Анонс


Ұлттық музей гобелен өнеріне арналған көрмені көпшілік назарына ұсынды (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 22 Сәуір 2016 18:37
Ұлттық музей гобелен өнеріне арналған көрмені көпшілік назарына ұсынды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде танымал суретші, сәндік-қолданбалы өнер бойынша бүкілодақтық және республикааралық көрмелердің жеңімпазы Құттыбек Жақыповтың ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» ретроспективті көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Көрменің салтанатты ашылуында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай гобелен өнерінің ерекшелігіне тоқталып, автордың шығармашылық жұмыстарына табыс тіледі.

Гобелен өнері өзіндік бір әлем. Бұл үлкен біліммен, еңбекпен, ұзақ уақыт төзімділікпен туындайтын өнер түрі.Сонымен қатар гобелен өнері терең философиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Осы салада жүрген суретші Құттыбек Жақыповтың жұмыстарына қарап тұрып, оның туындылары қазақ фальклорынан нәр алғанын түсінуге болады. Сол үшін де құрметтеуге лайықты деп ойлаймын. Авторға шығармашылық табыстар тілей отырып, әрқашан биіктерден көріне беруіне тілектеспін, - деді Д.Мыңбай.

Қазақстан РеспубликасыПарламент Мәжілісі депутаты Абай Тасболаткөрмеге қойылған туындыларға жоғары баға беріп, төл өнердің құндылықтарына тоқталып өтті.

-Барлық жұмыстарды тамашалап жүріп, ерекше әсер алдым. Құттыбек Жақыповтың туындылары қазақылыққа тұнып тұр. Бүгінгі көрменің нәтижесінде мемлекетіміздің өнерге деген қамқорлығы ерекше екенін көруге болады. Кілем тоқу, киіз басу қазақтың ертеден келе жатқан төл өнері. Сол себепті де осындай ұлттық дәстүрімізден сыр шертетін құнды жұмыстарды әсіресе қазіргі жастарға насихаттау керек, - деді А.Тасболат.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрме авторы Құттыбек Жақыпов көрмеге ұсынған шығармашылық жұмыстарына тоқталып, гобелендердің мән-мағынасы туралы айтты.

Көрмеге ең таңдаулы 60-қа жуық жұмыстарымды ұсынып отырмын. Шығармашылық көрмені өткізу үшін көптеген дайындық жұмыстарын жүргіздік.Мен осы сәтті пайаланып, Ұлттық музей басшылығына үлкен алғысымды білдіремін. Қазақтың тоқымасы, киізі, кілемі, текеметі – ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұра болып табылады. Соның барлығын қайта жандандырып, жас ұрпаққа көрсете білуіміз қажет. Себебі бұл туындылардан ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолын көруге болады, - деді Қ.Жақыпов.

Атап айтсақ, көрмеге автордың «Мәңгілік ел», «Дала», «Көктем», «Атамекен», «Күрес», «Күз», «Тал түс», «Ордабасы», «Ашулы бұқа», «Жекпе-жек» т.б. туындылары қойылды.Бұл туындыларда оңтүстіктің ашық аспаны, жарқыраған күн нұрымен өскен көк майсасы, ертегілер мен дастандардың ғажайып әлемі көрініс тапқан.

Көрме 22 мамырға дейін жалғасады.

 

Жаңалықтарымызды инстаграмдағы парақшамыздан да оқуға болады: @kazmuseum.kz 

5490 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper