Анонс


ШҚО өнер музейі ұсынады: Яна Нартованың «Бар» атты жеке көрмесі

Бейсенбі, 09 Ақпан 2017 05:44
ШҚО өнер музейі ұсынады: Яна Нартованың «Бар» атты жеке көрмесі KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан өнер музейі өскемендік жас дизайнер және суретші Яна Нартованың «Бар» деп аталатын жеке көрмесін ашты. Экспозицияда - кескіндеме, графика, фотография, поп-арт стиліндегі киімдер. Бұл көрме мамыр айының он сегізінші жұлдызына дейін жұмыс істейді.

 

Яна Нартова – отыз екі жастағы жас суретші. Өзінің мақсаты мен қабілетін кәсіби тұрғыда жете ұғынғаннан кейін, екі жылдан бері ғана ол кенеп және бояулармен жұмыс істей бастады. Иә, өнерге келудің осындай да жолы болуы мүмкін. Яна Өскеменде тұрады, екі бала тәрбиелеп өсіріп отыр, жоғары техникалық білім иесі. Оның тамаша идеялары көп және шығармашылыққа деген құштарлығы ересен. Қарапайым академиялық өнер баспалдақтарынан өтпей-ақ, өнерге өзінің бірегей жолымен келуі – Янаға беделділердің ықпалынан, қасаң қағидалар мен қалыптардан дербестік, еркіндік береді. Бір кезде ұлы суретші Марк Шагал да өзінің әлемді, тіршілікті қабылдауының айрықша болуы себебінен классикалық көркемсуреттік білім алмаған болатын.

Нартованың шығармашылығы қазіргі таңда өте танымал болып отырған аңғырттылық (наив) аясына жатпайтындығы қызық. Ең алдымен суретшінің пластикасы аңғырттық стильде емес. Примитивист деп аталатын суретшілер жақсы көретін құлай салынған кері перспективалы пейзаждар Янаның шығармашылығында кездеспейді. Жанр ретіндегі пейзаж бұл суретшіде мүлдем жоқ. Оның композиция-картиналарында абстракциялық элементтер және танымал бейнелер бар. Жас суретші үшін – ол тым батылдық. Батылдығының жақсы немесе жаман екендігіне баға беру қиын, әрине. Яна портреттерді өте жеңіл салады. Ол бүкіл палитраға жағылған түстік алуандықтан қорықпайды, ең бастысы, бояулардың тасқынын білгірлікпен бағындыра біледі. Мұның өзі суретшінің бойындағы үйлесімділік сезімі мен композициялық өлшемнің туа біткен сыйы екендігі айдан анық. Янаның көптеген кенептерінің техникасы жуықта пайда болған  «жиграф» терминімен, яғни графикалық және көркемсурет элементтерінің үйлесімділігімен анықталады. Аналитикалық өнер шеберлері сияқты, ол кенептің әр тілімін мұқият өңдейді. Аэрографпен немесе оның өзіне ғана белгілі тәсілмен жағылған бояудың ашық шашыраңдыларын айқындап, нақтылап шығарудан жалықпайды. Янаның  бояулы жолақтары - нағыз график-академистердікіндей таңдаулы да жақсы. Яна өзіне - қарапайым көркемдеуші үшін, ақылға сыймайтын еркіндік бере алады. Мысалы, портретке вуаль, пайетка немесе алтын жіптерін түйреп қоюды, неонды түс түрлерінің үйлесімінің ашық бояуларын сатып алуды, қарапайым джинса костюмін  флуоресценттік бояумен әрлеуді өте ретті қолданады. Жарықты сөндіріп, залға кіргенде сондай бояулардың әсерінен суретшінің жұмыстары жарқырап көрініп тұрды. Көрермендерге шеберлік сыныбын өткізіп, көрмесінің ашылуында ол бірнеше абстрактылы суреттер салып, өнерін жиналғандарға паш етті.

Жалпы Яна дарынды ғана емес, ол – өте жайдары, елгезек те еңбекқор адам. Оның көрермендерге, бізге сыйлаған қуанышы үшін музей мамандарының атынан алғыс айтудамыз! Яна өзін поп-арт суретші деп атауда. Әзірше барлығын әдемі кіреукелі түсте көріп отырған Яна Нартоваға өнердегі қайталанбас соқпағын дәл таба білуіне тілектеспіз.

 

Лариса Мартынова,

ШҚ өнер музейінің қызметкері 

2129 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper