Анонс


Павлодар облысының музейлерінде 2016 жылы 763 көрме өтеді

Дүйсенбі, 22 Ақпан 2016 14:01
Павлодар облысының музейлерінде 2016 жылы 763 көрме өтеді KAZMUSEUM.KZ -  

Павлодар облысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында маңызды мәдени шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Айнұр Сәрсенбаеваның айтуынша, осы жылы өңірдің музейлерінде 763 көрме, 1400 дәріс және 3500 экскурсия өткізу жоспарланған.

«Биылғы жыл еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін маңызы зор айтулы оқиғаларға толы. Осы оқиғалардың негізгісі мемлекетіміздің жаңа тарихындағы ерекше дата ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Жалпы, республикалық және облыстық деңгейде атап өтілетін шараларды ретке келтіру мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі алғаш рет 2016-2020 жылдары атап өтетін мерейтойлық және атаулы күндер тізбесін бекітті. Басқарманың жоспарын жасау барысында осы құжат негізге алынды. Жоспарымызда тарихи, рухани және мәдени маңызы бар оқиғалар, мерейтойлық және атаулы күндер, еліміздің және облысымыздың қалыптасуы мен дамуына, мәдениетінің өркендеуіне аса зор үлес қосқан жазушылар мен ақындардың, ғалымдардың, мәдениет пен өнер майталмандарының, саяси қайраткерлердің мерейтойлары және атаулы күндері қамтылған» - дейді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, Ертістің Павлодар өңірінен шыққан аса көрнекті тұлғалар Кәукен Кенжетаев, Ермұхан Бекмахановтың мерейтойлары республикалық жоспарға енгізілсе, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміз – Кеңес Одағының батырлары К.Семенченконың 120-жылдығын және Қ.Сұрағановтың 95-жылдығы белгілі ақын-жазушылар: З.Ақышев, К.Кемеңгеровтің мерейтойларын өткізу шаралары облыстық деңгейде аталып өтетін іс-шаралар қатарынан орын алды. Осы жылы облыс көлеміндегі бірнеше мәдениет мекемесінің мерейтойлары аталып өтпек. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың 120 жылдығы, Славян мәдени орталығының, Шафердің және Д.Багаевтың музей-үйлерінің 20 жылдығы, Майра Шамсутдинова атындағы ән шығармашылығы үйінің 15 жылдығы аталып өтеді. Бүгінде облыста 546 мәдени мекеме бар. Дәлірек айтсақ, 281 кітапхана, 234 клуб мекемесі, 17 көшпелі мәдени кешен, 10 музей, 2 театр және 1 филармония бар. Бұл ошақтарда былтыр 13 мыңға жуық шара ұйымдастырылған.

 

2733 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper