Орал тұрғындарының есімдері Ұлттық музейдің «Алғыс тақтасына» жазылатын болды Таңдаулы

Сәрсенбі, 03 Мамыр 2017 02:57
Орал тұрғындарының есімдері Ұлттық музейдің «Алғыс тақтасына» жазылатын болды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен Орал қаласында «Ұлттық музейге сый тарту» атты республикалық акция өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Аталған акцияға Ақ Жайық өңірінен шыққан Дина Нұрпейісова, Мәншүк Мәметова, Сатан Арыстанов, Ахмет Дауылбаев, Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Шамғон мен Тілес Қажығалиевтер, Мәжит Жаданов, Тұяқберді Шәмелов сынды ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қатысып, отбасылық мұрағатта сақталған жәдігерлерін музейге сыйға тартты. Сонымен қатар акцияға Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева, композитор Ескендір Хасанғалиев, еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдин, ақындар Шолпан Қыдырниязова мен Дариға Мұштанова, күйші Ермек Қазиев, режиссер Сердок Қажымұратов, дәстүрлі әншілер Сағдат Рахметжанов пен Сәуле Таудаева да қатысты. Рио Олимпиадасында еліміздің намысын қорғаған спортшыларымыз Данияр Елеусинов пен Екатерина Ларионова да акцияға атсалысты. Бұдан бөлек Оралдық қылқалам шеберлері – Қайыр Оразғалиев, Василий Антонович Сумароков, Қуандық Мәдіров, Ерғали Бекешов, Бақытқали Оразов, Асхат Әбдешев, Хайдар Шаблиев, Қадыржан Нығметовтер де өз туындыларын музей қорына тапсырды. Оралда өткен акцияға 28 азамат қатысып, музей қоры 270 жәдігермен толықты.

Алдағы уақытта акциясы барысында жиналған жәдігерлерден музейде арнайы көрме ұйымдастырылады және сый тартушылардың есімдері ҚР Ұлттық музейінің «Алғыс тақтасына» жазылатын болады.

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы 2015 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған. Осыған дейін Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Қостанай қалаларында  ұйымдастырылды. Шараның мақсаты – ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлтымыздың ірі тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу.

 

 

 

Фото: mustvisit.world

 

 

365 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper