Анонс


БҰҰ мен ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланған суретшіні еске алуға арналған көрме ашылды (ФОТО) Таңдаулы

Сәрсенбі, 15 Ақпан 2017 23:49
БҰҰ мен ЮНЕСКО тарапынан жоғары бағаланған суретшіні еске алуға арналған көрме ашылды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың «Өнер Заманның Энергиясы» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрмеде суретшінің осыған дейін БҰҰ-да, ЮНЕСКО-да экспозицияланған туындылары мен тарихи экспонаттары ұсынылды. Көрмеге келушілер ҚР Ұлттық музейінің топтамасындағы Әубәкір Ысмайыловтың 30-60 жылдардағы акварелдері мен  карикатураларын және Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіндегі көркемсурет туындыларын тамашалады.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Әубәкір Ысмайыловтың  жалпы қазақ өнерінде алар орны бөлек. Ол кісі ер жетіп ес білген кезеңнен бастап өнер жолын таңдаған адам. Сонымен қатар өнердің бір саласын ғана емес, сан саласын игеріп, кәсіби деңгейде мамандана білген адам. Әубәкір ағамыздың кітапты безендіру, полиграфия саласында атқарған жұмысын да бүгінде сол салада үлгі етіп алуымызға болады. Одан бөлек еліміздегі Суретшілер Одағын құрып, оны басқарған еңбегін де еш ұмытпауымыз керек» – деп, суретшінің көзі тірісінде атқарған ілкімді істеріне тоқталып өтті. 

Суретшінің қызы Гүлзәмира Исмаилова өз кезегінде көрмені ұйымдастыруға ұйытқы болған Ұлттық музей ұжымына алғыс білдірді. «Бүгін мен осы аудиторияда өнерді бағалай білетін азаматтардың жиналғанына қуаныштымын. Сіздер Әубәкір Ысмайловтың карикатураларын, акварель және майлы бояумен салынған туындыларын тамашалай аласыздар. Сол туындылардың қатарынан 26 картинаны Ұлттық музейдің қорына тапсырамыз» – деді, Гүлзәмира Исмаилова.

 

Шара барысында Гүлзәмира Исмаиловаға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хаты табыс етілді.

Әубәкір Ысмайылов 1913 жылғы 2 қаңтарда туған. Бала кезінен сурет салуға, мүсін жасауға құмартқан ол өнер сүйер қауымның назарына ерте ілікті. Суретшінің бозбала шағынан-ақ сурет көрмесі бірнеше қалада өткен. Кейін ол талантын кәсіби біліммен ұштауға мүмкіндік алды. 

2147 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper