Анонс


Әлемдік мәдениеттегі тұлғалар туралы көрме көпшіліктің көңілінен шықты (ФОТО) Таңдаулы

Бейсенбі, 28 Сәуір 2016 02:05
Әлемдік мәдениеттегі тұлғалар туралы көрме көпшіліктің көңілінен шықты (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Италияның Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Грациано Аричидің «Венеция. Әлемдік мәдениеттегі тұлғалар» халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Көрменің ашылуында сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова Грациано Аричидің жұмыстары туралы айта келе, олардан алған әсерімен бөлісті.  

-Грациано Аричи суретші-документалист ретінде тек Италияға ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге танымал өнер иесі. Сондықтан да бұл көрме себепті екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас арта түседі деп сенеміз. Бүгін көрмеге 150-ден астам мазмұны өте бай шығармашылық жұмыстар қойылған. Оның бәрі Грациано Аричидің ең таңдаулы туындылары. Фотосуреттер кез-келген адамды қуанышқа бөлеп, ерекше әсер сыйлайды. Сол үшін де авторға үлкен алғыс білдіреміз, - деді А.Райымқұлова.

Италияның Қазақстандағы Елшісі Стефан Раваньян суретші Грациано Аричиді көрменің ашылуымен құттықтай келе, оның өткізілуіне жағдай жасаған Ұлттық музейге алғыс білдірді.

-Суретші Грациано Аричиді бүгінгі көрменің ашылуымен құттықтаймын. Осынау шығармашылық жұмыстарға терең үңілсеңіз, керемет күйге бөленесіздер. Өз ісін жақсы меңгерген шебер маманның еңбектері екенін бірден байқайсыздар. Осындай өнер иесінің шығармашылық туындыларын қазақстандықтарға ұсынып отырған Ұлттық музейге үлкен алғысымды білдіремін, - деді С. Раваньян.

Көрме авторы, Италия мәдениетінің ең көрнекті суретшісі Грациано Аричи Астанадан алған әсерімен бөлісіп, қазақстандықтардың қонақжайлығына тәнті екенін жеткізді.

Қазақстанды көптен бері көргім келіп жүрген. Астана қаласы сәулеті жарасқан өте ерекше шаһар екен. Халқы өте қонақжай. Мәдениетті және әркез саған көмектескісі келіп тұрады. Мен әлі де болса осында қалып жұмыс істегім келеді. Ең бастысы мәдениет пен өнерге ерекше көңіл бөлінген. Сондықтан да авторлық көрмемнің Ұлттық музейде өтіп жатқанына өте қуаныштымын, - деді Г.Аричи.

 Айта кетейік, «Венеция. Әлемдік мәдениеттегі тұлғалар» халықаралық көрмесі 22 мамырға дейін жұмыс істейді.

 

4715 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper