Анонс


Тайландтың Art in Paradise музейі жайлы не білеміз? (ФОТО)

Жұма, 17 Сәуір 2015 16:35
Тайландтың Art in Paradise музейі жайлы не білеміз? (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Туристер үшін табиғатымен танымал Тайланд алдағы уақытта өзінің заманауи музейлерімен де қызықтыра алатын болады. Музей ісін қолға алған мемлекеттің бұл саладағы жетістіктері де жоқ емес. Тайландқа саяхаттап барған блогер Динара Болатқызы мемлекеттік музейге арнайы барып, өзінің көргендерін оқырмандармен бөліскенді жөн санапты.

Тай еліне сапарға аттанбас бұрын жоспарланған барып-көру нысандарының ішіне әйгілі Art in Paradise 3D Музейін белгілеген болатынмын. Паттайя қаласына келген күннің ертеңіне сол арт- музейге аттандық. Музей мен ойлағаннан бетер ғажап болып шықты. Шынымен, бірегей! Музейдің кіреберісінде жалғыз бір ереже жазылған – ол аяқ-киіміңізді шешіп кіру. Неге? Себебі, ғимараттың іші тола сурет, тіпті еденде де. Жарға салынған суреттер сюжеті едендердегі суретпен жалғасады. Галерея өте үлкен. 5800 шаршы метрді алатын галерея 2 қабатты алып тұр. Ежелгі Египет, ежелгі Аюттайя, Сахара, Азия мекені, ғылыми ашулар, зообақ секілді бірнеше үлкен залдарға бөлінген. Оған қоса, тақырыптан тыс жүздеген өнер туындылары бар. Ең ұнағаны келіп көрушілер суреттердің жанында «Қалай суретке түсемін?» деп асып-сасып қалмасы үшін әр суреттің белгілі бір жерінде шеңбер белгіленген. Сол шеңбердің ішінде сюжеттің кейіпкері болу әдістері, яғни суреттің жанында тұрып фотоға түсу жолдары көрсетілген. Ал қиялында шек жоқ көрушілер өз қалауынша сол сюжетке жан бітіреді. Суреттер өте шебер салынғандығы соншалық, ертегілер әлеміне, не ежелгі тарихқа түсіп кеткендей әсер аласың.

1.Табиғат аясы. Суретке түскенде көпшілігі сарқырамадан өту әдісін көрсетеді

2. Үндістандық піл. Суретке түсушілер әдетте пілдің мұрнымен ойнайды

3. Зертханадағы Альберт Эйнштейн. Суретке түсерде шыны колбаның немесе пипетканың астына отырса болады.

4. Тоты құстар мекені. Бұл сюжетте өз қиялыңызға ерік бересіз.

5. Шөл дала көрінісі ежелгі Египетпен ұштасқан. Бұл жерде негізі түйенің тізгінінен ұстау керек.

6. Ежелгі Египет. Фараон бейнеленген бұл сюжеттің жалғасы өз қиялыңызға байланысты

7. Чарли Чаплин. Суретте көрсетілген ой болуы керек образбен өрнектелген.

8. Тай елінің ежелгі астанасы Аюттайя қаласы. Бұл жерде қалаға кірер қақпа басты назарда болса керек.

9. Су ішуге ұмтылған жираф.

Арт-музейін көруге шамамен 2 сағаттай уақыт кетеді. Бірақ, Азия құрлығындағы жалғыз 3D музей барып көруге тұрарлық. Әсіресе, өнер, фото сүйер қауым үшін. Барыңыздар, көріңіздер!

2797 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper