Анонс


Қожа Ахмет Яссауидің құнды кітабы қайда?

Дүйсенбі, 01 Маусым 2015 14:37
Қожа Ахмет Яссауидің құнды кітабы қайда? KAZMUSEUM.KZ -  

Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» еңбегінің қолжазба нұсқасы 2011 жылы  Көкшетау қаласындағы «Әдебиет және өнер» мұражайынан табылған. Бұл көкшеліктерге зор мәртебе, қуаныш сыйлаған еді. Бірақ, сол кітаптың басы жақсы басталып, арты белгісіз кеткеніне алаңдап осы музейдің  директоры Нұрбек Нұралинге жолығып, сөзге тарттық.

- Сіз басқарған музейден 2011 жылы Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет» еңбегі табылып, әдебиетші қауым арқа-жарқа болып едік. Сол еңбек қазір қайда және не күйде?

-Алдымен бұл еңбектің қалай табылғанына тоқтала кетейін. Осы «Әдебиет және өнер» музейі 1989 жылы құрылады. Музей орналасқан құрылыс басқа меншікке өтіп, музейдегі өнер туындылары В.Куйбышев атындағы қалалық  өлкетану музейіне көшіріледі.  Жәдігерлерге орын жетіспеді. Әсіресе, арабша оқитын адам болмағандықтан арабша жазылған кітаптар керексіз қалды. 2009 жылы музейді қайтадан тірілтуге мұрындық болдым. Шағын ғимарат тауып, сонда орналасып, ес жидық.   Бұл қолжазбаны  Шығыстану институтының  директоры Әшірбек Муминов ел аралап, құнды заттар жинап жүріп, осы  музейдегі сирек кітаптарды ақтарып көріп, алғаш «Диуана хикмет» деген болжам жасайды. Артынан қайта соғып нақтыламақ болды. Бірақ, қайта іздемеді. 2011 жылы бұл мәселені қайта көтердік. Алматыдағы біраз біледі деген адамдарға көрсеттік. Нақты дерек болмаған соң,  қолжазбаны Астанаға әкеліп түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлына көрсеттік. Ол кісі түріктанушы Иманғазы Нұрмұхаметұлына жолықтырды.  Олар бір күн ішінде қолжазбаның бір бетке жуығын аударды.  Қолжазба расында Қожа Ахметтің «Диуани хикмет» еңбегі екені дәлелденді. Иманғазы Нұрмұхаметұлына қолқа салып, қолжазбаны қазақ тіліне аударттық. Бастыруға қаржы да таптық. Қаржыны белгілі меценат Паң Нұрмағамбеттің тікелей ұрпағы «Оң – олжа» компаниясының президенті Нәбиев Марат шығарды. Бұл бауырымызға ел атынан алғыс айтам. Қазір «Фолиант» баспасында басылып жатыр. Кешікпей жарыққа шығып қалар.

- Іске сәт. Нұрбек мырза!  Кітап жарық көрген соң,  қалай пайдаланасыздар, қандай қажеттілік туындайды?

—  Біздің мақсат кітапты аударып, бастырып дайындап, музейде  құнды жәдігер ретінде сақтаумен қатар, Ұлы ойшыл бабамыздың хикметін насихаттап елге таныту. Біздікі тек аударту ғана. Аударманы ғалымдар, ішкі мағыналы сөздеріне үңіліп зерттейді деген үміттеміз. Тарихшылар, дін зерттеуші, өнер зерттеуші ғалымдарға ұсынамыз. Олар кәдесіне жаратар. Ол  ғалымдар мен уақыт еншісінде…

Қолжазба қайдан, қалай келіп, қалай сақталғаны  жайлы сұрағымызға, музейдің қор бөлімінің меңгерушісі Қожахметова Сара Құзайпақызының жауабы:

«Музей алғаш ашылғанда, музейді алғашқы ұйымдастырушылар Мариям Кенжеахметова, Карим Ілиясова ағалар, ел аралап, өнер туындыларын, кітаптар жинаған. Бұл кітаптар араб алфабитімен жазылғандықтан, оқитын адам болмай, құран кітаптар деп, тізімдей берген. Негізі, бұл қолжазба қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының  Айыртау, Рузаевка аудандарынан әкелініпті. Себебі, арабша жазылған кітаптардың барлығы, осы ауданның ауылдарынан әкелінгені тізімде байқалады. Бұл екі аудан кезінде Көкшетау облысына қараған. Мен осы музейге 1990 жылдан істеймін. Ғимарат болмай біраз көштік. Кітаптарға қарауға мұрша болмады. Дінді жете білмесек те арабша жазылған кітаптарды «Құран кітап» деп, ұғып, көбіне орап, шымқап, аяққа бастырмау жағын ойлап, шамамша сақтаған болдым. Сөйтіп, жүргенде соның бірі, осылай құнды жәдігер болып шықты. Бұл, қолжазбамен қатар келген құран кітаптар қазір көрмеде тұр. Бізде біраз құнды жәдігерлер бар» дейді, меңгеруші ханым.

 

Дахан Шөкширұлы Жәмші,

 

журналист


 

Ақпарат ult.kz  сайтынан алынды. 

 

3497 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper