Анонс


«Тарихи фотосуреттер» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО) Таңдаулы

Жұма, 22 Қаңтар 2016 16:08
«Тарихи фотосуреттер» байқауының жеңімпаздары марапатталды (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде  «Тарихи фотосуреттер» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, аталмыш  байқауда әр аталым бойынша жеңімпаз атанған Қанат Нұртазин, Вадим Мударисов және Мақсат Шағырбаев сынды фотографтардың  көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі ҚР Ұлттық музейінің ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

«Тарихи фотосуреттер» байқауының ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі.  Фотографтар байқауы 2015 жылғы ақпан айы мен 30 қазан аралығында өткен болатын. Байқау «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Жеңістің 70 жылдығы», «ҚР Конституциясының 20 жылдығы» және «Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы» деген номинациялар бойынша өтті.

Байқау қазақ тарихының аса маңызды оқиғаларына қоғам назарын аудартуды және жас ұрпақтың туған елінің болашағы мен төл тарихына деген құрметін арттыруды көздеді.

Байқауға барлығы 27 фотограф өз жұмысын  ұсынды. Мұнда кәсіби және әуесқой  фотографтарға бірдей мүмкіндік берілді.  

- Өткен жыл айтулы даталарға толы жыл болды. Осыған орай біз республикалық фотобайқау жарияладық. Бұл байқау белгілі бір тақырып аясымен шектеліп қалған жоқ, мұнда Қазақстанның тыныс-тіршілігі жан-жақты қамтылып, қас-қағым сәттердің барлығы фототарихқа айналды, -  деді Ұлттық музей  директоры Дархан Мыңбай.

 Cөз арасында ол Ұлттық музей еліміздің рухани, мәдени өміріне белсенді атсалысуын жалғастыра беретінін баяндады. 

 - Ұлттық музей алдағы уақытта да фотобайқау өткізеді. Бір байқағанымыз, бізге әлі де болса фотоөнер саласын дамыту және фотоөнерге деген қызығушылықты арттыру қажет. Бізде кәсіби фотографтар көп. Олар Қазақстанды шет мемлекетке жаңа қырынан таныту әлеуетіне ие. Біз тарихы терең, сиқыры мол өнер иелеріне қолдау көрсете беруіміз керек. Өйткені олар тарихты таңбалап, тарихты жазып жатыр, - деді музей басшысы.

Осыдан соң Д.Мыңбай  қазылар алқасының шешімімен «Қазақ хандығының 550 жылдығы» аталымында топ жарған Назарбаев университетінің әкімшілік қызметкері, әуесқой фотограф Қанат Нұртазинге, «Жеңістің 70 жылдығы» аталымында «жүзден жүйрік»  деп танылған Петропавл қаласындағы «Солтүстік Қазақстан» баспаханасының фототілшісі, кәсіпқой фотограф Вадим Мударисовқа сондай-ақ   «Конституцияның  20 жылдығы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» аталымында ешкімге дес бермеген  «Оңтүстікфильм» мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары, кәсіпқой фотограф Мақсат Шағырбаевқа алғыс хат пен қомақты қаржылай сыйақы  табыс етті. Сыйлыққа лайық деп табылған фотосуреттер төменде беріліп отыр:

«Қазақ хандығының 550 жылдығы» номинациясы бойынша жеңімпаз болып табылған фотосурет. Авторы Қанат Нұртазин. 

«Жеңістің 70 жылдығы» номинациясы бойынша жеңімпаз болып табылған Вадим Мударисов түсірген сурет. 

«ҚР Конституциясының 20 жылдығы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған Мақсат Шағырбаевтың жұмысы. 

«Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылған жұмыс. Авторы Мақсат Шағырбаев. 

Айта өтейік, Ұлттық музейде жеңімпаз авторлардың өзге де фотосуреттерінен құралған фотокөрме ашылды. Көрме 22 ақпанға дейін жұмыс істейді. 

 

 

 

4782 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper