Анонс


Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі өңірге еңбегі сіңген даңқты тұлғаны еске алу көрмесін ұйымдастырды

Дүйсенбі, 20 Ақпан 2017 16:26
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі өңірге еңбегі сіңген даңқты тұлғаны еске алу көрмесін ұйымдастырды KAZMUSEUM.KZ -  

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде Атырау облысының Құрметті азаматы Е.Тасқынбаевтың 85 жасқа толуына орай «Еңбегімен еленген тұлға» атты көрменің ашылу рәсімі мен кездесу кеші өтті.

Шара Атырау облысының экономикасы мен мәдениетінің дамуына үлес қосқан Есен Тасқынбаевтың тұлғалық қасиеті мен ұлтжанды азаматтығын жас ұрпаққа үлгі етіп, өмірі мен еңбек жолын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілді.

Есен Тасқынбаев 1932 жылы Атырау облысы, Жылыой ауданының Жаршық ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Құлсарыдағы Абай орта мектебін үздік бітіріп, Мәскеудегі М.М.Губкин атындағы мұнай институтына оқуға түседі. Осы институтты 1954 жылы үздік бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шығады. 1954-1964 жылдары  Есен Тасқынбаев ең алғашқы еңбек жолын «Қазақстаннефть» бірлестігіне қарасты Құлсары бұрғылау мекемесінде бұрғылау жабдықтарын жөңдеуші-слесарьлықтан бастайды. Мұнара құрастыру цехының прорабы, бұрғылау мекемесінің бас механигі, Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасында аға механик қызметтерін атқарды.  1964-1965 жылдары Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1965-1977 жылдары Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші  хатшысы, 1977-1987 жылдары Гурьев облыстық атқару кеңес комитетінің төрағасы болып сайланды. 1987-1995 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1995-2009 жылдары Атырау облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды.

Еңбек жолындағы жоғарғы табыстары үшін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрт дүркін депутаты атанып,  «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен марапатталса, 1996 жылы Атырау қаласының Құрметті азаматы, 2002 жылы «Жылыой ауданының Құрметті азаматы», 2006 жылы  «Атырау облысының Құрметті азаматы» атақтары берілді.

Аталған шараға Атырау облысының және қаласының Құрметті азаматтары Орынғали Қарасаев, Қатимолла Ризуанов, Меллят Сабырова, Сара Мұсағалиева, Есен Тасқынбаевтың үзеңгілес замандастары, әріптестері Жаукен Көшенов, Жанай Беркалиев және Сүйеу Сүлейменов, Қилыбай Қуанышбаев,  Ғаббас Хисметтулин, Зұлбұхар Сүйнешов, Рысқали Сисатов,  Нұржиян Абдулова, Рашила Мурсалиева, Бәтіш Карпекова, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мағауия Шырдабаев, ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Чапай Зұлқашев және Есен Тасқынбайұлының туыстары, ұрпақтары, Атырау мұнай және газ университетінің  студенттері, музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Шараны Атырау облысы тарихи – өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова  ашып, шараның маңыздылығына тоқталып, музейде осындай бағыттарда мәдени шаралардың өткізіліп отыратындығын айтты.

Есен Тасқынбаевқа арналған «Еңбегімен еленген тұлға» атты көрмені музей маманы Айсана Бағытжанова таныстырды.

Шарада әріптесі Жанай Беркалиев Есен Тасқынбаевтың Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші, екінші хатшысы,  Гурьев облыстық атқару комитеті Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған кезеңдегі еңбек жолдарына тоқталды. 1965 жылы Жайық өзенінің екі жағалауын жалғастыратын темір-бетон көпір іске қосылды, 1966 жылы химия зауыты полиэтилен өнімдері шығарыла бастағанын және  осы жылдары 60 тонналық нан зауыты, су тазартқыш қондырғысы, 600 тонналық тоңазытқыш, 100 автусқа арналған автопарк, жылдық қуаты 35 мың шаршы метрлік ірі панелді тұрғын үй құрылысы комбинатының тұсауы кесілді. Бұл жетістік Есен Тасқынбаевтың еңбекқорлығын, іскерлік қабілетін көрсететіндігін айтты. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Мағауия Шырдабаев Атырау облысының мәдениеті мен экономикасының өркендеуіне үлес қосқан, тындырған істерімен елге сыйлы азамат Есен Тасқынбаевтың мұнай кенішіне қосқан зор үлесін атап айтты. Есен Тасқынбаевтың досы Чапай Зұлқашев сөз алып, бірге жүрген жылдарынан есте қалған әңгімесін айтып, мерейтой иесіне өздерінің жылы лебіздерін, ақ тілектерін білдіріп, жастарға үлгі өнеге болар естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар, кештің сәнін Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармонияның қызметкерлері Гүлзира Ихсанова Қ.Мырзалиевтың «Қазақ осы», Ғ.Құрманғалиевтың «Ақсұңқар» әндерімен келтірсе, Азамат Сатыбалдиев Құрманғазының күйі «Серпер» күйін күмбірлетіп төкті.

Шара соңында мерейтой иегері Есен Тасқынбаев және жұбайы Ермек Алдиярқызы сөз алып, бүгінгі шараның маңыздылығын, кейінгі ұрпаққа берер тағылымы мол екенін  атап өтіп, музей ұжымына алғысын білдірді. 

Атырау облысының Құрметті азаматы, көрнекті партия қызметкері Есен Тасқынбаевтың 85 жасқа толуына орай ашылған «Еңбегімен еленген тұлға» атты көрмені қала тұрғындарымен қала қонақтарына  бір ай көлемінде тамашалай алады.

 

3946 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper