Анонс


Құралай Үмбетованың «Тыныштық» атты жеке көрмесі ашылды

Бейсенбі, 18 Ақпан 2016 01:13
Құралай Үмбетованың «Тыныштық» атты жеке көрмесі ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Алматы қаласы Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көрме залында жас, әрі республикамызда танымал, дарынды суретші Құралай Үмбетованың «Тыныштық» атты жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі. 

Құралай Жәңгірқызы - республикалық жастар көрмелері мен байқауларының белсенді қатысушысы, «Жігер» Халықаралық жас суретшілер фестивалінің лауреаты,  «Тыныштық» көркем тумасы үшін «Шабыт» сыйлығының иегері.

Көрмеде кескіндеме, графика ұсынылған. Картиналарда шынайы әлемнің көп өлшемділігі мен көп мағыналылығы, адамның үнемі ауысып отыратын көңіл-күйі көрсетіледі.   Ішкі түйсікке, бейнелі техникамен, форма пластикасымен тәжірибе жасау ынтызарына, шығармашылықтағы модернизм эстетикасына қалт етпес назарына сүйенетіні де осыдан.

Ойлау символизмі Кұралай Үмбетованың ең алғашқы жұмыстарынан-ақ көрініс тапты. Алайда стилистикалық суреттер сюрреалистикалық көрініс формаларына жақын.  Ал түсті гамма – бұл  ізденістер мен тәжірибелер алаңы деуге болады. Сурет өнерінің тілімен айтқанда дәстүрлі академиялық классикадан, импрессионизмнен, постимпрессионизмнен неомодернистік формаларға дейінгі аралықты қамтиды.

Жас суретші өз туындыларында өмірлік кезеңдердердегі «өсу сәттерін» жеткізуге, осы жолдағы рухани талпынысы мен рухани құлшынысын жеткізуге ұмтылғанын байқауға болады. Көшпенділердің «генетикалық бағдарламасын» және қазіргі өмір ағынының құбылмалылығынан болатын  мәңгі өзгерісті мойындағандығы аңғарылады. Ал қайталауларға соқтықпай, сара жолды таңдап алатындығы көрінеді.

Шығармашылық жолдағы ізденіс Құралай Үмбетованың бірегей мамандығы емес. Ол сонымен қатар Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ң үлгілі аға оқытушысы болып еңбек етіп жүр.

 

Суретте: Автордың "Кездесу" атты туындысы. 

 

 

5744 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper