Анонс


Г.Шалабаева: Баки Урманченің Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі зор

Дүйсенбі, 30 Қазан 2017 15:12
Г.Шалабаева: Баки Урманченің Қазақстанның бейнелеу өнеріне қосқан үлесі зор KAZMUSEUM.KZ -  

Татарстан Республикасы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейінің «Хазине»Ұлттық көркемсурет галереясында суретші Баки Урманченің туғанына 120 жыл толуына арналған «Шығармашылық кемеңгері Баки Урманче: Еуразиялық контекст» атты халықаралық конференцияда  Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінен музей директоры, профессор Гүлмира Шалабаева мен музейдің менеджмент және сыртқы байланыс орталығының жетекшісі Клара Исабаева көпшілік алдында сөз сөйледі.

  Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ директоры Гүлмира Шалабаева өз сөзінде «Урманченің сан қырлы шығармашылық мұрасы Қазақстан бейнелеу өнері тарихының маңызды беттерін құрайды. Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде автордың 24 туындысы ұқыптап сақталуда. Олардың ішінде шебердің 1929 жылдан 1958 жылға дейін жасаған 11 кескіндемелік, 11 графикалық және 2 мүсіндік туындысы бар. Француз импрессионализмін, көптеген көркемдік тілдерді игерген, ұлттық рухын сақтауда Еуропаның көркемдік тәжірибесін игеру жолынан өткен шебердің аймақтық ахуал жағдайында көрінуі жергілікті мектептің дамуына әсерін тигізбей қоймады.

Баки Урманче 40-жылдардың басында Қазақстанда болды, бұл бейнелеу өнері кәсіби мектебінің негізгі іргетасы қаланып жатқан кез болатын. Бұл – маңызды оқиға» деп атап өтті.

    РКФСР халық суретшісі, ТАКСР халық суретшісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген суретшісі, Ғабдолла Тоқай атындағы сыйлықтың лауреаты Баки Урманче – жоғары кәсіби білім алған бірінші татар суретшісі. Бұлар алғашында Қазан көркемсурет шеберханалары (1919), кейіннен ЖКТШ (Жоғары көркемсурет-техникалық шеберханалары) болды. Ол татар кәсіби көркемсурет білімінің бастау көзінде тұрды. Оның күрделі шығармашылық тағдырына 20 ғасырдағы шиеленіс пен қайғыға толы оқиғалар өз ізін қалдырды.  1936 жылы Мәскеудегі оқуын аяқтағаннан кейін Қазанға қайтып оралады да, көркемсурет мектебінде оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі және басшысы болып қызмет етеді, өзінің жеке картиналарын жазады, көркемсует-қыш шеберханаларын ұйымдастырады, мақалалар жазып, дәрістер оқиды. 1929 жылы Баки ұлтшыл деген айыппен сталиндік қуғын-сүргіннің қармағына ілінеді де, бес жылға Ерекше мақсаттағы Соловки лагеріне (СЛОН) айдалады. Соловкиден оралғаннан кейін Мәскеуге көшіп келеді. Сонда оны КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылдайды.

    1941 жылы Баки Урманчені Алматыға шақырып, Абайдың 100 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі комитет оған кескіндеме мен графикадан жұмыс тапсырады. Содан ол 1956 жылға дейін Алматыда қалып қояды. Суретші осында сол кездегі ең үздік кескіндемелік және графикалық туындыларын жазды: Абайдың, Амангелдінің, Әуезовтің портреттері, картиналар, пейзаждар, натюрморттар және т.б.  Ол Қазақстанның бейнелеу өнерінің дамуына қомақты үлес қосты. Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ коллекциясында оның жұмыстары аз емес, солардың ішіндегі республикамыздың көптеген табиғи кен орындарын ашқан, аты аңызға айналған академик Қаныш Сәтбаевтың портреті Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінің тұрақты экспозициясын толықтырып тұр.

 «Хазине» Ұлттық көркемсурет галереясындағы Баки Урманченің галереясында өткен конференцияның пленарлық отырысынан кейін суретшінің музейлік және жеке коллекциялардан «Мен өз жұмыстарымнан ғана ләззат аламын» атты ретроспективтік көрмесі ашылды. Көрменің  көңілге қонымды, әсерлі бөлігін суретшінің Қазақстан кезеңінде дүниеге әкелген Шара Жиенқұлованың және т.б. портреттері, Алматы, Гурьев пен Балқаш пейзаждары, натюрморттар және т.б. жұмыстары құрады.

Айта өтейік, конференцияға Татарстан, Қазақстан, Дағыстан, Молдова, Мәскеу, Санкт-Петербург және Новороссийскінің алдыңғы қатарлы ғалымдары қатысты.

 

Клара Исабаева,

Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ баспасөз орталығының жетекшісі

18027 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper