Анонс


Орталық музей «Айшықты түстер әлемі» атты көрмені ашады

Бейсенбі, 21 Сәуір 2016 18:56
Орталық музей «Айшықты түстер әлемі» атты көрмені  ашады KAZMUSEUM.KZ -  

Алматыдағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2016 жылдың 22 сәуір күні, сағат 16.00-де  «Көк-айшық» бейнелеу өнері студиясымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен «Көк-айшық» студиясының 30-жылдығына арналған «Айшықты түстер әлемі» атты көрмені  ашады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.                                          

Мәдени-білім беру ісі барысында музей Қазақстанның белгілі суретшілерінің көрмелерімен қатар түрлі бейнелеу өнері студиялары, көркемөнерге бейім мектептер, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттар тәрбиеленушерінің жұмыстары көрмелерін өткізіп келеді.

Осы жолы музей бейнелеу өнері мен сәндік-қолданбалы өнер сүйер қауым үшін «Көк-айшық» студиясында білім алушылардың жұмыстарынан құрылған көрмені ұсынады. Оқу үдерісі көркемөнерлік дағдыларды қалыптастыруға, өнер туындыларын түсініп-түйсінуге, шығармашылықты жетілдіруге бағытталған. Көркемдік білім беру курсы графика, көркемөнер, кеңістіктік композиция сынды үш негізгі пәндерді қамтиды. Бейнелеу өнерінің негізгі түрлері, жанрларымен танысу балаға көркемдік істегі өз әлеуеті мен бағытын анықтауға мүмкіндік береді.

«Көк-айшық» студиясы шәкірттерінің жұмыстары аудандық, республикалық және халықаралық көрмелерге (Финляндия, Қытай, Түркия, Украина (Киев, Херсон), Ресей (Мәскеу) қатысқан, мәселен, жақында Samsung компаниясы ұйымдастырған «Алматының орнықты көлігі» атты ультразаманауи байқау-көрмеде жүлделі орынға ие болған.  Студия үйренушілерінің жұмыстары диплом, мадақтама және құнды сыйлықтармен марапатталған. Кейбір студия түлектері көркемдік мектептерде, сонымен бірге Қазақстан Республикасы және шет елдердегі көркемөнер бағытындағы жоғарғы оқу орындарында оқуын жалғастыруда.

Балалар бейнелеу өнерімен айналысу арқылы қоршаған орта, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыру, эстетикалық қасиеттері мен ішкі «Менін» дамытады. Бейнелеу өнері және сәндік-қолданбалы өнермен танысу, сонымен шұғылдана отырып, көркемдік талғамын қалыптастыру әрі балаға өмірдің әсемдігін көріп, көргенін түсініп, сезінуді үйретеді.

Көрмеге аталған студия шәкірттерінің 500-ге жуық жұмыстары қойылады. Балалардың жұмыстарында пастель, тушь, акварель, гуашь, қарындаш, пуантилизм, аралас техника тектес түрлі техника мен материалдар қолданылған.

Көрмеде жануарлар мен өсімдіктер әлемі, адамдар, басқа да заттар мен өрнектер, пейзаждар, натюрморттар, сюжеттік картиналар сынды түрлі тақырыптағы картиналарды тамашалауға болады.

Көрме ашылуында қонақтар мен қатысушылар үшін көркемөнерпаз балалардың концерті ұйымдастырылады.

 

Көрме 2016 жылғы 6 мамырға дейін жалғасады.

Анықтама телефондары: ҚР МОМ  264-46-50, 264-55-66 

4756 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper