Қабанбай мен Тоқтамыс батырларға қатысты жәдігерлер табылды

Бейсенбі, 04 Желтоқсан 2014 18:30
Қабанбай мен Тоқтамыс батырларға қатысты жәдігерлер табылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қаракерей Қабанбай мен Тоқтамыс батырларға қатысты жаңа жәдігерлер белгілі болды. Бұл туралы бүгін Астанада Аңырақай шайқасының 285 жылдығына арналған дөңгелек үстелде ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Қайыржан Ғизатұлы мәлімдеді.

«Қазақтың тарихына қатысты көптеген дүниелер ашылған жоқ. Әлі біраз зерттеулер қажет. Ұлттық музей осы олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс істеуде. Таяуда біз Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылынан Қаракерей Қабанбайдың найзасы табылды. Ұрпақтары осы күнге дейін сақтап келген екен. Найзаның ұзындығы 3 метрден асады. Сабының жуандығының өзі адамның бір қолымен ұстауына қиын. Осыдан-ақ бабаларымыздың алып тұлғалы болғанын біле аламыз», - деді Қ.Ғизатұлы. 

Музейдің ғылыми қызметкерінің айтуынша, Шәкәрім поэмасының кейіпкері – Тоқтамыс батырға қатысты жәдігерлер де ел назарына белгілі болып отыр. 

«Арғынның ішіндегі Тобықты руында Тоқтамыс деген батыр болған. Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасындағы «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы, Жуан таяқ Тоқтамыс . . .» деген жолдары осы Тоқтамысқа арналады. Бүгінгі күнің оның ұрпақтарынан батырдың байрағы мен қылышы табылып отыр. Бұл біздің тарихымыз үшін өте керемет дүние! Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында тұратын ұрпақтары осы жәдігерді Ұлттық музейге тапсырса дейміз», - деді ол. 

Өкінішке қарай, тарихи тұлғаларымыздың ұрпақтары аталған жәдігерлерді музейге тапсыруға құлықты емес. Кейбіреулері тіпті жәдігерлерді халық назарынан тыс ұстағанды жөн санайды. 

«Көбінесе батырлар мен билердің ұрпақтары оларға қатысты жәдігерлерді музейлерге бергісі келмейді. Ұрпақтары мұны тәбәрік деп атайды. Тәбәрік етіп сақтап, елдің назарына да көрсете бермейді. Біле білген адамға бұл жәдігерлер ұлттың тәбәрік ететін дүниесі. Ел көрсін, білсін, музейге қойғанымыз дұрыс», - деді Қ.Ғизатұлы.

3168 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper