Анонс


Музей экспозицияларын құру әдістері Таңдаулы

Сәрсенбі, 10 Ақпан 2016 21:46
Музей экспозицияларын құру әдістері KAZMUSEUM.KZ -  

Қандай музейдің болмасын ең басты мақтанышы ол әрине көрермен назарына ұсынылатын экспозициялар. Тақырыптық экспозицияларды толыққанды жеткізе білу, осы бағыттағы әдістерді ұтымды пайдалану кез-келген музейлік экспозицияның басты мақсаты болар.  Музейдегі кез-келген тақырыптың халыққа жету жолы ол әрине – экспозиция. Музейлік  қарым-қатынастың басты кескіні де  - экспозиция.

Жалпы музей экспозицияларын жобалаудың қалыптасқан төрт түрі бар, олар:  1) коллекциялық (жүйелі, топтамалық) – музейлік зат немесе нысан экспозицияның  шартты мазмұны, 2) ансамбльдік - музейлік нысан ансамбльдің объективті бөлігі, 3) көрнекілік (иллюстративный) – ғылыми мәтіндер, 4) музейлі-бейнелік (образно-сюжетный)  - әдеби мәтіндер.

Материалдар топтамасының тақырып мазмұнына сай іріктелген, ғылыми тұжырымдалған, маңыздылығы айқындалған музейлік жұмыстың бір түрі  экспозицияны құру барысында барлық бағыттарға, әдістермен амалдарға назар аудару экспозиция авторлары алдына қоятын басты міндет.

Экспозицияның сәтті шығуы жобалау жұмыстары барысында таңдап алынған сәулеттік- көркемдік шешіміне тікелей байланысты.

 

Экспозиция құрудың жылдар бойы қалыптасқан бірнеше түрлері бар, солардың бірі  коллекциялық (жүйелік)  әдіс.  Бұл әдіс көбінесе өндірістің арнайы бір саласына немесе нақты бір ғылым саласына жәдігерлерді арнайы жүйелі түрде топтастыру, орналастыру, жүйелі түрде тақырыпты қамту тәртібі болып табылады. Жүйелі экспозицияның негізгі құрылымдық бірлігі типологиялық (жүйелі) қатар. Экспозиция құрудың бұл әдісі көбінесе жаратылыстану ғылымы, ғылыми-техникалық,  археологиялық, этнографиялық, сәндік-қолданбалы өнері музейлерінде  қолданылып келеді. Кеңестік дәуірде кеңінен қолданыста болған экспозиция құрудың бұл әдісі қазіргі күнге дейін де танымдылығын жойған жоқ.  

Экспозиция құрудың танымал бір түрі - ансамбльдік әдіс. Бұл әдісті қолдану барысында экспозиция нақты ғылыми деректерге сүйеніп өмір сүріп келе жатқан белгілі дәуірдегі әлеуметтік мәдени жағдайға тән  сюжетті сақтайды немесе қайта жаңғыртады. Ансамбльдік экспозиция  мемориалдық музейлерге, музейлендірілген тарихи және мәдени ескерткіштерге – сарайлар, мекен-жайлар, тарихи орындарға тән құбылыс.  Оған мысал ретінде гуманитарлық және жаратылыстану ғылымы саласындағы тарихи интерьерлер немесе олардың көріністерін айтуға болады. Экспозициядағы ансамблдік көрсетілімнің құрылымдық бірлігі - экспозициялық кешендік жиынтық. Мысалы еңбек құралдары, қару-жарақтар, киім-кешектер, жиһаздар, бейнелеу, жазбаша деректер және т.б. Мұндай кешендік жабдықтау  өзіндік мазмұны  және көріп қабылдау  жағынан да экспозицияны аяқталған біртұтас етіп көрсетеді. Әлемдік музейлік тәжірибеде осы ансамблдік экспозиция ең үлкен таралымға ие болған. Себебі оны көрермен жеңіл қабылдайды әрі күшті эмоциялық әсер бере алады. Мысалы «аспан асты» этнографиялық, археологиялық музейлері Қазақстанда да көптеп кездеседі. Ансамбльдік экспозициялармен қатар «табиғат ансамблін» құрайтын ландшафтық экспозициялар да музейлерде кеңінен қолданылып келеді.  Олардың басты бірлігі – био топтар (аң-құстар, жануарлер және өсімдіктер әлемі). Біздің еліміздегі тарихи-өлкетану музейлерінде ландшафтық диорамалар бәріне тән көрініс десек артық айтқандық емес. Себебі музей көрермендерінің жақсы ықыласымен, қызығушылығын тудыратын мұндай диорамалар әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.  Ландшафтық көріністерде қабырғаның ішкі жағындағы экспозициялық кеңістіктің кең болуы әрі терең болуы басты шарт. Мұндай экспозициялардың артқы қабырғасы панорамалық бейнелермен әсерленіп алдыңғы жағына өсімдіктермен жануарлар нысандары қойылады. Биотопта және диорамада жануарлармен өсімдіктерден басқа тастардың, тау жыныстарының, өзендермен көлдердің, батпақты орман алқаптарының макеттері де орыналасады. Ландшафтық әдіс әлемдегі көптеген елдерде XIX ғасырдың бірінші жартысынан бастап, ал Ресейде 1930 жылдардан тәжірибеге ене бастаған.

Экспозиция құруда кеңінен қолданылып жүрген әдістердің бірі ол көрнекілік қолдану әдісі. Көрнекілік (тақырыптық-көрнекілік) әдіс - сюжетті, оқиғаны және жалпы тақырып мазмұнын  ашуға көмек береді.

Тақырыптық экспозицияның басты құрылымдық бірлігі әр түрлі заттар топтамасынан тұрады, мысалы: киімдер, құжаттар, бейнелеу материалдары, затар және т.б.. Жүйелі және ансамблдік экспозицияларға қарағанда тақырыптық-көрнекілік әдісте оларды типологиялық немесе типтік (түр) ерекшеліктері біріктірмейді, тек тұжырымдамалық ережелерге анықтамалық көмек ретінде мазмұнын ашуға көмек береді. Экспозиция құрудың қай әдісі болмасын істен шыққан жоқ, керісінше жылдан-жылға жаңартылып, ізденістермен жаңа идеялардың арқасында дамытылып келеді.

 Экспозиция құрудың қалыптасқан дәстүрлі әдістері экспозицияны біртұтас – кешенге, интерьерге, көрнекілік кешеніне, музейлік образға айналдыруға тырысады. Музеолог Т.П.Поляковтың ұсынған  музей экспозицияларын құрудың жаңа әдісі бойынша музейлік өнер туындысын құруға көркемдік - мифологиялық тұрғыда талпыныс жасау керек.

Көркемдік - мифологиялық әдістің басты қағидасы музейлік жәдігердің түпнұсқа болуы. Көп жағдайда кейбір экспозициялар көрермен тарапынан қозғалысы жоқ, даусынан айрылған актер тәрізді қабылданады. Жаны жоқ жәдігерге жан бітіру, оның айтатын ойын көрерменге  жеткізе білу әрине үлкен шеберлікті қажет етеді. Функциональдық - сәндік безендіру арқылы кез-келген экспозицияға өзіндік қайталанбас ерекшелік, жаңа тыныс бере аласыз.

Музейлік экспозицияны өнер туындысы ретінде қабылдасақ, бұл өнер түрі ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында жобалаудың  екі басты бағытын кең  таралымға жіберді. Ерекше тұжырымдамалық ойларға негізделген Музей образын қалыптастырудың алғашқы бағыты «сценографиялық» тұрғысында жалғасын тауып келсе, ал келесі «дәстүрлі» бағыты салмақтылықты басшылыққа ала отырып жәдігерге  басты назар аударады. Бұл әдіс  музей технологиясының жоғары деңгейін қолдануға негізделген шетелдік бағыттарға бейім.  

Бүгінгі күнде экспозиция құруға шығармашылықпен қарау үрдісі жақсы жолға қойылып келеді, сондықтан оны жүзеге асыру барысында  әртүрлі бағыттармен жанрлар қолданылады. Мысалы: арт-дизайн, орта дизайн, стилизация, дәстүрлі музейлік дизайн және тағы да басқа көптеген  бағыттар. Осы бағыттардың қайсы болмасын бейнелердің өзгеше панорамасын қалыптастыра отырып қайталанбас шығармашылық нысанға айналдыра алады.

Музейлік экспозициялық әдістерінің бірі - бойлау әдісі (метод погружения или сумберсия). Бұл бағыттағы экспозиция адамға тақырыпты тереңінен түсінуге, сол дәуірге сапар шегуге, тіпті көркемдік образға енуіне, оқиғаларды,  нақты уақытты сезінуіне жол ашады. Тақырып мазмұнына бойлау көрерменге экспозиция кеңістігін толыққанды қабылдауына мүмкіндік береді. Экспозиция арқылы адамға мұндай әсер беру адамның өмірлік қызығушылығын арттыра отырып мәдени мұрамен тікелей тілдесуге,  өзінің жеке танымы арқылы олардың құнын сезінуіне себеп бола алады. Сондықтан бойлау әдісі  басқа бағыттарға қарағанда  өзгешелігімен ерекшеленеді.

Эспозицияның бойлау әдісі (сумберсивной метод) көптүрлі шешімдермен   бірнеше қағидаларға негізделген: экспозиция құрудың және оған қажетті заттарды жинақтаудың «антропологиялық» принциптері, сюжеттілік, ғылыми негізділігі, жинақталу толықтығы, жекелеген бөлшектерді мұқият қалыптастыру жұмыстары жоғары деңгейлік дизайнмен іске асырылуы шарт. Мұның бәрі өзіндік үйлесімдік тауып жатса ол үлкен жетістік. Экспозицияда  театрландырылған амалдарды, техникалық мүмкіндіктерді шебер қолдана білу де кез-келген жұмыстың тартымды болып шығуына үлкен әсер береді.

Музей экспозицияларын құруда қалыптасқан дәстүрлі үрдістермен жаңа әдістерді қатар қолдана отырып  көрермен көңіліне жол табуға қазіргі кезде мүмкіндіктер мол. Экспозицияға өнердің бір түрі ретінде жауапкершілікпен қарап, ал жәдігерді сол өнердің сөйлейтін тіліне айналдыра алсақ бұдан музейдің ұтары көп.

 

Ғалия АҚПАНБЕКОВА,

ҚР Ұлттық музейі

«Қазақстан тарихы» бөлімінің

ғылыми қызметкері

12545 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper