Анонс


Дархан Мыңбай Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына ерекше көрме үшін алғысын білдірді (ФОТО) Таңдаулы

Сейсенбі, 11 Қазан 2016 04:14
Дархан Мыңбай Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына ерекше көрме үшін алғысын білдірді (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Маңғыстау облысы музейлерінің «Мұралы Маңғыстау» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме Ұлттық музейдің «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінің және облыстағы басқа да музейлердің ерекше жәдігерлерінен жасақталған көрмеге Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Жұмалиева және ғалымдар мен музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай маңғыстаулықтарға алғысын білдіріп, барша қонақтарды көрменің ашылу салтанатымен құттықтады. «Маңғыстаудың қазақтың тарихындағы орны айрықша. Ешбір ғалым қазақтың өткенін зерттеген тұста Маңғыстаудан айналып өте алмайды. Өйткені біздің негізіміз, біздің мол мұрамыз сол жерде. Дәстүріміз де, тіліміз де, дініміз де сол жерде жақсы сақталғаны анық», – деп көрменің тарихи маңыздылығына тоқталып өтті.

Маңғыстау облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры Тамара Жұмалиева көрме экспонаттарының арасындағы ерекшелеріне тоқталып, шолу жасады. «Музей ісіндегі үлкен жетістік, үлкен табыс – Ұлттық музейдің шаңырақ көтеруі. Ел егемендігімен бірге музейлер де өзінше жаңғырып, жаңарып жатқанда Ұлттық музей Қазақстандағы музей қызметкерлерінің еңбегін жандандыра түсті деп есептеймін. Сондықтан да бұл музей – барша музей қызметкерлерінің тәжірибе алмасып, бас қосатын үлкен ордасы. Қазақ ұлтының дамуына, өркендеуіне, өз болмысын сақтауына, келешек ұрпақтың қазақ тарихынан сусындауына Ұлттық музейдің қосар үлесі мол», – дей келе,  көрмені ұйымдастыруға қолдау білдірген Ұлттық музейдің ұжымына алғыс айтты.

«Мұралы Маңғыстау» атты көрмеге Маңғыстаудың археологиясы, түбектің қазба байлықтары, палеонтологиялық жиынтықтар, орта ғасырлар тарихы және ерте дәуір экспонаттары қойылған.  Сонымен қатар Ұлттық дәстүрлі қолөнер, Маңғыстаудың рухани мұралары мен мұнай игеру барысын баяндайтын жәдігерлер бар. Көрмеде осы өлкеден шыққан  Абыл ақын, Нұрым жырау, Қашаған, Аралбай, Ақтан, Өскенбай, Жылкелді, Досат, Әділ, Шолтаман, Тастемір, Тұрсын, Мұрын жырау тағы да басқа көптеген ұлы тұлғаларға қатысты экспонаттар бар. Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевқа арналған «Ұлы дала Абызы» атты жеке көрме де қойылды. Аталған көрме 7 қарашаға дейін жалғасады.

 

6245 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper