Анонс


«Отбасылық ноктюрн» көрмесі Алматы тұрғындары мен қонақтарын шақырады (ФОТО)

Сейсенбі, 07 Наурыз 2017 02:22
«Отбасылық ноктюрн» көрмесі Алматы тұрғындары мен қонақтарын шақырады (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында Жиенбай Орынбаев пен оның қызы Айжан Байырованың «Отбасылық ноктюрн» кескіндеме көрмесінің ашылуы өтеді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты музей әкімшілігіне сілтеме жасап.

Алматы тұрғындары мен қонақтары қылқалам шебері Орынбаевтың бұрыннан таныс әрі сүйікті жұмыстарымен қатар жаңа туындыларын көретін болса, жас суретші Айжан үшін бұл шығармашылық дебюті болмақ.

Жиенбай Орынбаев 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында дүниеге келді. Ташкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдады. 1995 жылдан Орта Азия өңіріндегі көрмелердің белсенді қатысушысы, ал суретшінің өзінің жеке көрмелерінің саны бір төбе. Орынбаев өзінің шығармашылық қызметін оқытушылықпен ұштастырып, Ә. Қастеев атындағы Шымкент бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінде ұстаздық етеді.

Айжан Байырова 1996 жылы дүниеге келді. Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы бейнелеу өнері және дизайн колледжін аяқтады. Айжан әкесінің жолын қуып, суретшілікті таңдап алды, қазір Шымкент педагогикалық институты көркемсурет-графика факультетінің студенті.

Суретшінің жас та нәзік жаны гүл шоқтары мен өсімдіктер әлеміне толы композицияларындағы тұнық та таза колоритінен көрінеді. Суретші қыз өзін классикалық мәнерде де, авангардтық кескіндеме дәстүрінде де көрсетіп, қазір өзінің кескіндемедегі тілі мен стилін табу үшін ізденуде. Акварель мен акрилге ерекше ден қойып, солармен жұмыс істегенді жаны сүйеді.

Жиенбай Орынбаев кескіндемелік ізденістерінде өзін көп жанрлы қылқалам шебері ретінде танытса да, пейзажға ықыласы ерекше. Суретшінің туындыларынан шуға толы алып қалаларды таппайсыз, оның жұмыстарының әлемі табиғатпен жарасым тауып, ағаштардың, жердің, аспанның, жалғыз аяқ жолдар мен бұлақтардың өріле жымдасқан өрнегіндегі бір қабатты үйлер бейнеленген ауыл тұрмысының тыныштығын мекен еткен. Шебердің «Ауыл күзі», «Қысқы аула», «Соңғы қар» картиналары осындай мазалы да жайбарақат күй құшағында.

Көрермен оның туған өлкесінің табиғатына деген сүйіспеншілігі мен албырт сезімін автордың картиналарынан танып-білері сөзсіз. Табиғат өзгерістерін сезімтал суретші өздеріне тән колориті мен өзіндік ерекше әуені бар жыл мезгілдеріне арналған тұтас топтамаларын құрған жұмыстарында барлық сипатты нюанстарын дәл береді.

Жаз мезгілі суретшінің «Тауда» деп аталатын жұмысында өзінің сүйікті жасыл түсінде жайлы сезінеді. Жылдың құбылмалы мезгілдерінің бірі – күз шебердің кескіндемесінде бірде жылы да кең пейілді тарихтан сыр шертуші бола қалады, ал енді бірде жорта ісініп, жасанды алтын түске енеді, турасын айтқанда, кенептің бетінен өз күшімен ыршып түскендей кейіп танытады. Орынбаевтың күзі кез келген бейнеде сұлу. Қыс ақ қар басқан жер мен ойға батқан өсімдіктер үнсіз сырласып, жылы күндерден дәметкен «Қысқы өрнектер» картинасында  өзінің үнсіз демін ішіне тартқан. Жиенбай Орынбаевтың картиналарында көктем көкшіл-жасыл дақтармен берілген. Ал кенептің тереңінен бастау алып, суретшінің қаламынан туған «Көктем бұлағы» екпінді ағынмен суық қоңыр топырақты шайып, оны ұйқысынан оята, ішкі өмірлік нәріне жан бітіреді.

«Күміс пейзаж» туындысында автор құлпырған кескіндемелік нәтижеге жеткен. Сұрдың, көгілдірдің, күлгіннің райлары адам мен табиғатты қоршаған орта екеуі бірлік пен үйлесімде өмір сүріп жатқан жайлы кеңістіктегі желілік элементтерімен бірге құралған кенептің үстіңгі бетінде лирикалық тербеліс жасайды.

Жиенбай Орынбаев натюрморт жанрына жиі ат басын бұрады. Суретшінің гүлді композицияларындағы ашық, қанық колорит ешбір жалықтырмай, көңіліңе қуаныш ұялатады. «Лалагүл» мен «Мамыргүл» және басқа да гүлдер, мысалы, шағын кенептегі күнбағыс «Самаурын бейнеленген натюрморт», «Саңырауқұлақ бейнеленген натюрморт» жұмыстарында ас үйдің заттарымен бірігіп кеткен. Ал «Өнім» натюрморты піскен жемістер мен сағынышқа толы жарқын сарынға бай «Менің балалық шағымның бағы» композициясымен үндесіп жатыр.

 

Ж. Орынбаевтың пайымды кескіндемесі – еліктіргіш, сұлулықтың нәзік материясын іздеген суретшінің романтикалық болмысының жемісі.

Көрме 2017 жылғы 10 наурызда сағат 16.00-де ашылып, 25 наурызға дейін өтеді. Көрменің жетекшісі - Карина Крылова. 

2480 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper