сиволы. Тарихшы - ғалым Құрбанғали Халидттің «Тауарих хамса» (Бес тарих) атты еңбегінде Ақ орданың ханы Орыс ханнан тарайтын қазақ хандары қызыл, ақ, жасыл түсті тулар ұстағаны туралы дерек жазған.  Музей экспозициясынан орын алған үшінші тудың басын  2014 жылдың мамыр айында  хан Тәукенің тоғызыншы ұрпағы Бекайдар Әміре өткізген болатын.

Бұл ту басының  ресми атауы «Хандар туы» екені белгілі, кейбір мағлұматтар оны Жошы ханның тұсынан келеді дейді, енді бірі оны Тәуке ханнан келе жатқан ту  басы деседі. Осындай аңызы бар ту басы металдан жасалған, түсі - қою қоңыр, кейбір қырлары сарғыш болып келеді. Оның жалпы биіктігі- 21,5 см, үстіңгі бөлігі күмбез тәрізді.

Жаугершілік заманда қазақ хандарымен батырлары жауынгерлері киген дулығалардың да түрі-түсі, пошымы әртүрлі болған. Соның бірі «Қазақ хандығының құрылуы» экспозициясына билік белгісі ретінде қойылған алтын жалатылған дулыға (ХVІІІ ғ.). Алтын дулығаның құрылымы бірнеше бөліктен тұрады. Алдыңғы бөлігі ұзын пластинкамен және төбесі дөңгелек темірмен қапталып бекітілген. Дулығаның төбе бөлігі, жиегі және орта тұсындағы шығыңқы бөлігі ою-өрнекпен безендірілген. Маңдай тұсында айналдыра  құран аяттары жазылған. Дулығадағы ою-өрнектердің әсемдігі және безендірілуі оның иесінің әлеуметтік дәрежесі жоғары болғандығын көрсетеді. Жазылған құран аяттары жауынгерді шайқас барысында жаудан қорғайды деп есептеген. Жауынгердің желке тұсын қорғау үшін сым темірден өріліп бекітілген тоқыма желкелік дулығаға бекітілген. Жауынгерлік бас киім ретіндегі дулығаның қорғаныштық қызметімен қатар, дәстүрлі мәдениетте рәміздік (символдық) сипаты да бар. Жалпы дулығаларға құс қауырсынынан жыға, түсті матадан жалау және жібек жіптен немесе жылқы қылынан жасалған шашақ сияқты адамның әлеуметтік және әскери дәрежесін көрсететін түрлі айыру белгілері тағылып отырған.

 

Қазақ батырларының қару-жарағы

Экспозицияның келесі тақырыбы Қазақ батырларының жауынгерлік киімдері мен қару-жарақтарына арналған.

Тарихта қазақтың жауынгерлік дәстүрі, қазақ халқының көшпелі тіршілігіне, қоғамдық құрылым ерекшелігіне байланысты қарастырылған. Қазақ халқы ғасырлар бойы күні кешеге дейін жаугершілік жағдайда өмір сүріп, өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға мәжбүр болған.

XVII-XVIII ғғ. өмір сүрген тарихи тұлғалар: Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян, Райымбек, Ханкелді, Малайсары сынды батырларымыздың әйелді күңдікке, ерлерді құлдыққа жібермей, ат үстінде күн кешіп, байрақты жеңіс тұғырынан түсірмей, елдігімізді сақтап қалу жолында сіңірген еңбектері өлшеусіз. Әсіресе XVIII ғасырды Шоқан Уәлиханов «Абылай ғасыры – ерліктің ғасыры» деп тегін атап өтпеген болар. Қазіргі мектеп жасындағы балаларға, жалпы өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рух беру, елін, жерін сүюге талпынысын нығайту мақсатында жүргізілетін іс-шаралар барысында әсіресе,  қазақ батырларына, ірі шайқастарға арналған музей экспозицияларын кеңінен қолдану  оқушыға ерекше әсер берері сөзсіз. 

Экспозицияға қойылған жауынгерлік киімдермен қару-жарақтардың барлығы да түпнұсқа, сондықтан олардың әрқайсысы да құнды жәдігерлер қатарына жатады. Мысалы:  дулыға (ХVІІІ ғ.), дулыға сауыт (ХVІІІ ғ.), кіреуке сауыт (ХІХ ғ.), шарайна (ХІХ ғ.), жауынгерлік белдік (ХІХ ғ.), жеңсе (ХІХ ғ.) және  шыңдабыл (ХVІІІ ғ.), үрмелі аспап - ұран (ХVІІІ ғ.), қалқан (ХVІІ-ХVІІІ ғғ.). Бұлардың әрқайсысының атқаратын функциясы әртүрлі болған.

Мысалы сауытқа тоқталып өтсек. Қазақ батырларының кеңінен қолданған киімі – сауыт. Бұл тақырыптық экспозицияға кіреуке және берен сауыттар қойылды. Жалпы сауыттың бірнеше түрлері болады: көбе сауыт, кіреуке сауыт, берен сауыт, қаттама сауыт, жалаңқат сауыт, торғауыт сауыт. Көбе сауыт тырнақтың көбесі сияқты металл тіліктерден бір-бірін бастыра бекіткен сауытты айтады. Кіреуке сауытқа темір торлы сауыт жатады. Ол темір шығыршықтардан тоқу, өру арқылы жасалады. Берен сауыт - болат темірден жасалатын өте мықты сауыт. Қаттама сауыт - матадан бірнеше қабатталып, сырылып тігілетін сауыт. Бұл әрі жылы киім. Торғауыт сауыт - бірнеше қабат қалың теріден тігілетін сауыт. Ол бірнеше бөліктен тұрады. Бір бөлігі саннан мойынға дейін жапса, екінші бөлігі арқаны, үшінші, төртінші бөліктері екі қолдың үстіңгі жағын жабады. Әр бөлік денеге қайыс баулармен бекітіледі. Мысалы, жырда айтылатын «тоғыз қабат торғауыт» деген сөз бірнеше қабат теріден жасалған сауыт дегенді білдіреді.

Қазақ батырларының қару-жарағына арналған экспозициядағы келесі бір жәдігер ол – қалқан. Ирандық үлгіде жасалған қалқан - шапқыншылық заманда қолданыста болған XVIII ғасырға жататын көне жәдігердің бірі. Батырлардың найза, қылыш соққысынан, садақ оғынан  қорғану үшін қолына ұстайтын қорғаныш құралы. Адам баласы өзінің ұзақ тарихында қалқанның төрт бұрышты, дөңгелек, жарты цилиндр тәрізді, жүрекше, астауша, т.б. түрлерін қолданған.  

Қазақ батырының қару-жарақтары негізінен беске бөлінеді, осы ер қаруы бес қарудың барлық түрлері де экспозицияда көрсетілді. Атап айтсақ: садақ жебесімен (ХVІІ ғ.), бос мойын шоқпарлар (ХІХ ғ.), гүрзілер (ХІХ ғ.), найза, сүңгінің ұштары (ХVІІІ ғ.), айбалта (ХVІІІ ғ.), қылыш (ХVІІ ғ.). Бұл жәдігерлердің әрқайсысы шапқыншылықта елімізді - жерімізді қорғау үшін батырларымыз қолданған қару-жарақтар ретінде құндылығы күн өткен сайын арта түспесе азаймайтыны белгілі.

Қару-жарақ      зерттеуші ғалым    Қ. Ахметжанның жазуынша «Ер қаруының» санының бесеу болып аталуы қолдану тұрғысынан алғанда олардың бiрiн-бiрi ауыстыра алмайтын тек өзiндiк жеке жарақат салу тәсілінің (функциясының) болуына байланысты. Даму барысында соғыс қаруларының негiзгi жұмсалу тәсiлi бес түрлi болып қалыптасқан, олар –атукесу,  түйреушабу  және соғу  арқылы жарақат салу тәсілдері.  Қару-жарақтарды шебер-ұсталар жасайтын болған. Қазақ ұсталары қару-жарақты жасарда негізгі шикізат көзі ретінде темір, болат, жез, мыс, қорғасын т.б. материалдарды пайдаланған. Қару-жарақты жасаудың негізгі  технологиясына соғу, құю, қалыптау әдістері жатады. 

Қазақ тарихында жер үшін болған ірі шайқастың бірі жүз жылға созылған Қазақ - Жоңғар соғысы. Қазақ халқының жадында мәңгіге қалған бұл соғыстың нәтижесінде тарихта қаншама жер-су аттары қалды. Сол кезеңнен бізге жеткен белгі көп, соның бірі музей экспозициясына қойылған жоңғарлар қолданған зеңбіректің ядросы. Жоңғарлардың қару-жарағы жайында жазылғанда, оларда мылтық болды деген дерек кездеспейді. Ал, 1723 жылы жоңғарлар қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасағанда, тұтқынға түскен швед Густав Ренат құйып берген зеңбіректі және атты әскерді соғыс тактикасында өте жақсы қолданған. Мұны орыс офицерлері де тәптіштеп жазып отырған.

Қазақ батырларына қатысты түпнұсқа жәдігерлердің бірі - ол Наймантайұлы Байғозы (1705-1803) батырдың боз туы. Батырдың жорық жолдарында өзі ұстаған жауынгерлік туының музейге келіп түсуі тарихына тоқталатын болсақ, Байғозы батырдың ұрпағы әрі осы туды музейге тапсырған қазақтың этнограф ғалымы Ақселеу Сейдімбеков «Байғозы батырдың туы, ата дәстүрі бойынша қара шаңырақ иесі саналатын кенже баласынан өрбіген ұрпақтарының қолында сақталып келген. Батыр тікелей өзі басқарған, өзі басшылық еткен қол-қосындарымен соғысқа кіргенде алып шығатын өз туы болған. Туының түсі боз болған. Осыған орай кезінде “Боз тулы Байғозы”, “Байғозының боз тулы қолы” дейтін сөз тіркестері қазақ қосындарының арасында жиі естілетін болған» деп жазады. Тарихи деректерде Байғозы батыр Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі болған деген деректер кездеседі.

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ батырлары сол кездегі қоғамдық-саяси өмірде маңызды рөл атқарды. Батырлар жорықтарға ғана қатысып қоймай, мемлекеттік маңызды істерге де белсенді араласып, хандар мен сұлтандардың кеңесшілері болды, көрші елдерге елшілік қызметін де қатар атқарды.

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

Қазақстан Республикасы

Ұлттық музейі

«Қазақстан тарихы» бөлімінің

 ғылыми қызметкері

4701 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper