Ұлттық музейге Оңтүстік Корея президенті құттықтау хат жолдады Таңдаулы

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 14:56
Ұлттық музейге Оңтүстік Корея президенті құттықтау хат жолдады KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлттық музейде кәріс ұлты өкілдерінің Қазақстанда өмір сүріп келе жатқанына 80 жыл толуы мен Қазақстан және Корея Республикалары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай «Қазақстан Кәрістері» атты фотокөрме ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрменің ашылу салтанатына еліміздегі Корея Республикасы елшілігінің хатшысы  Те Кен Ген қатысып, Оңтүстік Корея президенті Мун Цзы Иннің құттықтау хатын жеткізді.

Шарада сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Л. Кочетов «Біз баршаларыңызды бүгінгі көрменің ашылу салтанатында көргенімізге қуаныштымыз. Бұл көрмеде елімізде тұрақтаған кәрістердің қазіргі тұрмыс-тіршілігі бейнеленген. Негізінен еліміздің Үштөбе, Қызылорда, Алматы, Астана қалаларындағы кәрістердің суреттері топтастырылған фотокөрме ешкімді де бей-жәй қалдырмасы анық. Алдағы уақытта екі ел арасындағы мәдени және музей саласындағы байланыс жандана түсетініне сенімдімін» – деді.

Көрмеге шақырылған қонақтардың бірі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ким Роман: «Биылғы жыл қазақстандық кәрістер үшін айтулы жыл болмақ. Себебі биыл қазақ жеріне кәрістердің қоныстанғанына – 80 жыл және екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына – 25 жыл. Осыдан 80-жыл бұрын Қазақстанға келген кәрістер қазақтардың қамқорлығы арқасында аман қалды. Қазақ халқы аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз кәрістерді өз қамқорлықтарына алып, барынша жақсылық жасай білді. Қазақстандағы барлық кәрістер қазақ халқының қолдауына ризашылық білдіреді» – деді, өз сөзінде.

Көрмеде 1937 жылы Кеңес үкіметінің мәжбүрлеп қоныс аудару саясаты нәтижесінде Қазақстанға қоныс аударған кәрістердің қазіргі ұрпақтарының күнделікті өмірін бейнелейтін Кореялық фотосуретші Ким Джинсоктың жұмыстары таныстырылады.

Кәріс мәдениет орталығының бастамасымен бұл фотожоба Ким Джинсоктың Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан кәрістердің өмірінен фотоматериал дайындауға келген 2016 жылы басталған болатын. Әрине, бұл жоба жоғарыда атап кеткен айтулы жылдарды атап өту үшін қолға алынған еді.

Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан этникалық кәрістердің портреттерінен бөлек, Ким Джинсоктың жұмыстарында бүгінгі Қазақстан да әртүрлі қырынан танылады: қалалық пейзаждар, табиғи ландшафттар және қарапайым адамдардың өмірі.

Фотокөрме 2017 жылдың 8 қарашасына дейін жалғасады. 

672 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper