Анонс


Ә. Қастеев атындағы музейдің «Кеңістіктегі мүсін» көрмесінде 20-ға жуық жұмыс қойылады

Бейсенбі, 30 Наурыз 2017 04:01
Ә. Қастеев атындағы музейдің «Кеңістіктегі мүсін» көрмесінде 20-ға жуық жұмыс қойылады KAZMUSEUM.KZ -  

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында мүсінші Дәурен Досмағамбетовтің «Кеңістіктегі мүсін» атты жеке көрмесі өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Мүсінші Дәурен Досмағамбетов үшін қазақ бейнелеу өнерінің біртуар перзенттері Хәкімжан Наурызбаев, Төлеген Досмағамбетов, Ескен Сергебаев, Еркін Мергеновтерден тәлім-тәрбие алып, білім көкжиегін кеңейтуі өнердің алғашқы, маңызды баспалдағы болғаны сөзсіз. Көрмеде мүсіншінің 20-ға жуық жұмысы қойылады.

Бір ерекшелігі мүсіншінің жұмыстарының ішінде көбінесе «Періште», «Әйел» бейнелеріне арналған жұмыстары көп. Осы образдар арқылы автордың ішкі жан-дүниесіне үңілуге болады. Мүсіндеу күрделі өнер - композиция жағынан, материалды сомдауда төзімділікті қажет етеді. Сондай ауыр және қатты материалдарда гранит, керамиак және қолада осындай нәзік тақырыптарды ала отырып, оларды ерекше пластикада, мүсіннің негізінде форма мен кеңістіктің жаңа өзара байланысын таба отырып пішінге ерекше жұмсақтық береді. Жалпы «Періште» бейнесінің рухани мәні өте тереңде жатыр. Ол аспанға қарай ұмтылған, пәк, Құдайдың ғана әмірін мүлтіксіз орындайтын құлы болып есептеледі. Періштенің бейнесін, әдетте  арқасында қос қанаттарымен антропоморфты күйінде бейнеленеді. Сондықтан да, мүсінші бұл бейнеге жиі оралады және оны одан сайын жетілдіргісі келеді.

Тағы бір күрделі жұмыстарының ішіндегі қоладан жасалған «Горажанен» («Қала тұрғыны», 2017) атты балықтың қаңқасымен қоректеніп жатқан аш мысықтың бейнесіндегі жұмысты айта кеткен жөн. Автордың пікірі бойынша, бұл мүсін қазіргі заманның нағыз ашкөз, тойымсыз, қанағатсыз, тек өз басын ғана ойлайтын дүниеқор адамдардың келбетін сипаттайды. Яғни, мүсінші бұл жұмысында қазіргі заманауи адамдардың рухани құндылықтарының, адами қасиеттерінің құнсызданып бара жатқанын көрсетеді.  

Дәурен эксперимент жасағанды ұнатады. Бір туындыны бірнеше материалда сомдап, айырмашылығын ескереді, әсіресе мүсіннің тұғырына ерекше мән береді. Олардың формасын ойластыра қоладан, аллюминий, шыныдан, көбінесе ағаштан жасайды және оның жоғарыда орналасатын мүсінімен де үйлесімділігін табуға тырысады. Сондай-ақ, Дәурен үшін мүсіннің қай жерде орналасса да, оның адам өмірінде алатын орны бар деп есептейді.

Көрменің жетекшісі - Ақбота Алимхожина, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің арт-менеджері, өнертанушы.

Көрме 2017 жылғы 31 наурыз күні сағат 17.00-де ашылады.

 

2487 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper