Анонс


«Поштамен хат келді…» атты көрме ашылды

Жексенбі, 09 Сәуір 2017 02:39
«Поштамен хат келді…» атты көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Бүгін интернет дәуірінде, хат алу және оған жауап беру – қас қағым шаруа. Ал осыдан жарты ғасыр бұрын ол шаруа әжептәуір машақат жұмыс болатын. Конверт пен марка қажет еді! Әрине, марка әдемі безендіру үшін ғана қажет емес, ең алдымен, бұл пошталық қызметтер төлемінің арнайы белгісі болды. Шығыс Қазақстан өнер музейінде өскемендік жеке коллекционердің «Поштамен хат келді...» деп аталатын  маркалар көрмесі ашылып, жұмыс істеуде. Көрермендер бұл көрмеден маркалардың тарихы туралы қызғылықты деректермен танысып, қандай салалар, тақырыптар мен айтулы даталарға шығарылған сан түрлі маркаларды көріп, тамашалай алады. 

Алғашқы пошта маркасы 1840 жылы Ұлыбританияда басылып шықты: ақ-қара түсті суретте - Виктория ханшайымның қырынан қарағандағы пішіні. Бұл - аты аңызға айналған "Қара пенни». Қазір бұл раритет ерекше құндылыққа ие, ол бүтіндлей бір қазынаның құнына пара-пар! Сол уақыттан бері әлемде 5 миллионнан астам марка шығарылған екен. Олардың саны жыл сайын өсе түсуде.

Пошта маркалары – бұл баспа графикасының шағын туындысы, коллекциялау үшін жасалғандай! Бірақ, күнделікті өмірден басқа арнайы маркаларға арналған альбом-кляссерлерде мемлекеттік жұмыстарға да әрдайым маңыз беріліп отырды. Ту, елтаңба, валюта, мемлекеттік марапаттар және басқа да егемендік атрибуттары сияқты маркалар әлемге туған жердің тарихы, мәдениеті, өнері, географиясы, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі жайлы жалықтырмайтындай етіп айтып береді. Іс жүзінде барлық елдерде маркалардың едәуір бөлігі бастапқы мақсатында, оларды коллекционерлерге сатуға шығарылады, мемлекетке тікелей пошта қызметтерімен байланысты емес елеулі табыс алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан пошта маркаларының тарихы мемлекет тәуелсіздігінің қалыптасуымен тікелей байланысты. КСРО жылдары, Мәскеуде барлық кеңестік маркаларды шығаратын, елдегі жалғыз "Госзнак" фабрикасы болды. Қазақстан егемендігін алғаннан кейін, өз маркасын шығару туралы мәселе туындады. Бұл өте маңызды еді, өйткені пошта маркалары кез келген елдің визиттік карточкасы болып табылады және әр марканың номиналы ұлттық валютамен бағаланады. Республика Үкіметінің шешімімен кәсіби мамандар және суретшілерден тұратын топ құрылды, оларға қысқа мерзімде отандық маркаларды шығару процесін ретке келтіру керек болды. 1992 жылы 20-наурызда, 1969 жылы қазба жұмыстары кезінде Есік қорғанынан табылған алтын киімді сақ жауынгері бейнеленген 50 тиын номиналымен "Алтын адам" атты қазақстандық алғашқы пошта маркасы шықты. Содан бері қазақстандық маркалар әлемнің барлық пошта каталогтары мен филателистер коллекцияларында өз орындарын тапты. Ал "Алтын адам" маркасы еліміздің символына айналды. Небәрі 17 жылда шамамен алты жүз пошта маркалары мен маркалы блоктар шығарылды.

Бүгін де, сондай маркаларды шығару мерекелерге және атаулы күндерге арналған. Маркаларда еліміздің тарихи және мәдени мұрасы, спорт, ғарыш саласындағы жетістіктері көрсетілген. Олар Қазақстанда тұратын және республиканың дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлғаларға арналған. Тәуелсіздік алғаннан бері пошта айналымында 20-дан аса тақырыптар бойынша маркалар шығарылды және олар Қазақстан өмірінің барлық жақтарын көрсетеді. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен наградалары», «Атаулы күндер», «Қазақстан халықтары», «Көрнекті қайраткерлері» тақырыбындағы ресми топтамалармен бірге  «Батырлар», «Қолданбалы өнер», «Ежелгі және заманауи сәулет ескерткіштері», «Қазақстан кескіндемесі» сияқты тарихи-көркемөнер сериялары да шығарылады. Ал «Флора және фауна» сериясы, «Табиғатты аялайық», «Қазақстанның інжу-маржандары», "Ғарыш" тақырыптарына арналған маркалар жыл сайын жарық көріп тұрады.

Пошта маркаларын бірегей шешімдер ізденістері арқылы үнемі жетілдіріп отыратын және маркаларды өзіндік графикалық шағын көлемді суретке айналдыратын суретшілер жасайды. Марканың көп мағлұмат берері сөзсіз, бірақ ол үшін оның «тілін» білу керек, осы кішкентай ғана қағаз жапырақшасымен оңаша қалғанда, онымен сөйлесе білу керек....

Өнер музейіндегі көрмеде көрермендер назарына  С. Маршев, Д. Мұхамеджанов, Р. Слюсарев, Г. Ибрайшин, К. Ибрайшин, К. Плужников сынды қазақстандық суретшілердің маркалары ұсынылған. Сондай-ақ, ресейлік және неміс суретшілері Г. Комлев, В. Коваль, Т Ниттнердің еңбектері де көрме сөрелерінен орын алған. 

 

 

Мадина Черубаева, ШҚ өнер музейінің сектор меңгерушісі

 

2559 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper