Анонс


Суретші Малютиннің «алпыс бесінші жазы»

Жұма, 02 Маусым 2017 03:50
Суретші Малютиннің «алпыс бесінші жазы» KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан  өнер музейі суретші-сәулетші Николай Васильевич Малютиннің  «№ 65 жаз» атты жеке көрмесін ашты.

Николай Васильевич Малютин 1952 жылғы 26-маусымда Шығыс Қазақстан облысының бүгінгі күні Зырян ауданына қарасты Қаншыбұлақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан көркемсуретпен айналысты. Кеңес әскері қатарынан оралған соң Өскемендегі өнеркәсіп кәсіпорындарында безендіруші-суретші болып қызмет етті. 1974 жылы тағдыр Николай Васильевичті КСРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Леонид Агейкинмен кездестірді. Оның ақылы бойынша ол Өскемен құрылыс-жол институтының сәулет факультетіне оқуға түсіп, оны 1985 жылы ойдағыдай аяқтап шықты.

Сонау кеңестік кездегі жылдарда, Николай Малютин Шығыс Қазақстан Халық шығармашылығы үйінің жұмысына атсалысып, «Самородок» әуесқой суретшілер облыстық клубы басқармасының құрамында болды.  Суретшінің біраз уақыт облысымыздағы православ храмдарын безендірумен шұғылданған кезеңдері де болды. Әрине,  түрлі көрмелерге қатысып, тақырыпқа деген ерекше қызықты көзқарасы үшін мадақталған кездері де аз болған жоқ. Мысалы, оның «Менің Қазақстаным»  атты көрмесіне ұсынылған жұмысы тақырыпты бірегей етіп ашқаны үшін назарға ілінді. Шебер, кенепте Адам баласы басты өзегі болып табылатын түрлі діндердің храмдары мен шіркеулерін, мешіттері мен синагогаларын бейнелей отырып, Қазақстанды барлық діндерді, нәсілдер мен мәдениеттерді біріктіретіндей – өзгеше  Шамбала ретінде көрсетті. Николай Малютинге махаббат тақырыбы әрдайым жақын болды. Сондықтан  «Махаббат, келісім мен бейбітшілік» көрмесіндегі оның «Өмірге деген махаббат» жұмысы ең үздік деп танылған болатын.

Суретшінің қалалықтардың назарына ұсынған «Саяжай әуендері» атты суреттер топтамасының барлығы да бір ғана саяжай маусымында, бір деммен салынған. Басты кейіпкер мен негізгі модельдің қызметін суретшінің өзінің саяжайы атқарған: жаздың сан алуан ғажайып бояулары, жүрекке жақын адамдары, саяжайдағы сыйлы да құрметті көршілері.

Портрет - суретшінің сүйікті жанрларының бірі.  Николай Васильевич модельдерін жүрек қалауы бойынша таңдайды. Бұл модельдер оның туған-туысқандары, жақын таныстары, немесе бейтаныс жандар да болуы мүмкін. Бірақ,  портреттерін салған барлық жандарды суретші шынайы сүйеді немесе аса құрметтейді. Тек сыртқы ұқсастыққа ғана тырысу портретші Малютиннің негізгі қасиеті емес, ол бейненің психологиялық драматургиясы арқылы сол адамның бойындағы рухани қасиеттерін ашуға тырысады. Ол бейнелеген портреттер бірегей сюжеті бар шағын ғана қойылым іспеттес.

Көрменің ашылу салтанатына жиналған көпшілік қауым Николай Васильевичтің шұғылалы суреттері мен терең ойлы портреттерін тамашалады, әкесінің суретінен шабыт алған қылқалам шеберінің баласы Лев Николаевичтің шығарған «Победа» әнін тыңдап, «Бастеньки» фольклорлық ансамблінің өнеріне қол соқты. Хоккейші Р. Төлебайұлы, өнертанушы Т. Быкова, әріптес досы А. Бердюгин, әйелі Ирина Владимировна және басқалар естеліктер айтып, ой-пікірлерімен бөлісті. Салтанат соңында өнер музейінің директоры Нұржази Қалиева көрмеге келгендерге алғыс айтып, қылқалам шеберіне өзінің жылы лебізін арнады.

 

Айнура Қарабекова,

ШҚО өнер музейінің қызметкері

2302 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper