Анонс


«Есік» қорық-музейі Лондонда өткен көрмеге қатысты

Дүйсенбі, 12 Қараша 2018 14:13
«Есік» қорық-музейі Лондонда өткен көрмеге қатысты KAZMUSEUM.KZ -  

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Лондонда өткен «WTM London» халықаралық туризм және саяхат көрмесіне қатысты.

Көрмеде «Есік» қорық-музейі сақ-үйсін тарихына қатысты деректермен бірге қорық-музейдің ғылыми-зерттеу әлеуетін, туристік маршурттарын, әйгілі Алтын адам туралы мәліметтерді, сонымен қатар, Жетісу өңірінің табиғи, тарихи орындарын насихаттады. Көрме экспозициясында «Есік» қорық-музейі тарапынан жарық көрген «Алтын адамның құпиясы» атты жинақ пен Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттайтын басқа да кітаптар, қорық-музейді таныстыратын түрлі буклеттер де қойылды.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Ыдырысов мырза да қатысты. Көрменің арнайы ашылу салтанатынан кейін «Есік» қорық-музейінің көрмесіне келген Елші мырза «Еліміздің бай да көркем табиғатымен қатар, терең тарихи тамырын, тарихи-мәдени ескерткіштерін әлемге дәріптеңіздер. Осы арқылы елімізге туристерді тартуға үлес қосыңыздар. Көптеген қазақстандық көрмелердің ішіндегі осынау «Есік» қорық-музейінің көрмесі сәтімен ашылған көрмелердің қатарында екен. Себебі, Алтын адам еліміздің мақтанышы болуымен қатар, біздің тәуелсіздігіміздің символдарының біріне айналған. Сіздерге үлкен рахмет айтамын», - деді. «Есік» қорық-музейінің директоры Гүлмира Мухтарова Елші мырзаға алғысын айта келіп, «Алтын адамның құпиясы» атты жинақты және басқа да кітаптарды тарту етті.

Айта кетейік, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі бұған дейін де, дәлірек айтсақ 2018 жылдың 25-28 қыркүйегі аралығында Францияның Париж қаласында өткен «İFTM Top Resa 2018» атты Халықаралық көрмеге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің қолдауымен қатысып қайтқан болатын. Ол көрмеде де «Есік» қорық-музейі, Қазақстанның ежелгі тарихы, мәдениеті, табиғи-тарихи орындары туралы жан-жақты мәлімет берілген еді.

  Кәрі құрлықта осымен 38-ші рет өтіп отырған көрмеде Қазақстандық павильонға келуші қонақтарды қазақ халқының тарихы, мәдениеті, туристік әлеуетімен таныстырып, оларға ұлттық тағамдардан, берекелі қазақ жерінің өнімдерінен ауыз тигізді. Осы шара аясында жыл сайын кем дегенде 2,5 млрд фунт-стерлинг көлемінде келісім-шарт жасалады екен. Биылғы көрмеге Қазақстаннан 20-ға жуық туристік компаниялар қатысты. Олардың арасында «Есік» қорық-музейі Қазақстан атынан барған жалғыз музей болғанын айта кеткеніміз жөн.

«Есік» қорық-музейінің көрмесін тамашалаушы қонақтар да халқымыздың көне тарихымен, мәдениетімен танысып, өз таңданыстарын білдіріп жатты. Көрме қонақтарына кәдесыйлар мен түрлі мәліметтік парақшалар берілді. Осы шара нәтижесінде Еуропалықтардың Орталық Азияға, оның ішінде Қазақ елінің мақтанышы – Алтын адамға деген қызығушылықтары одан әрі арта түсті. Қазақ халқының түпкі тарихы Алтын адам дәуірімен тікелей қатысты екенін білген қарт құрлықтың саяхатты жаны сүйетін көптеген тұрғындары «Қазақ елінің Тутанхамонын», оның өмір сүрген аймағы мен табылған жерін көруге көрменің алғашқы күндері-ақ бел буды.

 

 

Досым ЗІКІРИЯ,

«Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы                                                        

2159 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper