Анонс


Испаниялық музейде Қазақстанға арналған зал ашылады - А.Муро

Бейсенбі, 17 Қыркүйек 2015 00:46
Испаниялық музейде Қазақстанға арналған зал ашылады - А.Муро KAZMUSEUM.KZ -  

Таяуда елордада Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған Сібір және Орта Азия халықтарының мәдениетін зерделеу және ілгерілету қорының президенті, этнография докторы Кармен Арнау Муро арнайы қатысқан еді. Орайы келгенде ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген К.А.Муро Қазақстанды өз зерттеулері аясына қосудағы жоспарларымен бөлісті. 

- Арнау Муро ханым, Сіздің Қазақстанға деген қызығушылығыңыз қай уақытта оянды және қазақ жерінде өз жұмыстарыңызды қалай өрбітпек ойыңыз бар?

- Мен шамамен 20 жыл бойы Сібір халықтарының мәдениетін зерттеумен айналысып келемін. Осы бағытта 10 жыл бұрын қор құрылған еді, оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұған қоса, Толедодағы Сібір және Орта Азия этнографиялық музейінің директорымын. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейін бұл Сібір музейі болып келген еді. Ағымдағы жылдан бастап біз өз жұмыстарымыздың аясын кеңейтудеміз. Сондықтан атауына Орта Азия қосылды. Ал жоспарларымызға келер болсақ, онда біздің негізгі жұмыстарымыз экспедиция түрінде жүргізіледі. Мәселен, біздер   18 этнографиялық экспедиция ұйымдастырып, бурят, хакас, тува, алтай, якут, ханты мен манси, эвенк халықтары, және ең бастысы Кемерево облысының оңтүстігіндегі Таулы Шорда тұратын тайгалық шорлар арасында далалық жұмыстар жүргізілді. Менің «Шаманизм және сібірлік шорлардың христиандықты қабылдауы» атты докторлық диссертациям дәл осы халыққа арналған. Біздер көптеген материалдар мен экспонаттар жинадық, іс жүзінде екі музейіміз бар.

Біріншісі - Сібір этнографиялық музейі. 100 шаршы метрді алып жатқан залда этникалық тұрмыс тұрмыстық заттар, аудиовизуальды материалдар, карталар және басқа да экспонаттар қойылған. Екіншісі - ашық аспан астында 40 мың шаршы метрді алып жатқан Сібір халықтарының этномузейі. Ендігі уақытта онда қазақ бөлімі ашылады және Қазақстан бұл музейде тартымды орынға ие болады.

Біз өңірдегі жетекші ел ретінде Қазақстаннан бастап, Орта Азия елдерінде далалық жұмыстар жүргізуге ниеттіміз. Осы мақсатта біз бірнеше ай бұрын Мадридтегі Қазақстан Елшілігіне өтініш жасап, біздің жобамызға қазақтың кең-байтақ жерін, оның этникалық және мәдени сан алуан түрін зерттеуімізге қосу ниетімізді білдіргенбіз. Қазақстан елшісі Бақыт Дүйсенбаев біздің ұсынысымызға түсіністікпен қарап, жан-жақты қолдау көрсетуде.

Далалық зерттеу жұмыстарына кірісу үшін алдымен белгілі бір дайындық жұмыстарын жүргізу қажет екендігі сөзсіз. Бірақ, 2016 жылдың сәуірінде-ақ біздер Этномузейде «Қазақстан күнін» өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бірінші кезекте біз Қазақстан, оның дәстүрлері мен бүгінгі өмірі жайындағы кітаптармен кітапхана жасап, Этномузейде қазақ киіз үйін тігуді, қазақтың тұрмыстық заттары, киімдері мен музыкалық аспаптарының тұрақты экспозициясын екі музейде де жасауды, қазақ фольклоры көрмесін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Сіздердің елдеріңіз жайында ақпаратымыз тым аз. Дегенмен, соңғы айларда біздер қазақтың тарихы, өнері мен фольклоры және ұлттық салт-дәстүрі жайында көп оқып, бұқаралық ақпарат құралдарынан сіздердің елдеріңіздің бүгінгі өмірі жайында білдік.

- Демек, қазірдің өзінде Сізде біздің еліміз, біздің тарихымыз жайында нақты түсінік бар ғой. Алған алғашқы әсеріңіз қандай?

- Ең біріншіден, егер бүгінгі күн жайында айтар болсақ, онда менде мынадай пікір қалыптасты: Қазақстан әр алуан, плюралистік және толеранттық  түрлену үдерісіндегі қоғамды білдіреді. Қазақстанның ең басты ұстаным ретінде бейбітшілік пен мәдени сұхбаттастықты таңдап, көрші елдер үшін, тіпті барша әлем үшін үлгі көрсетіп отырғаны қуантады. Түрлі дінді ұстанып, әртүрлі тілде сөйлеп, тату-тәтті өмір сүруге болатынын көрсетіп отыр. Бұл идеяны көпшілігі мойындап, айтқанымен, санаулы ғана басшы  оны нақты өмірге енгізе алады. Сіздердің Президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаев дәл сондай басшы.

Ал енді өткен шақ туралы айтар болсам, мен Қазақстан мен Испанияның тарихы мен мәдениетіндегі бірқатар қызықты ұқсастықтарды байқадым. Ең алдымен екі мемлекет те көптеген халықтардың «дәлізі» болған. Тағы бір сәйкестік - біздің мемлекеттеріміздің жасы. Екеуі де 5 ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған. Одан кейін әрбір мемлекеттің екі негіз қалаушысы бар. Сіздерде - Керей мен Жәнібек, ал бізде - Изабелла мен Фердинанд. 1949 жылы Иберий жарты аралында ханшайым Изабелла мен мұрагер ханзада Арагон Фардинандтың неке қиюы нәтижесінде  Кастилия мен Арагон династиялық корольдер одағы құрылды.

Біздер түрлі әлемдер арасындағы екі көпір сияқтымыз. Олар арқылы көпестер мен жауынгерлер, көшпенділер ғана өтіп қойған жоқ, сонымен бірге түрлі мәдениеттер, тілдер, діндер, ақыл мен поэзия, ғылым өтті. Бұл осынау ұлан-ғайыр жерді мекендеген халықтың рухани баюына септігін тигізді.

XV ғасырдың екінші жартысында Қазақстан орналасқан өңірде түрлі көшпелі тайпалардың бірігу үдерісі басталды. Олар мәдени ерекшеліктері мен сал-дәстүрлері ұқсас болуымен қатар туыстық байланыста немес ата-бабалары бір болатын. Дәл сол уақытта Католиктік корольдік деп аталатын Кастилия мен Арагон династияларының бірлескен басшылығы басталды.

- Этнограф ретінде қазақ ұлты жайында не айтар едіңіз?

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары ту мен елтаңбадан халықтың басты қырын көрсететін дәстүрлі мәдениеттің негізгі элементтерін бірден білуге болады. Туларыңызда жарқыраған күн мен қанатын кеңге сермеген қыран бейнеленген.  Көшпелі халықтың дүниетанымын мұнан артық паш етудің реті жоқ. Дөңгелек пішінді елтаңбаның орталық элементінде қазақтардың дәстүрлі баспанасы - қазақ үй бейнеленген. Оның екі жағындағы қанатты пырақтар көшпелі халықтардың дүниетанымының барлық мәнін білдіреді.

Мәдениеті жоғары заманауи қоғам құру барысында онда мыңжылдық дәстүрдің маңызды элементтерінің болуының еш өрескелдігі жоқ екендігін түсіну қажет. Қазіргі қазақ қоғамында атадан балаға мұра болып қалған өз халқының философиялық әрі этникалық көзқарасы  анық байқалады. Бүгінгі күні осынау мәдени және идеологиялық мұра барынша өзекті болып отыр. Өйткені ол шығыстық қоғамның  мүдделеріне толық сай келеді.

  - Испанияда Қазақстан туралы біле ме, испандықтардың біздің елімізге деген қызығушылығы қандай?

- Өкінішке орай, бізде Қазақстан туралы ақпарат тым аз. Бірақ, біздің музейімізге көптеген адамдар келеді әрі онда көптеген қызықты дүниелер топтастырылған. Музейге кіру тегін. Испан қоғамы өнерге бейімділігін, діни төзімділігін, бейбітшілікке ұмтылысын, адам мен табиғатқа деген қамқорлығын, қонақжайлылығын паш ететін қазақ халқының мәдени үлгілеріне зор қызығушылықпен қарайды.

- Соңғы сауалым, зертеу жұмыстарыңызға қазақстандық мамандарды, студенттерді тарту жоспарыңызда бар ма?

- Әрине, экспедиция барысында біздерге олардың көмектері қажет болады. Біз Ресейде жұмыс істеген кезімізде тобымызда 2-3 жергілікті студент болды. Бұл олар үшінде, біздер үшін де пайдалы.

  - Сұхбатыңызға рахмет!

 

Автор: Марлан Жиембай      

 

3271 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper