Анонс


Түркі тарихы музейінің жәдігерлері (ФОТО)

Жұма, 17 Сәуір 2015 18:15
Түркі тарихы музейінің жәдігерлері (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Әзербайжанның Нахычеван қаласында қабылданған 2009 жылдың 3 қазанындағы келісімге сәйкес тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркі академиясы құрылғаны белгілі. Көп кешікпей, яғни 2011 жылдың соңында Академия жанынан Түркі тарихының музейі ашылған болатын.

Аталған музей 2014 жылы халықаралық мәртебе алып, қайта құрылған Түркі академиясының (ІТА) құрамына енді. Сол жылғы қыркүйекте көптеген аса құнды жәдігерлермен толыға түскен Түркі тарихы музейі айтарлықтай жаңарды. Түркі халықтарының тағдырлы тарихы мен мәдениетін сақтау, зерттеу және таныту бойынша байтақ Еуразия кеңістігіндегі біртұтас ғылыми және әлеуметтік мәдени кеңістіктің жетекші ұйымдарының біріне айналу – музейдің алға қойған мақсаты саналады.

Музей қызметіндегі басты мұрат түркі халықтарының тарихы бойынша терең академиялық танымдарды өзек еткен, Академия ғалымдары мен қызметкерлерінің жобалық ғылыми ізденістері келешегіне арқау болатын әлеуметтік-мәдени, тарихи танымдық институт негізінде қалыптасу болып табылады.

Түркі тарихы музейі Бейбітшілік және Келісім сарайының 2-ші қабатында орналасқан. Экспозициялар 100 шаршы метр алаңға орналасқан. Экспозицияларды орналастыру барысында келушілердің назарын түркі халықтарының мәдениеті мен тарихы генезисіндегі айрықша ерекшеліктерге аударуға басымдық берілген. Музей экспозициясына кіргенде түркілік дала өркениетінің бастау көзін таныстырудан басталатын экспозициялық құралдардың және арнайы жарықтандырудың орынды қолданылғанына көз жеткізесіз. Мұнда жылқыны қолға үйрету арқылы Ұлы Даланың алып кеңістігін бағындырған алғашқы салт аттылардың ерекше ептілігіне, жауынгерлік қабілетіне куә болады.

 

Мыс, қола және алтын қатарлы балқытылатын металдарды пайдалануды еркін меңгерген Еуразияның далалық кеңістігінің тұрғындары жебе, найза және сүңгі ұштарын айрықша шеберлікпен жасай алғаны белгілі.  Сонымен қатар, ақша түрлері, жоралық құралдар, жазу құралдары және Орталық Азия хандықтары билеушілерінің алуан түрлі мөрлері түркі халықтарында мемлекет құрудың барлық үрдістері мен алғышарттары болғанына көз жеткізе түседі. Сондай-ақ, алуан түрлі көне музыкалық аспаптар келушілерді рухтандырып, түркі әлемінде өнердің орны ерекше болғанына, оның кезінде түркі тайпаларын, ал бүгіндері түркі тілдес халықтарды біріктіруші рөл атқарғанына және атқара беретініне сендіреді.

Аса мағыналы оюлармен көмкерілген кілемдер, он саусағынан өнер тамған шеберлердің былғары, ағаш, сүйек және барқыттан әсемдеп жасаған бұйымдары халық қолөнерінің жаһандық қазынасына түркілердің өлшеусіз үлес қосқанын білдіреді. Сандықтар, әшекейлі белдіктер, кілемдер, ыдыс және өзге де үйішілік күнделікті тұрмыс бұйымдары түркі халықтарының ішкі әлемінің байлығын паш етеді. Осының бәрін өз көзімен көрген келуші бұл бұйымдардың күнделікті қолданудағы пайдасымен ғана танысып қоймайды, көркемдік және сапалық тұрғыдан жоғары бағалауға лайық екеніне де көз жеткізеді. 

Арнайы витринаға қойылған бірегей қару-жарақ және аңшылық құралдары көшпенді түркі рухының асқақ, туған жері мен еліне деген құрметінің зор болғанын білдіреді. Жалпы алғанда, музей экспозицияларының форматы түркі халықтарының терең туыстық тамырлардан бүгінгі таңдағы сабақтастық динамикасы мен өзара тығыз қарым-қатынасын тани түсуге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, жоғары көркемдік стилде жасалған әйелдерге арналған зергерлік әшекейлермен танысу айрықша әсерге бөлейді. Олар толық ашылмаған тылсым құпиялары арқылы келушіні еріксіз қызықтыра түседі.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі кезде ол өз қызметінің 5 негізгі бағдарын айқындау және қалыптастыру кезеңінен өтуде. Бұл 5 бағыт: экспозициялық көрме, музей қорын ұдайы толықтыру мақсатында мұраларды жинау, мәдени-танымдық қызмет, ғылыми-зерттеу және есепке алып сақтау. Атап айтқанда, музей қоры этнографиялық және археологиялық  экспедициялардың материалдары, ғылыми зерттеулердің нәтижелері, сондай-ақ отбасылық жәдігерлер мен жеке коллекцияларды сыйға тарту есебінен үнемі толығып келеді. Мұндағы атап өтер жайт, бізге музей қызметкерлерінің жәдігерлерді табу мен экспозицияларды толықтыру ісіндегі бұдан өзге құпияларын ашудың сәті түспеді (әр кәсіптің өзіндік ішкі құпиялары болады ғой). Сондықтан да сабыр сақтап,  мұндай кешенді ізденіс көп кешікпей түркі халықтары тарихы мен мәдениетінің жарқын беттерінен хабар беретін аса құнды жәдігерлердің ортамызға оралуына септігі тиетінінен үміт күтуге тура келеді.

 

 

 

Түркі тарихы музейінің қызметіндегі өзектілігі бәрінен жоғары тұрған тағы ерекшелік – бүгінгі күннің жоғары технологиялық жетістіктерінің көмегімен ғылыми-экспозициялық материалдарды жобалау мен баяндауға жаңаша заманауи әдістемелер қалыптастырып, оны күнделікті жұмыс барысында жүзеге асыру.

Жалпы алғанда Халықаралық Түркі академиясы жанынан Түркі тарихы музейін құру және кеңейте түсу – барша түркі халықтарының ортақ мұраты. Өйткені ол бұрынғы ортақ тарихымыз бен бүгінгі туыстық қарым-қатынастарды бекемдей түседі. Келешекте бұл жас музей жаһандық ғылым, өнер және мәдениетте өзінің салмақты сөзін айтар кез алыс емес.

3791 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper