Анонс


Шығыс Қазақстан өнер музейі «Күннің ұлы» атты көрмесін ашты (ФОТО)

Жұма, 19 Мамыр 2017 04:28
Шығыс Қазақстан өнер музейі «Күннің ұлы» атты көрмесін ашты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан өнер музейі Қазақ КСР және КСРО Суретшілер одағынының мүшесі, өмірден ерте озған суретші Марат Жүнісовтың  туғанына 70 жыл толуына арналған «Күннің ұлы» деп аталатын кескіндемелік және графикалық жұмыстарының жеке көрмесін ашып, жиналған қауымды оның шығармашылығымен таныстырды. Суретшінің туындаларымен қоса автордың фотосуреттері мен постерлері,оның жеке құжаттары да көрмеге қойылды. Сөрелерден оның  эскиздері,кескіндеме этюдтары, графикалық беттер орын алды.  Экспозицияның  негізгі бөлігі өнер музейіндегі суретшінің авторлық қорындағы коллекциядан және оның туыстарының  отбасылық коллекциясынан жасақталған. Жұмыстарының бір бөлігі көрме үшін арнайы Алматы мен Семейден әкелінді.

Көзі тірісінде Қазақстанда да, одан тысқары жерлерде де Марат Жүнісовтың көрмелері аз өткізілген жоқ. Олардың тізбесін оқығанда таң қаласың: осының барлығына ол қалай үлгірген! Сюжеттер мен тақырыптардың кезкелгені ол үшін қолжетімді еді. Суретші географиясы Қазақстанның, Кеңес Одағы мен Еуропаның әрқилы қалаларын құрайтын көптеген шетелдік, қазақстандық және бүкілодақтық көрмелерге қатысты. Ол көп нәрсеге үлгіргенімен, көптеген атқарар істеріне үлгірмеді, ғұмыры тым қысқа болды. Енді суретшінің картиналарында періштелердің және ол «Күннің ұлдары» деп атайтын сәулелі фотон тәрізді тіршілік иелерінің неге көп кездесетінін ешкім де түсіндіріп бере алмайды.   ХХI ғасырда да адамдар болсын, періштелер болсын бұл  суретшінің ұшқыр қиялына, бұл фәниде жоқ үйлесімділіктермен салынған оның образдарына таңданатындары анық.

Өзіне деген сенім Марат Жүнісовтың бойында Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде және И.Е.Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институтында оқығанда қалыптасты. Алайда студент кезінде, мүмкін одан да бұрынырақ–туған қаласы Өскемендегі Е.Н.Годовскийдің бейнелеу студиясында болашақ  суретші реализмнің әлемді танудың бір ғана жолы еместігін түсінген еді. Ол реалистке көруге болмайтынды көрді: Аттиланың көлеңкесі, ұшып жүрген періштелер, беймәлім тіршілік иелерінің отша жанған көздері және Күннің ұлы...  Оқу оқыған жылдары ол Алматы мен Нева жағалауындағы қалаға қатты бауыр басып қалды. Ал Қарағандымен оны есею жылдары, отбасы, нағыз достары байланыстырды. Москвадағы КСРО Суретшілер одағының Көркемсуреттер көрмесінің дирекциясы таңдап алған  Марат Жүнісовтың картиналары сандаған музейлер мен жеке коллекцияларға таратылып берілді. Қазір оларды Алматы, Астана, Павлодар, Петропавл, Семей қалалары мен Германияның Ворбсвед қаласының музейлерінен және әлемнің көптеген елдерінің жеке коллекцияларынан кездестіруге болады.

«Күннің ұлы» атты көрме қылқалам шебері Марат Жүнісовтің сан қырлы дарынын жан-жақты ашып көрсеткен. Ол кез келген тақырыпты тамаша игерген. Көрермендер әсем пейзаждар мен портреттерді, Марат Жүнісов туралы түсірілген бейнефильмді тамашалап, Алматы мен Қарағандыдан арнайы келген достарының, өнертанушы, ҚР СО мүшесі Гүлзифа Әбілованың, інісі Самат Қайсаұлының, қарындасы Сәния Быжыбаеваның, әйелі Татьяна Ивановнаның суретші туралы сағынышты да қызғылықты естеліктерін тыңдады (жоғарыдағы фотода- Авт.).


"Көктемгі күн"

"Теңіз"

"Қазақстандық Магнитканың жұмысшылары"

   Дәстүрлі жанрлардың әрқайсысына суретші қандай да бір қайталанбас қолтаңбасын қоса білген. «Раушанмен натюрморт» қайта құру кезеңіндегі суретшінің өзінің психологиялық портреті, мұңы ретінде көрінеді. Ол  теңіз бен балықтар фаунасының барлығын  жақсы көретін. Оның теңізді қабылдауы, көңіл-күйіне және тіршілік  жағдайларына қарай, өзгеріп отырды. «Теңізбен қоштасу» картинасы мен «Фауна» атты теңіз сарынын салыстырып көріңізші.  Жүнісов тұңғыш тың игерушілер (В.И. Малуханың портреті) және Қазақстандық Магнитканың жұмысшылары, Қарағанды спортшылары («Қарағандыдағы шаңғы мерекесі») және ауылдан келген қыз тақырыптары үшін нанымды кескіндемелік шешімдерді таба білген.

Қыркүйек айына дейін жұмыс істейтін көрменің ашылу салтанатын қорытындылаған өнер музейінің директоры Нұржази Қалиева қылқалам шеберінің шығармашылығына жоғары баға беріп, келген көрермендерге алғыс айтып, оның туыстарына сый-сияпат жасап, игі тілектерін білдірді.

Айтмұхамбет Қасымов,

ШҚ өнер музейінің қызметкері

 

Басты суретте: "Яхта"

2837 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper