Анонс


Жас суретшінің «Жайлау» атты туындысы Ұлттық музей қонақтарының назарына ілікті (ФОТО) Таңдаулы

Сейсенбі, 27 Желтоқсан 2016 00:31
Жас суретшінің «Жайлау» атты туындысы Ұлттық музей қонақтарының назарына ілікті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде жас мүсінші, И.Е.Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркемсурет, мүсін және сәулет институтының студенті Жанна Нөгербекованың «Таң» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Салтанатты шарада сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдин суретші Жанна Нөгербекованың шығармашылығы жайлы айтып өтті.

 «Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі әрқашанда еліміздегі жас суретшілердің өнеріне қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта олардың туындыларын халыққа танытып дәріптейтін көрмелерді ұйымдастырып тұру дәстүрге айналып отыр. Өздеріңіз көріп тұрғандай  бүгін Жанна Нөгербекованың жеке «Таң» атты көрмесін ашқалы отырмыз. Жанна жас та болса бірнеше халықаралық көрмелерге өз туындыларын қойып үлгерді. Бүгінгі көрмеден оның шеберлігінің шыңдалғанын байқауға болады», – деді А.Сатубалдин.

Өз кезегінде суретші Жанна Нөгербекова жеке көрмесін ұйымдастыруға ұйытқы болған Ұлттық музейге алғыс білдірді. Және де, еліміздің бас музейінде көрме өткізу өзі үшін үлкен мәртебе екенін жасырмады. 

Көрме экспозициясын әртүрлі техника және қола мен қағазға дейінгі материалдардан жасалған туындылар құрайды. Қонақтардың ерекше ықыласына ие болған экспонаттың бірі – «Жайлау» туындысында төбеден бір сарынмен түсіп келе жатқан отар қойдың ауада қалықтауы суреттелген. Сол арқылы бұл жалғандағы баянсыз өмір туралы пәлсапалық нақыл баяндалады. Отардың үстінде жәрдемші бала мен шопан қалықтап тұр және алуан түрлі шөптің хош иісі аңқыған даланың самал желі «еседі».

Көрмеге қойылған «Абай» және «Шоқан Уәлиханов» туындылары Жаннаның станокты пластика әдісін шебер меңгергендігін дәлелдейді. Ол жасаған Абай мен Шоқан бейнелері нанымдылығымен және адами сезімнің тереңдігімен бас игізеді.

Жас суретші осыған дейінгі шығармашылық жолында 17 ірі көрмеге қатысып, олардың жартысында жеңімпаз және дипломант атанған. 

4198 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper